Күрес түрлерінен Қырғызстанның астанасы — Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасында барлық салмақтағы үздіктер анықталды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.
Кеше спортшылар қалған бес салмақта сынға түсті. Ұлттық құраманың спортшылары соның екеуінде жүлдені жеңіп алды.
Анастасия Панасович 72 кг дейінгі салмақта қола медаль үшін күресте өзбекстандық Озода Зарипбоеваны таза жеңді. Сонымен қатар Лаура Алмағанбетова үшінші орын үшін белдесуде (57 кг) қырғызстандық Сезім Жұманазаровадан айласын асырды.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатын төрт қола медальмен аяқтады. Кеше Диана Каюмова (59 кг) мен Эльмира Сыздықова (76 кг) қола жүлде алған болатын.