• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Әкемнің әлемі

    Қазір қолыма қалам алып, қарап отырсам ешқашан әкем туралы естелік жазамын деп ойламаппын.  Оның арамыздан тез кететінін кім ойлаған?! Ешкім де ойламаған еді. Біраз жасқа келіп, жақсы қартаюын тілеп жүретінмін. Бәріміз де солай әкемнің амандығын тілеп жүретін едік. 

    Әкем астанаға қызмет бабымен жиі келіп тұратын. Енді міне, оның Астанаға келмегеніне бір жылдай уақыт болды. Біз Астанада болсын, басқа жерде болсын, жақсы сырласып, бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Ол мені балам деп қана емес, жақын досындай, туған інісіндей көретін.

    Мен Алматыда тусам да 10 жасыма дейін атам мен әжемнің қолында өскенмін. Қазір ауылда өткізген сол бал-дәурен балалық шағым еміс-еміс есімде. Әсіресе, 1 класқа барғанда әкемнің төр бөлмеде малдас құрып, жазу-сызуды үйреткені есімде қалыпты. Бірақ, мен ауылда көп оқыған жоқпын. 1988 жылы апам екеуміз (әжем Ұлмекен Төленқызын осылай айтатынбыз) Алматыға барып, үймен танысып, көріскен соң, сол жақта біржолата қалып қойдым. Алматыда қаламын деген ой да мүлдем болған жоқ. Кейін білсем, әкем мені өз ұясында қалдырғысы келген екен ғой. Қазір соған да міне, 30 жыл өтіпті. Осы уақытта біз ол кісінің жақсы қасиеттерін ғана көріп өстік. Оның балаға, туған-туысқа, бауырға деген мейірімін ғана көрдік. Ол өте парасатты, мейірімді еді. Жастайынан ерте есейгендіктен бе, бізге ешқашан ұсақ-түйек әңгіме айтпайтын. Тек ірі сөйлейтін. Ал әкемнің дос-жаранға адалдығын, жұмысқа берілгендігін, адамға қамқорлығын айтсам, оның бәрі бір бөлек әңгіме.

    (Көкем Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Кенжалыұлы)

    Әкемнің қамқорлығы мен көмегін алдына келген адамның бәрі сезінетін. Ол ешқашан ешкімнің бетін қайтармай, бәріне қолдан келгенше көмектесетін. Өйткені, бұған оны өмірдің өзі үйреткен. Әкем бала кезінен үйдің тұңғышы болған соң бауырларына бас-көз болып өсті. Кейін Алматыға барғанда ауылдағы үйге көп көмектесіп тұрған екен. Апамнан оның стипендия, айлық алса содан ақша жіберетінін еститінмін. Сондай кезде әжем әкемнің Алматыға оқуға түсіп, жұмыс істеп жатқанына мақтанып отыратын. Апамның өзі 14 құрсақ көтерген еді. Әкемнен кейін Бейсенбек, Дүйсенбек, Ғалияш, Мәрияш, Жұмағазы, Зәлияш, Сәнияш, Фараби, Еркебұлан, Айнаш, Гүлбаһрам, Гүлбаршын мен Дәурен деген інім болған. Осылардың ішінде Бейсенбек пен Дүйсенбек ағаларым, Мәрияш пен Айнаш тәтем, Дәурен інім өмірден ерте кетті. Бір үйден осыншама адамның өмірден өтуі ата-әжеме, әкеме оңай тиген жоқ. Әкем соны ойлап үйдегі бар қиыншылықты мойнына алып, бауырларын құшағына басып жүрді. Ал 1990 жылдардың басында апам мен көкем араға бір жыл салып өмірден өткенде ауылдағы іні-қарындастарын Алматыға көшіріп әкелді. Ол кезде елдің жағдайы мәз емес еді. Ауылда жұмыссыздық, Торғай облысының біресе ашылып, біресе жабылып жатқан шағында халық шын мәнінде есеңгіреп кетті. Ауыл түгілі, Арқалық сияқты облыс орталықтарының жағдайы қиын болғанын білесіздер. Міне, сондай қиын қыстау кезде ол бауырларына әкенің орнына әке болып, қамқоршы аға бола білді. Апамның өзі көзі тірісінде әкемді «ол менің маңдайымның жұлдызы ғой» деп айтып отыратын.

    (Апам «Ардақты Ана» Алтын жұлдызының иегері Ұлмекен Төленқызы)

    Жаңа әжемнің 14 құрсақ көтергенін айттық. Кезінде ол осыншама баланы өсіріп, тәрбиелегені үшін «Ардақты Ана» Алтын жұлдызының иегері атанған. Ал көкем Омар Кенжалыұлы Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Біздің әулетте көкем ғана емес, арғы атам Кенжалы Жалмағамбетұлы, оның інілері Сералы, Ералы,  Оспан, Қали, Кенжебай деген аталарым да соғысқа қатысқан. Арғы атам Кенжалының анасы Бəтима әжем осының бәрін уайымдап өткен екен. Ол соғысқа барлығын шығарып салған соң, енді кезек өзінің немересі, менің атама келгенін естігенде сол уайымнан қара жолда құлап, содан төсек тартып, тұра алмай қалыпты. Әкем соның бәрін білетін. Ол маған аталарымыз туралы жиі айтатын. Олардың бәрі хат таныған, оқыған, сауатты болған дейтін.

    Әкем 1994 жылы Төлек Жәуке батырдың 175 жылдық мерейтойын өткізуге де белсене атсалысты. Содан кейін «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» кітабын жазып шықты. Қазір осы кітап Торғайдың әрбір азаматының іздеп жүріп оқитын, ал Төлек руынан тарайтын ұрпақ үшін үйінің төрінен табылатын еңбекке айналған.

    Жалпы, әкемнің ел-жерге, халыққа деген еңбегін бәрі біледі. Оның халыққа қызмет еткен жұмысы – өзі жастайынан таңдаған журналистика саласы болатын.  Жастайынан дегенім, папамның кластасы Бейсенбек ағамен бір сөйлескенімде, жан досының балалық шағы туралы айтқаны есімде қалыпты. «Сенің папаң өте зерек болып өскен. Біз барлығымыз ойнап жүргенде ол арамыздан суырылып шығып, төбеге қарай жүгіретін. Сөйтіп, төбеге шыға сала «Мен өскенде үлкен жазушы, журналист боламын», деп жан-жаққа жар салатын», деген еді. Міне, «Болар бала он бесінде баспын дер, болмайтын бала жиырма бесінде жаспын дер» дегендей папамның да бала кезінен алдына үлкен арман, мақсат қойып өскенін көруге болады. Сол арман мен мақсат оны кейін ару Алматының ҚазМУ-не жетеледі.

    (Әкемнің балалық шағы. Ортада отырған әкем)

    Ал осы оқу орнында әкем алдымен өзінің өмірлік серігі – менің анам Əлима Əбдірахманқызымен танысты. Əкем журналистика, шешем филология факультетінде оқыды. Екеуі көп ұзамай көңілдері жарасып, үйленді. Содан бері мамам əкемнің курсымен біте қайнасып кетті. Папам шешемді өте қатты сыйлайтын еді. Анам да оның қадірін білді. Екеуі өмір бойы бір-бірінің қас қабағына қарап жүрді. Әкем маған үнемі мамама ризашылығын білдіріп отыратын. «Сенің мамаңа ризамын, балам. Бүкіл қиыншылықты бірге көрдік. Өмірдің ыстығына да, суығына да шыдап келеміз. Мамаңмен хабарласып, жағдайын біліп тұр. Жарай ма?», деп айтатын. Осыны ол соңғы кездері Астанаға келген сайын жиі айтып кетті.

    Анам әкемді өте жақсы түсінетін. Оның жұмысына да түсіністікпен қарайтын. Мамам өзі көп сөйлемей, әрбір істе әкемді қолдап жүретін. Екеуі бір шаруа шықса бәрін ақылдасып шешіп отыратын. Шешемнің өзі де жазу-сызуға жақын болып, баспа саласында қызмет етті. Əуелі Парламентте, одан кейін «Атамұра» баспасында жұмыс істеді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданында туған. Бұл киелі де қасиетті жерден қазақтың талай мықты тұлғалары түлеп ұшқан еді. Солардың бірі туған ағалары Батырбек пен Сауытбек Абдрахмановтар болды.  Сауытбек аға елімізге белгілі қоғам қайраткері, жастайынан қолына қалам ұстап, журналистиканың биік шыңына шыққан қазақтың аптал азаматы. Ол кісі де ҚазМУ-де оқыды.

    (Әкемнің 1976 жылы анамды салған суреті)

    Əкем осы университеттің қабырғасында өмір бойы жақсы араласқан достарын кездестірді.  Қазірде біз солармен ағалы-інілі болып сыйласып келеміз. Папам негізі, көпшіл еді. Ешкімнің бетін қайтармай, бәріне көмек қолын созатын. Оны осы кітапқа естелік жазатын адамдар айта жатар. Өйткені, ол елге жақсылық жасаса ешкімге айтпай жасайтын.

    Жаңа әкемнің курстастарымен соңына дейін жақсы қарым-қатынаста болғанын айттым ғой. Әкемнің курстас дегенде жаны қалмайтын еді.  Әсіресе, ол Болатбек аға Ормановпен өте жақсы дос болды. 2007 жылы Болатбек ағамыз қайтқанда қазаны өте ауыр қабылдады. Бертінге дейін жан досын аузынан тастамады. Папам Астанаға келсе «Қайран, Бөкең! Қайран, Қошан! Өмірден ерте кеттіңдер ғой», деп айтып жүретін.  «Қошан» дегені өзімен бірге оқыған Қошан ағамыз. Ол да Болатбек ағадан кейін көп ұзамай бақилық болды. Әкем осы екі досын қатты сағынды. Басқа да ерте қайтқан курстастарын есінен шығармайтын. Соларға деген сағыныш сезімін көрсетіп қалатын.

    (Отбасымен. Астана. 2002 жыл)

    Папам басқа да жора-жолдастарымен де жақсы араласты. Ол достарына, әріптестеріне адал болды. Достарының той-томалақтарынан, қуаныштарынан қалмайтын. Адамның үйінде қаза болса міндетті түрде құранға қол жайып, бата жасап қайтатын.

    Әкем 1984 жылы Алматының қақ ортасынан үй алғанда курстас достарын жиі шақырып, солардың  қуаныштарына дастарханымыз жайылып жататын. Сондай кезде әкемнің домбырамен айтқан әндері отырыстың сәніне айналып тұратын еді. Ол кезде папамның  жолдастарының көбісі Алматыда. Болатбек Орманов пен Сәбит Дүйсенбиев ағамыздың үйлері Көктөбеде болса, Қайнар Олжай, Талғат Айтбай, Мейрамбек Төлепберген, Қали Сәрсенбай, Абдолла Алтый, Шархан Қазығұл мен басқа да курстас достары қаланың әр шетінде тұратын. Кейін әкем Болатбек аға арқылы Есен ағамен танысты. Сол кісінің үйімен де жақын араласып тұрдық. Ал 2011 жылы «Ақжар» ауданына көшіп барғанда Серік Рәсілов ағамыздың үйімен құдайы көрші болып сыйласып кеттік. Әкем студент шағында Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып, оқуды Лениндік стипендиат атанып бітірген соң, еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінде бастаған. Одан кейін «Білім және еңбек» («Зерде»), «Халық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газет-журналдарының бас редакторы болды. Ал 1999 жылы өзі «Қазақ газеттері» АҚ құрып, былтырға дейін оның басшылық қызметін абыроймен атқарып шықты.

    (Қаз МУ. Журналистика факультетінің дайындық курсы)

    Мен әкеммен жұмысы жайлы көп әңгімелесетін едім. Сондай кезде ол редакцияның шаруасы туралы көп ашылып айтпайтын. Ал жұмыста жақсылықтар болса соны қуана айтып отыратын.

    Әкем өзі жанына жақсы адамдарды ғана жинап жүретін. Ол қырық жыл өтсе де солардың бәрімен ешқашан қарым-қатынасын үзген емес. Былтыр сол адамдардың бәрі біздің үйге келіп көңіл айтып, қазамен ортақтасты. Әкем Сарбас Ақтаев, Әбдісағит Тәтіғұлов, Қуаныш Сұлтанов, Кенжеғали Сағадиев, Серік Үмбетов, Раушанбек Әбсаттаров,  Сағымбай Қозыбаев, Марат Тоқашбаев, Жанболат Аупбаев, Аманхан Әлім, Сабыржан Ахметов, Хамитбек Мұсабаев, Жетпісбай Бекболатұлы, Самат Ибраимов,  Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Паттеев, Жүсіпбек Қорғасбек сияқты әріптестерімен жақсы араласқан еді. Әбдісағит ағамен хабарлассам, ол кісі әлі күнге дейін әкемді қимайтынын айтады. «Папаңды қимаймын. Қиятын адам ба еді ол?! Мен әлі күнге дейін оны сағынамын», деп отырады.

    Папам кезінде бірнеше басылымның бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы болса да басқа ақпарат құралдарына құрметпен қарады. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетін ел газеті, аға басылым деп санады. 2000 жылдары аға газеттің редакциясы жаңа ғимаратқа көшіп, барлық қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз еткенде бір кісідей қуанды. «Егеменнің» басшылығына ризамыз. Барлық қызметкерлеріне пәтер алып берді. Журналистің бес қаруы сайлы болуы керек. Оның тұрмысы жақсы болса жұмысы да өнімді болады», дейтін.

    (Лениндік стипендиат, Алматы қалалық кеңесінің депутаты)

    Ол өзі басқарған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның жұмысына да асқан жауапкершілікпен, әрбір қызметкеріне жанашырлықпен қараған еді. Оны мен әкемнің сөз арасында айтатын әңгімелерінен байқайтынмын. Өздеріңізге белгілі, бұл медиахолдингті ол 1999 жылы өзі құжаттарын жинап жүріп ашқан. Сол кезде қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистердің арқасына ала дорба салып, базар аралап кеткенін білеміз. Бұл елде жаппай жекешелендіру саясаты басталып, Үкіметтің айлық пен зейнетақыны айлап бере алмай жатқан кезі болатын. Сондай қиын қыстау уақытта қазақ ақпарат кеңістігі бірнеше газет-журналдың басын бір жерге біріктірген құрылыммен толықты. Ол «Қазақ газеттері» деген атау алып, қазіргі тілмен айтсақ, тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш медиахолдинг болды. Осы ұйымда ол күн-түн демей 20 жылға жуық уақыт қызмет етті.

    Былтыр Кеңсайдан келе жатқанда бір ағамнан әкемнің 17 жыл еңбек демалысын алмағанын естіп, таңқалғанмын. Шынымен де мен 2001 жылы оқуды бітіріп, Астанаға кеткенімде осы кезге дейін бір ай демалыс алғанын естімеген едім. Мен әкемнен бір рет қана демалыс алғысы келетінін естідім. Оны былтыр маусым айында Астанаға Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келгенде айтқан. Біз екеуміз соңғы рет сол кезде көрістік. Әкемді әдеттегідей көлікпен күтіп алып, үйге апарғым келген. Ол болса «Мені үйге емес, қонақ үйге апаршы. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келдім. Орнымда болмасам ұят болар. Бәрі төленген. Үйге баруға үлгеремін ғой, балам», деп қонақ үйде қалатынын айтты.  Содан кейін отельге келгенде жиналыс басталмай тұрып, министрмен кездесетінін ескертті. Сөйтіп, ол министрліктен шыққан соң, бәрі де, үй де, төрт-бес күн демалыс та жайына қалды.  Қонақ үйде Алматыдағы жұмыс орнына хабарласып, дүйсенбі күні жиналыс болатынын жеткізді. Сол жерде жұмысты ма әлде басқа нәрсені ме ойлап отырып, «Жарты жылдан кейін осы жұмысты қоямын. Келесі жылы бір журналды алып, соны жүргізіп, студенттерге сабақ беріп жүрсем одан басқа маған ештеңе керегі жоқ. Зейнетке аз уақыт қалды. Тезірек жетсем екен», деген еді. Бұдан кейін әкемді көрмедім. Папамның шілде айында ауырып қалатынын қайдан білейін. Әйтпесе, сол күні Алматыға бірге кетіп, жанында болатын едім ғой.

    (Алматыдан алғаш рет пәтер алған кезі. 1984 жыл. Панфилов көшесі, 101 үй)

    Әкем Алматыға кеткеннен кейін де телефонмен сөйлесіп тұрдық. Екеуміз Қайыңды ауылының 60 жылдық мерейтойына бірге баратын болғанбыз. Шілде айының басында екеумізге ауылға билет алып қойған едім.  Бірақ, ауылға жалғыз барып келдім. Әкем 21 шілде күні таңертең сағат 6.00-де хабарласып, ауырып тұрғанын, Астанаға бара алмайтынын айтты. Сол кезде мен ауылға емес, Алматыға баруым керек еді деп әлі күнге дейін ойлаймын.  Өзімді әкемнің жанында болмағаным үшін кінәлі сезінемін.

    Соңғы рет телефонмен 23 шілде күні кешкі сағат 19.00 шамасында сөйлестім. Өзі ауырып жатса да «Ауырма, балам, ауырма!», деп қалды әкем. Папамның қатты ауырып жатқанын ауылдан Арқалыққа бара жатқанда Жанарбек жездемнен білгенмін. «Дастан, папаң қатты ауырып жатыр. Алматыға тез жет! Коляскада отыр», дегенде жолда кетіп бара жатып жаным шыға жаздады. Мен әкемнің коляскада отыр дегенін өмірімде ешқашан естіген емеспін. Бұл адам сенгісіз болды. Соған сенгім келмесе де Арқалыққа жетіп, әкеммен сөйлескеннен кейін көңілім жайланды. Бірақ, іште бір үрей мен үміт арпалысып жатты. Келесі күні Астанада қаралы хабарды естігенде төбемнен жай түсіп, дүние төңкеріліп кетті…

    Содан бері бір жыл өтті. Қазақта «Қазалы үйдің қаралы күндері адамның бір жылдық асы келгенде бітеді» деген сөз бар. Бізге әкеміздің дауысы, жымиысы, күлкісі, ойлы көзқарасы жетпей жатса да амал нешік. Бір Алланың жазуына көнеміз. Бұл дүниеде бәрі жалған екенін өзі де айтып отыратын. Бірақ, бәрі бірде қимайды екенмін. Қиғым келмейді. Ондай адамдар осы өмірден ерте кетпеуі керек еді ғой деп ойлаймын.

    (Бас редактор Жұмабек Кенжалин)

    Астанада көлікпен кетіп бара жатқанда әкем айналаға қарап, «Шіркін, енді тағы 20 жылдай жүрсем, осының бәрін 80 жасқа келгенде көрсем екен. Сана мен Лауланың тойын жасап, солардың қызығын мамаң екеуміз көрсек арман бар ма?!» деген сөзін есіме алғанда жаным ауырады. Осындайда туғаннан адамның қазасы  бір Алланың маңдайға жазған тағдыры ғой, қолдан келер шара жоқ деп отырып қаласың. Басқа ештеңе істей алмайды екенсің.

    Осы бір жыл да анама оңай болған жоқ. Қырық жыл бірге тұрып, бір адам болып кеткен адамға қаза деген қиынның қиыны. Сол себептен Жандос пен Айнұр келін шешемнің көңілін аулау үшін балаларын жанынан шығармайды.

    Қазіргі кезде әкемнің көзін көрген адамдардың бәрі бізбен баяғыдай қарым-қатынаста. Бізге әрқашан қол ұшын бергісі келіп тұрады. Көңілге сол медеу. Олардың бәріне Алла риза болсын дегім келеді. Ал былтыр Марат Тоқашбаев пен Талғат Айтбай ағам әкеме арнап естелік кітап шығарамыз, Сәбит Досанов бастаған жазушылар Алматыдан көше мен мектептің атын бергізу керек дегенде тіптен риза болып қалдық. Сол сияқты Сарбас Ақтаев ағам «Жұмабек – Алаш арыстарының алтын тұяғы» деп баға бергенде риза болдым. Осының бәрі әкеме деген құрметтен шығып отыр! Қазақтың осы арда азаматтарына алдымен Алла тағала, одан кейін әкемнің аруағы риза болсын!

    Әке, осындай азаматтар және біз барда Сіздің атыңыз ешқашан өшпейді, оны сақтайтын біз бармыз. Біз, Жандос інім екеуміз сол үшін осы дүниеге келгенбіз.

    Ұлың Дастан

    (Әріптестердің ортасында. Екінші қатарда солдан оңға қарай санағанда тұрған әкем Жұмабек Кенжалин)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *