• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Абай атындағы Қаз ҰПУ – қазақ күресінің қолдаушысы

    16 мамыр күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90  жылдығына  орай  Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары студенттері арасында жастар арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрімен айналысатын жас палуандардың үлесін арттыру мақсатында төл күресімізден  «Университет барысы»  жарысы өткізілді. Ол білім ордасының күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан тұсауы кесілген спорт кешенінде жалауын көтерді.

    Аламан жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Такир  Балықбаев білім ордасының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараларға тоқталып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Сөз кезегін алған  құрметті қонақтар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, ұлттық спорт өнерінің жанашыры, генерал-лейтенант  Әділ Шаяхметов,  Қазақстанның  еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ  күресі федерациясының тұңғыш  президенті Ерғали Мұхитдинов,  Алматы қаласы мәслихатының депутаты, университетіміздің бақылау кеңесінің мүшесі Кенжехан Матыжанов,  «Динамо» спорт қоғамы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары, КСРО және  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат  Қошаев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Люция Тулешова спортшыларға жылы лебіздерін білдіріп, алдағы ойындарына жеңістер тіледі.

    Жарысқа қаламыздың  20  жоғары оқу орнынан 120-дан астам спортшы қатысып, 60 кг, 74 кг және 100 кг салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Додаға  халықаралық санаттағы төрешілер төрелік етіп, әділ бағасын берді.

    Турнир  қорытындысы бойынша 60 кг салмақ дәрежесінде 3 орынды Қазақ спорт және туризм академиясының палуаны  Мадияр Жамбыл және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  палуаны Азамат Ықын өзара бөліссе,  2 орынды  Қазақ спорт және туризм академиясының спортшысы Самат Сағатбек қанжысына байлады. Дәл осы білім ордасының палуаны Жомарт Әмірәлі жүлделі 1 орынды жеңіп алды.

    74 кг салмақ дәрежесі бойынша «Нархоз» университетінің  палуаны  Болат Әбдікәрім  мен Қазақ спорт және туризм академиясының палуаны Алмас Тұрарбек  қола медаль иегерлері атанды. Қазақ спорт және туризм академиясының екі бірдей палуаны Даврон Даваев және Бижан Елібай күміс және алтын медальді жеңіп алды.

    100 кг салмақ дәрежесі бойынша «Қайнар» университетінің студенті Жансерік Жұмабай пен Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Кенесары Орынбасар 3 орынға орналасса, 2 орынды Қазақ спорт және туризм академиясының палуаны Ерасыл Жанатаев жеңіп алды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің палуаны Мейрамбек Барах алтын медаль иегері атанды. Сонымен қатар Мейрамбек Барахқа 100 кг салмақ дәрежесінде белдескен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, самбо күресінен 100 кг салмақта еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, жоғары оқу орындары арасындағы ауыл шаруашылығы студенттері арасында өтетін республикалық турнирдің жеңімпазы, елімізге танымал көптеген палуандарды жаттықтырған Амангелді Исмағұловтың арнайы жүлдесі мен 100 000 теңге көлемінде ақшайлай сыйлық табыс етілді.

    Жалпы қазақ күресінің жүлде қоры  I орынға 150 000 теңгені, II орынға  100 000 теңгені, III орынға 50 000 теңге болды.

    Үздік өнер көрсеткен спортшылар «Жас палуан», «Шапшаң палуан», «Жігерлі палуан», «Қажырлы палуан», «Шебер палуан» аталымдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

    Барлық қатысушы спортшылар  мен жарыс барысын әділ бағалаған төрешілер алқасы  бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.

    Сауықтыру дене мәдениеті кафедрасының меңгерушісі Амантай Қарақовтың қазақ күресінен осындай аламанды қала деңгейінде  айтулы білім шаңырағында ұйымдастырып, іске асыру оңай болмағаны да анық. Дегенмен де жұмыла көтерген жүк жеңіл демекш, университет ректорының тікелей қолдау-көмегі мен білгір де білікті  басшының, ұлттық күреске деген дұрыс көзқарасының нәтижесінде жарыс өте жақсы өтті. Сонымен қатар, осындай байрақты жарыстың басынан бақайшығына дейін, қара жұмыстың бәрін тиянақты атқараған қазақ күресінен алғашқы  әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдоқовтың жаста бас болған өрелі ісіне көпшілік бас бармақпен баға берді.

    Тартысты өткен аламан жекпе-жектердің соңында университет басшысы Такир Балықбаев қара шаңырақтың мерейлі мерекесі аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл спорттық дода, алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналатындығына үлкен сенім білдірді. Бұл жарыс студенттердің ұлттық күресімізге деген сүйіспеншілігін арттыратын берекелі бастама екендігі көңіл қуантады. Алдағы жылы қатысушылардың саны екі есе көбейе түсетіндігінде күмән жоқ. Сондықтан да тұсауы жаңадан кесілген бұл бәсекенің болашағы жарқын деп білеміз.

     Жанатбек ІШПЕКБАЕВ,

    Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

    Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры,

    профессоры

    Фото: Серік ИМАНҚҰЛОВ

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *