• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ күресінің қара нары

    Жалпы өмірде жүрген жерінде жан-жағына жылу шашып, адамдарға жақсылық жасап жүретін адамдар болады. Сондай асыл азаматтың бірі ғана емес, бірегейі Серік Адамболсынұлы Түкеев ағам асқаралы 62 жасқа толып жатыр.

    Алайда, ел үшін туылған есіл ер туған күнің отбасы, ағайын-тума, достарының ортасында емес тар қапаста қарсы алуда. Нақты айтар болсақ, жазықсыз жабылған жаланың құрбаны болып отыр.

    Қазақ күресін өрге сүйреп жүрген қос бірдей азамат Серік Түкеев пен Ислам Әбішевке жала жабылғанда бүкіл ел болып қайғырдық. Бюджет қаржысын үнемдеп, триллион теңгені ел қазынасына қайтартып берген Ислам Әлімқанұлының үзеңгілес серігі ретінде ұлттық спортты ұлықтап жүрген азаматтарды қорғау туралы еліміздің белгілі тұлғалары бастаған спорт жанашырлары президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу хат жазып, араша түсуін сұрады. Алайда, рекордтық деңгейде қол қойылған бұл хатқа Мемлекет басшысының әлі күнге үнсіз отыруы ақылға сыймайды. Біздің ойымызша хат Президенттің қолына жеткен жоқ немесе біреулер әдейі жеткізбей отыр. Әйтпесе, Қасым-Жомарт Кемелұлы секілді спорт жанашырының Ислам мен Серік ағамызды қолдамауы, қорғамауы мүмкін емес.

    Бүгін 62 жасқа толып отырған Серік ағаммен таныстығым ол кісі Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт-интернатты басқарып тұрған кезде басталып еді. Содан бері ағалы-інілі ретінде араласып келеміз. Серік ағамыз басқарған тұста спорт-интернаттың атағы дүрілдеп тұрды. Қазір де жаман емес. Бірақ, бүгінгі жеңісті жол кезінде Серік Адамұлы салып кеткен сара жолдың жалғасы деп білеміз.

    Ал енді қазақ күресі десе Серік Түкеевтің есімі бірге аталады. Өйткені, Серік ағамыз 2004 жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті болып сайланғаннан бері ұлттық күресімізді әлемдік деңгейге жеткізу үшін аянбай тер төкті. Негізі, сонау тоқсаныншы жылдардын ортасынан бастап ұлттық күресті ұлықтауға кіріскен Серік ағам, Бауыржан Жаналин, Диханбай Биткөзов, Марат Жақыт секілді әріптестерімен бірге қазақ күресінің бүгінгі қолданыста жүрген ережесін жасап шығарғаның, Штаттағы ұлттық командалар дирекциясын басқарып тұрған кезде барлық облыс пен аудандардағы спорт мектептерінде қазақ күресі бөлімдерін ашқызғаның ұмытуға болмайды. Бұдан бөлек Ислам Әлмақанұлы екеуі тізе қоса жүріп қазақ күресінен 8 әлем, 11 Азия, 3 Еуропа чемпионатын, 3 әлем кубогын, Иран мен Бразилияда кадеттер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаттары мен ОАР-да 2 рет Африка біріншілігін, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионатын өткізсе, Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарына қазақ күресін кіргізді. Ең бастысы қазақ күресінен әлемнің 40-тан астам елінде федерация ашып, төл күресімізді бұрынғы ФИЛА, қазіргі UWW-ге мүше қылды. Мысал ретінде айтар болсақ әлемнің 100 елінде федерация аштық деп күпінетін өзбектердің курашы аталған ұйымға әлі кіре алмай жүр.

    Мұның бәрі айтуға оңай болғанмен, қажыр мен есепсіз төгілген маңдай термен келген тынымсыз еңбек. Ұлттық спортқа деген сүйіспеншілік пен төгілген маңдай тердің жемісін енді көретін кезде асыл азаматтар жазықсыз жаланың құрбаны болды. Бәрімізді осы жағы қынжылтады. Жүрегіміз ауырады. Бірақ, мұндай бір туар азаматтар ақталып шығар, қайтадан ел үшін аянбай тер төгіп, өздері жақсы көретін қазақ күресін бұдан да биік белестерге көтерер деген үмітіміз бар. Осы үмітіміз алдамаса екен!

    Серік аға! Бүгінгі 62 жасыңыз құтты болсын! Ер жігіттің басына, нелер келіп кетпеген демекші, бұл да бір сынақ шығар. Сіз мықтысыз аға! Бұл сыннан мүдірмей өтеріңізге сенімдіміз. Артыңызда сіздің тілеуіңізді тілеп отырған еліңіз бар, сіздің қамқорлығыңызды көрген спортшылар қауымы бар, біз бармыз! «Аққа Құдай жақ» дейді халқымыз. Сіздің ақ екеніңізге біз сенеміз. Аман-есен ортамызға оралып, ештен кеш жақсы деп туған күніңізді бірге тойлайық. Алланың өзі жар болсын сізге аға!

     

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ, «Президент және спорт», «Спорт жұлдыздары» журналдарының бас редакторы, «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалінің иегері.

     Ақтөбе қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *