• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Еліміздің Олимпиададағы алғашқы алтын медалі көрмеге қойылды

    Еліміздің Олимпиада ойындарында жеңіп алған алғашқы алтын медалі Осло қаласында өтіп жатқан көрмеге қойылды, деп хабарлады Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігі.

    Бұл көрме Ослодағы Холменколлен тау шаңғысы мұражайында «Қазақстан-Норвегия: спорт дипломатиясы» деген атпен Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігі, Қазақстан Спорт баспасөзі қауымдастығы, Ослодағы Холменколлен тау шаңғысы мұражайының ұйымдастыруымен және оған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Сыртқы істер министрлігі мен «QazSport» ұлттық спорт арнасының қолдауымен өтіп жатыр.

    Көрме бірнеше күннен бері ашылған. Оның ашылу салтанатына Норвегияның аты айналған спортшылары – Стен Стенсен пен Вегард Ульванг және Владимир Смирнов қатысты. Осы жерде норвегиялық конькиші Стэн Стенсен 1970 жылдары «Медеу» мұз айдынында бірнеше әлемдік рекордты жаңартқанын, өзінің спорт жолында Медеу мен Алматының орны ерекше екенін деп атап өтті. Ал Олимпиада ойындарында алыс қашықтықта шаңғы тебуден бәсекелес болған Вегард Ульванг (Норвегия) пен Владимир Смирнов (Қазақстан) спорт, достық және мәдениетаралық байланысқа қатысты пікір білдірді.

    –Спорттағы бәсекеге, кей жерде бақталасқа қарамастан, біздің Қазақстан спортшыларымен достығымыз одан әрі нығая түсуде, – деді В. Ульванг.

    Ал Норвегияда «Смирре» деген лақап атпен белгілі Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов: «Мен спортқа арналған осынау көрмеге қатысқаныма қуаныштымын. Қазіргі жастардың көпшілігі Қазақстан туралы көп біле бермегендіктен, осындай шаралар бұл елмен және оның мәдениетімен танысуға зор мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

    16 желтоқсанда еліміз Тәуелсіздіктің 28 жылдығын атап өтеді. Ал Владимир Смирнов – тәуелсіз Қазақстаннның тұңғыш Олимпиада чемпионы. Сондықтан «Смирренің» Холменколленде ашылған көрмеге 1994 жылы Лиллехаммер ойындарында жеңіп алған алтын медалін әкелуінің маңызы бар.
    Экспозицияны көрермендер 28 желтоқсанға дейін екі апта бойы тамашалай алады.

    Қазақстанның Норвегиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Еркін Ахынжановтың айтуынша, қазіргі кезде екі елдің арасында спорт байланысы дәстүрлі дипломатия аясынан шығып, үлкен мәнге ие болып отыр.

    Фотокөрмеде Қазақстан мен Норвегия спортшыларының жетістіктері, екі елдің арасында хоккей, допты хоккей, футбол мен күрестен өткен матчтардың фотосуреттері, ұсынылған. Сонымен бірге онда спорт киімдері сыйлық ретінде – саясаткерлерге, ал ұлттық киімдер – спортшыларға берілетін «джерси – дипломатия» және «шапан –дипломатия» секілді спорт дипломатиясының бірнеше ерекше үлгісі қойылған. Көрмеде хоккей («Барыс», «Торпедо» және «Сары-Арқа»), велоспорт («Астана»), жеңіл атлетика («Алтай атлетикс» клубы) және футбол («Қайрат» пен «Астана») секілді спорт түрлерінен кәсіби клубтардың атрибутика жинақтамасы да бар.

    Фото: ҚазАқпарат агенттігі.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *