Германияның Инцелль қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Кристина Шумекова үшінші алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бұл жолы ол 1000 метр қашықтықта 1:16.34 уақыт көрсеткішімен қарсыластарынан озып, мәре сызығын бірінші болып кесті.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының өзге спортшылары да бақ сынады. Атап айтсақ, Анастасия Беловодова 1:17.99 нәтижесімен жетінші орынға тұрақтаса, Варвара Глухова 32-сатыдан көрінді. Айзада Рымбек жарысты 34-орынмен аяқтады.
Бұған дейін Кристина Шумекова 500 және 1500 метр қашықтықтарында да топ жарып, екі бірдей алтын жүлдені жеңіп алды. Осылайша, отандасымыз жасөспірімдер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанып отыр.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары