• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Елеусіз қалмас еңбектер

    Қазақтың ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі одағай түрі, ежелден тарам-тарам ұрпақ арқылы жалғасып келе жатқан  қастерлі де қазыналы қазақ күресі бүгінгі таңда ерекше мазмұнға ие болып, жастарымыздың сүйіп шұғылданатын спорт түріне айналып отыр.

    Қазақ күресі өзінің  тарих жеңісіне  2004 жылдың  мамыр айының 12-15 күндері Германияның Берлин қаласында өткен Бүкіләлемдегі қазақтардың құрылтай жиынында жеткен еді. Сол бір алқалы жиында 16 мемлекеттен келген қонақтарға қазақ күресінің ерешеліктері үлкен  стадионда асқақтата көрсетіліп, Серік Адамболсынұлы Түкеев айтулы қауымдастықтың президенті болып бірауыздан сайланды. Осы жылдан бастап ата күресіміз жаңа заман ағымына түсіп, әлем елдеріне таныла бастады десек болады. Қазақ күресін жер-жүзіне танытып қана қоймай, ана тілімізді де дәріптеуге мүмкіндік туды.

    Әлемге тарыдай шашылған қазақ ұлтының бірлігін қазақ күресі арқылы ұйыта отырып, оны Азия ойындары мен  Олимпиада деңгейіне дейін көтеру Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының  басты ұстанымы. Бүгінгі таңда қазақ күресінен 7 әлем чемпионаты, 3 әлем кубогы, 11 Азия, 5 Еуропа, 2 рет  Пан-Америка  және Африка чемпионаттары өтіп, төл күресіміз әлемнің алпауыт мемлекеттерінің төрінде салтанат құрды. Осы жарыстардың қатарына І Еуропалық  спорт ойындарын, жасөспірімдер арасындағы І әлем чемпионатын, жастар арасындағы І әлем чемпионатын да қоссақ болады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының мұрындық болуымен елімізде  күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы және Бақытжан Жаңбырбаевтың жарыстары, Ырғызбай Досқанұлы атындағы халықаралық гран-при турнирі дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылуда.

    Міне, осындай әлемнің әр түкпірі мен елімізде ұйымдастырылған аламан жекпе-жектер Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әлмақанұлы Әбішев пен ұйымның бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы, профессор Серік Адамболсынұлы Түкеевтің орасан зор еңбектерінің арқасында жалғасын үзбей келеді.

    Бүгінгі күні қазақ күресіне  өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығы арта түсіп, әлемнің әр шетінде  федерациялар ашылған. Өзге күрес түрлерінен ерекше оқшуаланып тұрған бекзат өнеріміздің қазіргі қарқыны ерек.

    Болашақта жыл сайын алқалы жиындар өткізіліп, ресми жарыстарға федерациялар ашқан елдерді арнайы шақырып отыру Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының алға қойған басты жоспарының  бірі. Күні бүгінге дейін әлемнің 40 астам елінде ұлттық күресімізден федерациялар ашылып, белсене жұмыс жасалуда. Бұл нақты дерек десе болады.

    Осы күнге дейін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы мен  (UWW) Біріккен күрес қауымдастығы бірігіп ұйымдастырған әрбір байрақты белдесулер ұлттық күресімізді биік белестерге шығарып келеді.  Әрине, қазақ күресінің алар асулары әлі алда деп білеміз, дегенмен бүгінгі таңға дейін ата күресімізді осыншама деңгейге көтеріп, әлем сахнасына шығаруға бірден-бір себепші жандар  Ислам Әлмақанұлы Әбішев пен Серік Адамболсынұлы Түкеев секілді ұлттық күресіміздің жанашырларының көп жылдар бойы тынымсыз, табандылықпен жасаған өрелі жұмыстарының нәтижесінде қазақ күресін әлем танып біле бастады.

    Иә, ел болған соң әртүрлі пікірлер болады. Қазақ күресі Азия ойындарына неге кірмей жүр деген сынай айтқан пікірлер де кездесіп жатады. Ал, сол қазақ күресіне басынан бақайшығына дейін жаны ашитын  қос азаматтың тізе қосып, үзеңгі қағыстыра жасаған жоталы жұмыстарының  тағы бір жеткен үлкен жетістігі ол  ұлттық күресімізді Ашғабадтта жабық кешенде өткен  Азия ойындарының  бағдарламасына сүйіншіліп енгізуі болды. Сол байрақты сында үш салмақта үш балуанымыз екі алтын, бір қола жүлделі қайтқанын қалай ғана ұмытамыз. Барды бар, жоқты жоқ – деп айтуға әрине міндеттіміз. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының көп жылдар бойы қажырлы жұмыстары еш елеусіз қалмасы бір анық. Ал осы III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінің толағай табысты қадамы жылдар бойы жүйелі жүргізіп келе жатқан жұмыстың тағы бір жемісі деп білеміз.

    Қырғыз елінде өткен  III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінің балуандары екі алтын, бір қола медальді жеңіп алып, Қазақстан құрамасының медаль жиынтығындағы  жағдайын жақсартуға үлкен үлесін қосты. Сонымен қазақ күресінің балуандары жеңіп әперген алтын, қолалардың нәтижесінде Қырғызстан мен Ресейден кейін, Қазақстан құрамасы үздік үштікке кірген еді. Ислам Әлмақанұлы мен Серік Адамболсынұлының Африкада, Бразилияда, Үндістанда, Иранда, тағы да көптеген әлемнің әр түкпірінде казақ күресінен өткізген жарыстарында ана тілімізде тоқта, баста, жамбас, бүк, жартылай жеңіс, таза жеңіс  деген сөз тіркестерінің айтылып отыруы, ұлттық күреспен бірге қазақ тілімізді де дамытуға өріс ашты десе болады.

    Қазақ күресін әлем аренасына шығарумен ғана тоқталып қалуды білмеген Серік Түкеев пен Ислам Әбішев төл күресіміздің бағытында көптеген тың туындыларды дүниеге әкелді. Мысалы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы бүгінгі таңда арнайы мемлекеттік медальдар жасап  шығарды.  Мысалы, ол марапаттар  3 түрлі болады. Біріншісі, алтын алқалы медаль қазақ күресіне көзқарасы түзу мемлекет басшылары мен зиялы қауым өкілдеріне беріледі. Екінші күміс – күміс алқалы медаль қазақ күресіне еңбегі сіңген жаттықтырушыларға беріледі. Үшінші қола медаль БАҚ өкілдеріне табыс етіледі. Бұл да бір ұлттық күресімізге үлес қосқандардың еңбегін елей отырып, шабыттандырудың үлкен жолы деп білеміз. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» – деп, әдетте қазақ күресінің келешегі үшін істелініп жатқан шаруалар аз емес.

    Корейдің таеквандосы мен жапонның дэюдосы секілді қазақ күресінің де өзге күрес түрлерінен ерекшеліктері бар. Басты айырмашылықтың бірі балуандардың үстіне киетін киім үлгісінде жатыр. Қазақ күресінің күртешелері заман ағымымен халықаралық талапқа сай жасалған. Киімге арналған мата мықты және денеден аққан терді жақсы сіңіретін болуы қажет. Кеудеге киетін етегінің ұзындығы жамбасты толық жабуға мүмкіндік береді және екі бүйірінде белдік өткізетін орны болады. Жеңінің ұзындығы шынтақ буынына дейін болса, белдік ұзындығы балуанның денесін екі орауға толық жетуі тиіс. Шалбардың балағының ұзындығы тізеге дейін болады. Кең тігілген шалбар белге бау арқылы ұсталады. Кеудеше мен шалбардың түсі бірдей матадан тігіледі. Аяқ киім қонышының ұзындығы тобықты жауып тұрады және ол жұмсақ былғарыдан тігіледі. Қазақ күресінің күртешелерін жаңаша жасап шығаруда  марқұм  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы Бауыржан Жаналиннің еңбегі зор. Қазақ күресінің шапанын етек-жеңінің қысқартылған киім үлгісі негізінде ежелден сауыт киген батыр бабаларымыздын алынған. Сауыт киген қазақ сарбазының етек-жеңінің қысқа болуы найза мен қылышты сермеуге ықшамдалынып жасалған. Сондықтан да бозкілемдегі балуандарымызға күртешеміздің кескінді нұсқасы күреске өте қолайлы болуға лайық екені дәлелденген.  Сонымен қатар, айта кетер бір жай, Вильнюсте Дүниежүзілік күрес федерациясының ұйымдастыруымен ұлттық күрестерді лицензиялау жиынында қазақ күресінің киім үлгісі мен оның тарихын мұқият тыңдап өте жоғары баға беріп, FILA бюро мүшелері бірауыздан қабылдаған екен. Міне, осындай, күртешеміз туралы келісті айғақ деректер күресіміздің еңсесін көтере түсетіні баршамызды қуантады.

    Ұлттық күресіміздің күртешелерін  Бауыржан Жаналин ағамыздан кейін бір жүйеге келтіріп, менеджменттік жағын жақсартып еліміз бен әлемге  таратуда Серік Адамболсынұлының еңбегі шексіз болғанын айтпай кету мүмкін емес.

    Сонымен бірге, қазақ күресінің қос жанашыр азаматтарының  қосыла жасаған тағы бір еңбектерінің қуанышты бір көрінісі  ол  қазақ күресінің Біріккен күрес әлемі (UWW)  мен ЮНЕСКО  мүше болып кіруі тарихи жетістік деп ауыз толтырып айтуға болады.

    2010 жылы еліміздің астанасындағы «Дәулет» спорт кешенінде тарихи шара болып өткен еді. Сол кездегі Халықаралық күрес қауымдастығы  FILA президенті Рафаэль Мартинетти мен Серік Адамболсынұлы Түкеев «Қазақ күресі халықарылық күрес қауымдастығына FILA-ға толықтай мүше болып кірді» – деген тарихи құжатқа қол қойды. Елімздің спорт тарихында бұрын-соңды мұндай ақ түйенің қарыны жарылған қуанышты жаңалық  қазақ күресін үлкен биікке шығарды. Сонымен бірге, 2010 жылы Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында  ЮНЕСКО  қолдауымен ашылған Дүниежүзілік жекпе-жек өнерлері қауымдастығының (WoMAU) үлкен жиыны өтіп, төрт мемлекет өздерінің ұлттық жекпе-жек өнерлерінен аталмыш ұйымға тіркелуге ұсыныс жасаған болатын. Негізі бұл жиынға әлемнің әр түкпірінен 30-ға жуық мемлекет қатысуға өтініш білдіріпті. Бірақ 30 елдің арасынан төрт елдің ұлттық күресі ерекше назарда қаралып, қазақ күресі  қарсыластарынан  көп дауысқа ие болып, осындай әлемдік деңгейдегі алқалы Одаққа мүше болып кірді.

    Әр елдің ұлттық спорт түрлері сарапқа түскен сында жерлесіміз, сол кездегі Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Ғалым Құлекешевтің  халқымыздың  төл күресі қазақ күресінің шығу тарихы мен ерекшеліктері туралы келісті көрсеткен бейнероликтері мен  сауатты жасаған  баяндамасын мұқият тыңдаған шетелдік алқа төрағалары ата күресімізге деген қызығушылықтары артып, бірауыздан дүниежүзілік жекпе-жек өнерлері Одағына мүше етіп, қазақ күресін бірауыздан қабылдаған екен. Рас, қазақ күресі Олимпиада спорт түрі емес. Десек те қазақ күресін  Олимпиадаға кіргізу үшін жасалынатын жоталы жұмыс барысын бір сәт тоқтатпағанымыз абзал. Серік Адамболсынұлы Түкеев бір сұхбатында:  «Әрбір  азамат қазақ күресін  жақсы көріп, бір адамдай қолдау көрсетіп отырса ғана, ұлттық күресімізді дамытуда алға қойған асқаралы мақсаттарымызға жете аламыз», – деген болатын. Осы бір қанатты сөз ұлттық күреске жанашыр әрбір азаматтың жүрегінен орын алса нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.

    Төл күресіміздің  осындай әлемдік деңгейдегі беделді ұйымдарға мүше болып кіруі алаш жұрты үшін тіл жетпес қуанышты жаңалық екенінде дау жоқ еді. Осындай ғаламат жетістіктердің белесіне көтерілуге тағы да сол ел намысын арқалаған, ұлттық күресіміздің қос жанашыры Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтердің төккен терінің жемісі екенін ұмытпағанымыз ләзім. Қазақта «Ел қорғаған батырды есте сақта, сая болған ағашты отқа жақпа», – деген қанатты сөз бар. Сондықтан да  ұлттық күресімізді ұлықтауға өлшеусіз үлес қосқан азаматтарды бір сәтте ұмытпай, оларға деген құрметті жасап отыру үлкен адамгершіліктің белгісі деп білемін.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

     АЛМАТЫ

    Бір пікір

    1. Сайфудин

      Осындай казак куресин дамытып улкен улес коскан аналарымыз ды не болса да колдап жалгыз еместигин айтамын. Акка кара жакпайды, туби шындык женип шыгады.

    Жауап жазу Сайфудин Қайтып алу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *