• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ұлттық күрестің ұраншысы

    Серік Адамболсынұлы Түкеев! Қазақ спортының тарихында қазақ күресін алғаш рет Еуропа мен Азияны айтпағанда, Африка елдеріне, Бразилия мен Үндістанға жеткізген, 7 мәрте ересектер арасындағы әлем чемпионатын, 11 Азия біріншілігін, 3 әлем кубогын өзі бас болып ұйымдастырған нағыз ұлтжанды азамат! Бұл кісі осы еңбегімен ұлтымыздың спорттық тарихында қалды.

    Кезінде Серік Түкеев қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионатын ұйымдастыруға кіріскенде оның бұл тірлігіне күле қарағандар болды. Ол кезде ұлттық күресімізден Африка чемпионаты өтеді десе, біз де сенбеген болар едік. Ал Серік аға ешнәрсеге қарамай, қысыр сөзді елемей, тек алға ұмтылумен болды. Сондай жанкешті еңбектің арқасында қазақ күресінің дүмпуі төрт құрылыққа еркін жетті.

    2017 жылы күзде Ашхабадта болған жабық Азия ойындарының бағдарламасында қазақ күресінен белдесулер өтті. Шынын айту керек, ұлттық күресіміздің Азия ойындарына енуіне Серік Түкеевтің сіңірген еңбегі ерекше болды. Біздің күрестің Еуропа мен Америка ойындарының бағдарламасына кіруінің өзі Түкеев бастаған жігіттер мен қыздардың талай жылғы маңдай терінің жемісі екені анық. Егер алаштың мықты азаматтары Серік Адамболсынұлы тәрізді бір-бір ұлттық мұраны қайыспай осындай дәрежеге көтеруге жараса, біздің ұлттық мәдениетіміздің өрісі қазіргіден әлдеқайда кең болар еді.

    Бүгін ағамыз 62 жасқа толып отыр. Серік аға, мәртебелі белесіңіз құтты әрі баянды болсын! Басыңызға түскен сынақтардан аман-есен өтіп, алты алаштың абыройлы ақсақалы болуыңызға шын жүректен тілектеспіз!

     

    Қыдырбек РЫСБЕК

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *