• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Орловтан он жыл бұрын айтқан едім!!!

    Ресейлік кәсіпқой боксшы Максим Дадашевтің кезекті шайқас біткен сәтте өліп кетуі әлемді тағы дүрліктірді. Арада екі-үш күн өткенде тағы бір шет елдік кәсіпқой боксшы шаршы алаңда қаза болды. Бүгінде мұндай мысалдар аз емес. Мына спорт шолушысы күле отырып айтқан қорытындыны мен мұнан он жыл бұрын жалынып отырып айтқан едім! Кәсіпқой боксты тоқтатыңдар дей алмаймын. Тек бұл спорт түріне терең медициналық бақылау мен сол шайқастарды өткізетін арнайы федерациялардың жіті қадағалауы керек-ақ.

    Мен ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕР туралы айтқанмын! Ол жазғандарым интернетте де, спорт жайлы кітаптарымда да бар. Өз басым бұл жекпе-жектерді залдан да,теле экраннан да көруге жүйкем шыдамайды! Бұлар СПОРТ емес — АДАМ ӨЛТІРУ әдіс-айлаларын НАСИХАТТАУ!!! Адамның басынан құлаштап ұру, секіріп тебу, иек астынан, маңдайдан тіземен соғу, күре тамырды қапсырып буындыру, аяқты, қолды шытынатып қайыру, аяқтан, саннан, бұттың арасынан тебу, тағы басқа көрсең жүрек қозғалатын әдістер спортқа тән ба?! Әрине, олай емес! Адам баласының ағзасы мыңның, миллионның алдында қанын судай шашып, талдырып түсіріп, «Ойбай, өлдім!» деп айтқызуға жаралған күл-қоқыс емес қой! Бұлардың бәрі адамның тойынғаннан кейін бар қызыққа қанағаттанбай, қан көргісі, өлім көргісі келген шектен шығуы ғана! Ақша табу көзі екені де рас. Бірақ ол бер жағы ғана.

    Бастысы — Адамзаттың ТАҒЫҒА, ЖЫРТҚЫШҚА айналып бара жатқанына басты дәлел! Беті аулақ, бірте-бірте АДАМ ӨЛТІРУДЕН жарыс өте ме деп қорқамын. Кім көп адам өлтірсе – сол чемпион! Айналайын-ау, жекпе-жек керек болса – күрес, бокс, дзюдо, каратэ ,теаквондо, тағы сол сияқты ресми спорт түрлері бар ғой! Айтпағым; МАҒАН САЛСА ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕРДІҢ БӘРІН ТОҚТАТУ КЕРЕК!!! Еркектікті, жігіттікті дәлелдеудің басқа да жолдары жетеді!  Емельяненконы, Нұрмағанбетовті, өзіміздің Назаров бастаған осы салада аттары шыққан азаматтарды балаларға үлгі-өнеге қылып, кумир етудің түкке қажеті жоқ! Бұл сойқанды жақсы меңгеріп алған жан бір күні болмаса бір күні біреуді сеспей қатырады! Неге олай істедің деп айта алмайсың. Өйткені ол кәсіпқой ұрып жығушы! Әдетте біз КӘСІПҚОЙЛЫҚТЫ қоғам боп та, мемлекет боп та мақұлдаймыз ғой! Ойпырмай деймін осы, Қазақстан халқы да ережесіз жепе-жек көруге құмар-ақ. Біздің мемлекетке әншілер мен спортшылар ғана керек секілді – ғылымдағы жетістікке, ауыл шаруашылығы саласындағы озық істерге, техника, электроника, тағы басқа да ертеңіміз боп саналатын салалардағы таланттыларға ондай АБЫРОЙ да,АҚША да жоқ… Жарайды,бүгінгі тақырып – ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕРДІҢ тамырына балта шабу жайлы! Менің жалғыз дауысым аз болады. Қолдасаңыздар көп болып осы ҚАРСЫЛЫҚ ТОБЫН құрып, әркім шамасы жеткен жерге дейін осы ҚОЗҒАЛЫСТЫ насихаттайық! АДАМ деген атымыз бар емес пе? Нағыз АДАМ спорттың гуманды түрін ғана насихаттау керек деп санаймын мен.

     

    Несіп ЖҮНІСБАЕВ,

    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *