• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ералхан Айкөз — ат үстінен садақ атудан тұңғыш әлем чемпионы

    Бүгін «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясында өткен «Алтын жебе» І әлем чемпионаты аяқталды.  Бұл додада қазақ сұрмергені Ералхан Айкөз тұңғыш әлем чемпионы атанды.

    Түске дейін «Түрік стилі» бойынша өткен бәсеке тамашаланды. Бұл мергендік сайысында дүниежүзілік жарыстардың атақты мергені, румыниялық Михай Козмей чемпион атанған-ды. Екінші орынды кешегі «Азиялық стильде» де жүлделі орын алған кореялық жас мерген Ли Сунг Хо иеленді. Ал, үшінші орынға Ералхан Айкөз табан тіреді.

    Суретте: І әлем чемпионатының жүлдегерлері.  Ортада ат үстінен садақ атудан әлем чемпионы – Ералхан Айкөз (Қазақстан). Оң жақта  екінші  орын иеленген  Эрденесувд Эрдене (Монғолия) және сол жақ шетте үшінші орын иегері  Ли Сунг Хо (Оңтүстік Корея).

    Суретте: «Түрік стилі» бойынша өткен бәсекеде жеңімпаз болған румыниялық Михай Козмей

    Ал, «Қазақ стилі» бойынша жамбы ату жарысында түріктің мергені Аяз Явуз чемпион атанды. Бұл бәсекеде Абзал Тулыбеков екінші орынды, үшінші орнды монғолиялық мерген Эрденесувд Эрдене иеленді.

    Суретте:  «Қазақ стилі» жарысының жеңімпазы түрік мергені Аяз Явуз

    Ат үстінен садақ атудан тұңғыш әлем чемпионы осы жарыстың қорытындысы бойынша анықталды. Бес спортшы І әлем чемпионатының жүлдесін иеленді.

    «Алтын жебе» І әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

    1 орын – Ералхан Айкөз (Қазақстан)

    2 орын – Эрденесувд Эрдене (Монғолия)

    3 орын – Ли Сунг Хо (Оңтүстік Корея)

    4 орын – Абзал Тулыбеков (Қазақстан)

    5 орын – Михай Козмей (Румыния)

    Еске салып өтелік, І әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан құрама командасындағы спортшылары: Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Абзал Тулыбеков, Елдос Бадашев, Бақдәулет Бабажан, Ғалымжан Өміртай.

    Суретте: Оң жақтан екінші тұрған І әлем чемпионатының чемпионы Ералхан Айкөз, оң жақтан бірінші тұрған әлем чемпионатының жүлдегері Абзал Тулыбеков.

    «Алтын жебе» І әлем чемпионатына қатысқан шетел мергендері: Альперен Алкан – Түркия, Явуз Аяз – Түркия, Уалид Хауажки – Сирия, Али Гурмани – Иран, Труканов Димитар – Болгария, Ходлей Халсон – АҚШ, Франк Сихлер – АҚШ, Парк Беом Нам – Оңтүстік Корея, Ли Сунг Хо – Оңтүстік Корея, Эрденесувд Эрдене – Монғолия, Гантумур Иденбаатар – Моңғолия, Уладаев Хонгр – Ресей, Любовь Мороко– Ресей, Виталий Гудын – Украина, Владимирь Янченко – Украина, Михай Козмей – Румыния, Алмазбек Акунов – Қырғызстан, Аяна Қадырбекова – Қырғызстан. Чемпионаттың бас төрешісі, моңғолиялық бапкер Ром Әуесхан.

    Суретте; «Алтын жебе» І әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген Эрденесувд Эрдене (сол жақтан бірінші) және чемпионаттың бас төрешісі Ром Әуесхан (ортада). 

    Суретте: «Алтын жебе» І әлем чемпионатының қола жүлдегері Ли Сунг Хо (Оңтүстік Корея).

     «Алтын жебе» атауы әлем мергендеріне халықаралық турнир ретінде жақсы таныс.   Себебі, 2017 жылы және 2018 жылы елорда төрінде «Алтын жебе» жарысы  халықаралық турнир деңгейінде ұйымдастырылды. Алғашқы жылғы бәсекеде 11 мемлекеттің 19 мергені, ал,  2018 жылғы «Алтын жебеде» 11 мемлекеттің 25 мергені бақ сынады. Қос турнирдің де бас жүлдесін румыниялық сұрмерген Михай Козмей жеңіп алды. Бірінші турнирдің күміс жүлдесін Айтбек Сарыбай, қола жүлдесін Ералхан Айкөз иеленген-ді. Екінші турнирдің күміс жүлдесіне  Ералхан Айкөз, қола жүлдесіне Абзал Тулыбеков қол жеткізген болатын.

    Бұдан бұрын «Алтын жебе» мергендер турнирінде екі рет жүлдегер атанған Ералхан мерген енді міне, тұңғыш өткен «Алтын жебе» әлем чемпионатының чемпионы атанды. Ералхан Айнарбекұлы — Түркістан өңірінің тумасы. Оның жеңісі – сіз бен біздің ортақ қуанышымыз! Жеңіс құтты болсын, ағайын!

    Төлеген ЖӘКІТАЙ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *