• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жақсылық. 40 жыл бұрынғы Олимпиаданың алтын жүлдесі!

    «Олимпиада жылы» деген айшығымен сексенінші жыл келді. Жиырма тоғызға иек артқан Жақсылық тас-түйін! ССРО чемпионатына не бел, не белбеу кетеді, деп атойлай кірген.

    Шүу дегеннен үш бірдей қарсыласын бет қаратпай жыққан Жақсылық кезекті сында ресейлік Вылежанинді 22:0 есебімен ойсырата жеңді. Одан кейін Еуропа чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, 26 жастағы қазандық Анатолий Бозинді 11:1 есебімен тас-талқан қылды.

    Финалдағы қарсылас – Одақ чемпионатының қола жүлдегері Виктор Савчук. Нағыз оттай жанып тұрған шағы, жасы – 25-те. Өзі мәскеулік спортшы. Яғни, екеуі тең тартысқан жағдайда төрешілердің бүйрегі Савчукқа бұратыны даусыз. Жақсылық жанын салып айқасты. Савчукқа соқыр ұпай ұстатпай, 12:0 есебімен күмәнсіз ұтып шықты!

    Сөйтіп, Жақсылық батыр екінші мәрте ССРО чемпионы атанды. Қазір ғой, Аллаға шүкір, қазақтан ай сайын Азия чемпиондары ту көтеріп жатқаны. Ол кезде алаш баласының Совет одағының чемпионы болуы тым сирек кездесетін жағдай еді.

    Жүйке жонған жарты жыл

    Қыр астында Мәскеу олимпиадасы қылаңытады. Классикалық күрестен ССРО құрамасындағы он салмақтың екеуін қазақ жігіттері жамбасқа басып алған. Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков! Шәміл 1978-1979 жылдары қатарынан екі рет әлем чемпионы атанған жампоз. 57 килодағы кілең мықтының сағын сындырған Шәміл Олимпиадаға алаңсыз әзірлікке кіріскен. Ал, 48 килодағы Жақсылықтың көңілі алаң. Себебі, аға жаттықтырушы Геннадий Сапуновтың қабағы қырыстау.

    Жаттығу жиынында Жақсылық басты қарсыластарын тегіс жеңіп шықты. Шумаков, Бозин, Савчук, Аникин, Казарашвили. Кілең сен тұр, мен атайын сайыпқырандар.

    Сексенінші жылдың сәуірінде Жақсылық Чехословакияға — Еуропа чемпионатына аттанды. Қаншама жыл жалынан сипатпаған құрылық біріншілігін қарқынды бастаған. Финалға дейін ешкімді дәргейіне келтірген жоқ. Ал, бас жүлде үшін таласта әлем чемпионатының қола жүлдегері, поляк Роман Керпачпен бетпе-бет қалды.

    Белдесу бітуге он секундтай қалғанда Жақсылық Романнан бір ұпай озып тұрған. Тізгінді тежеп, ескерту алғанның өзінде чемпион! Бірақ талассыз ұтсам деген ниетпен Керпачқа оқша атылды. Қас-қағымда полякты иықтан асыра диірмен әдісіне ыңғайлай бергенде, бас бармағы қарсыласының трикосына ілініп қалып, түбінен морт сынды. Біздің балуан қолын ауырсына еңкейе бергенде, Керпач ту сыртына шығып үлгерді. Сөйтіп, алақанда тұрған алтын медаль сусып кетті. Іші қан жылады.

    Елге оралған соң Үшкемпіров төңірегіндегі әңгіме қайта гуледі. «Еуропада күміс алған адам Олимпиаданы қалай ұтады?» Осы желеумен бас жаттықтырушы 48 келідегі балуандарды тағы өзара сынап көруге бел буған. Жақсылық тағы да сыпыра жеңді. Дәл осы жерде Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Шумаков мәрттік танытты. «Бұл жолы Жақсылық бәрімізден күшті, бағын байламайық», деп ер жігітке тән мінезбен әділін айтқан.

    Шумаковтың мәрттігі Жақсылықтың жолын ашқандай еді. Бірақ бапкерлер алқасы кесімді сөзді айтуға асығар емес. Бір күні ойда-жоқта он сегіз жастағы грузин балуаны Темо Казарашвили шықты жұлқынып. Мұндайда грузиндер керемет ұйымшыл ғой. Темоның ұстазы, бір кездегі әлем чемпионы Роман Руруа бас жаттықтырушы Геннадий Сапуновтың жақын досы. Сапунов Руруаның сөзін жерге тастай алмай, Жақсылық пен Темоны жаттықтырушылар алқасының дауысына салды. Міне, қызық, 6:2 есебімен Казарашвили ұтып кетті. Қазақстанның ССРО құрамасындағы жаттықтырушысы, әлемге әйгілі маман Вадим Псарев дауыс беру нәтижесін естігенде, есінен танып қала жаздады. Ал Үшкемпіровтің жағдайын сұрамай-ақ қойыңыз.
    Олимпиада басталуға жарты айдай уақыт қалғанда күресетін балуандар жария болды. Тоғыз салмақтағы мықтылардың аты аталып, ең жеңіл салмақ қана белгісіз жағдайда қалған. Жақсылықта маза жоқ.

    Құрама жария болған соң араға екі күн салып, базаға ССРО спорт комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Колесов келді. Күрес жолын Қазақ елінде, әйгілі бапкер Петр Матущактың қол астында бастаған Колесов әлемнің үш мәрте чемпионы. Бүгінде одақ мойындаған дәу бастық. Бұл жүрісі тегін емес, жаттықтырушылар алқасының алдында Жақсылықтың жағдайын талқыға салуға әдейі келген екен. Істің анық-қанығына жеткен Колесов қаншама уақыт жүйкені жүндей түткен мәселеге нүкте қойып кетті. Үшкемпіров Олимпиада кілеміне шығатын болды!

    Міне, адамға ақыл айтудан, жұртты адалдыққа үндеуден алдына жан салмаған советтік идеологияның ССРО күрес құрамасындағы сипаты осындай еді.

    Қалауым – бір кесе қымыз!

    Олимпиада жеребесін суырған сәті әлі есінде. Он үшінші нөмір қолына тиген. Әлемнің екі дүркін чемпионы Константин Александру он бірді алды. «Жолым неге сонша ауыр?!» Шүу дегенде Олимпиададағы ең күшті қарсылас тап болып отыр. Александру 78-79-дағы екі әлем чемпионатының финалында Алексей Шумаковты сан соқтырды емес пе! Бес рет Еуропа чемпионатында жеке-дара шыққан жампоз. Константиннен қорыққан жоқ, бірақ қауіптенгені рас.

    Автобуста екі дүркін Олимпиада жеңімпазы Валерий Резанцев жолыға кетті. «О-о, Жәке, құттықтаймын! Жеребең сәтімен түсті!» Жақсылық түк түсінбей, дәу балуанға үнсіз қараған. «Жәке, көтер басыңды, Константин саған қарағанда салмақты көп қуады. Сондықтан, екі сағатта күші қалпына келуі қиын. Бірінші белдесуде оның тынысы ашылмайды. Көресің, сен ұтып аласың. Құттықтаймын!» Валера аңқылдаған қалпы жұдырықтай Жақсылықты бауырына қысты.

    Ойлап қараса, Резанцевтің сөзінің жаны бар. Күрес басталуға екі сағаттан аз қалды. Бұл 5-6 келіден арылса, румын 7-8 келі «қуды». Ол күш-қуатын бойына жинап үлгермейді. Ендеше, қатты күйінетін ештеңе жоқ. Толқымай, босаңсымай, жинақы күресу керек. Ең бастысы, тайсақтамау қажет.

    Зәулім спорт сарайының төріне қадам басқан сәтте тұла бойы алабөтен ду ете қалды. Он бес мың жанкүйердің он мыңы қазақ боп көрінді көзіне. «Жеңемін! — деді Жақсылық тістеніп. – Не, осы кілемде өлемін!»

    Жақсылық Константинге қарсы жолбарыстай шабынып шықты. Қарсы алдымда әлем чемпионы тұр деп, әлсіздік танытқан жоқ. Құдды, жүз мәрте жұлқысқан сыралғы қарсыласымен ұстасқандай, еркін сілтеді. Кейінгі екі жылда жер жүзінде жан баласын шыдатпаған румын балуаны маңдайы тасқа тиіп, білгенінен жаңыла берді. Иә, ол жаңылайын деген жоқ, оны жолдан тайдырған біздің жанкешті, қайсар бауырымыз болатын.

    Үшкемпіров Александрудан 6:2 есебімен басым түсті. Сондағы қуанғаны әлі есінен кетпейді. Дәл солай өмірінде шаттанып көрмепті. Дәл сол кездегідей бар қуатын сарқып тастап, шатқаяқтағаны есінде жоқ. Белдесу біткен бойда жаңа туған құлындай буын-буыны діріл қағып, аяғында тұра алсайшы. Тобығы тайып кетіпті. Кемерінен аса шалқыған қуаныштан оны да елең қылған жоқ. Жарты сағат есін жия алмай жатты.

    Бір кезде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов жетті бал-бұл жайнап. Жақсылықты құшағына қысып, ризалығын білдірген. Сосын селт еткізер жаңалығын жеткізді. Осылай қарай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов (қазіргі ұғыммен – Қазақстанның премьер-министрі) келе жатыр екен. Жақсылық пен қасында шыр-пыр боп жүрген жанашыр ағасы Қабден Байдосов аң-таң.

    Көп ұзамай қалың нөкерімен Бәйкен Әшімов кіріп келді.

    –Мені Дінмұхаммед Қонаев жіберді, — деді Бәйкен Әшімов амандық сұрасқаннан кейін. – Ол кісі сені өзі қадағалап отыр. Қалай, Жақсылық, жеңеміз бе?

    –Жеңеміз, аға! – Жақсылықтың жанары жарқ ете қалды. — Чемпион болады деген жігітті жықтым. Сенесіз бе, Александруды ұтқаныма әлі сенбей отырмын. Жасым жиырма тоғызда. Енді шегінер жайым жоқ. Көңілдеріңізге шексіз ризамын!

    – Жарайсың, бауырым! Дінмұхаммед Ахметұлы саған және Серік Қонақбаевқа зор үміт артып отыр.

    – Үміттеріңізді ақтаймын, аға! Бүкіл ел боп қолдап жатырсыздар. Сол елдің тілегінің арқасында ең қиын асудан астым. Бәріңізге мың да бір рахмет! Елді сағындым, аға! Ауылды аңсап отырмын. Жаны қалмай қолдап жатқан халыққа рахмет! Бәріне сәлем айтыңыздар. Алла қолдаса, енді жығылмаймын. Не жеңемін, не осы жерде өлемін, аға! Үлкен кісіге дәл осылай деп сәлем айтыңыз.

    – Сабыр, сабыр ет, батыр!

    – Еуропада есем кеткен Керпачты да жығамын. Сол жолы өз қателігімнен сүріндім. Енді олай болмайды.

    – Рахмет, Жақсылық! Қандай тілегің бар, саған не берейік, не сұрайсың, айналайын?!

    – Бір тілегім бар, айтсам, орындайсыз ба?

    Мұндайды күтпесе керек, Әшімовке еріп келген жігіттер бұған үдірейісе жалт қарасты. Бәйкен Әшімов жымиған қалпы Жақсылыққа сұраулы жүзбен қараған. Сәл үнсіз қалған жайдары жігіт алдындағы асқар таудай ағасына еркелей үн қатты:

    –Аға, дәл осы жерде бір кесе қымыз болса ғой, шіркін!

    Бәйкен ағасы бір рахаттанып күлді дейсің! Жігіттердің де езуіне күлкі үйірілген.

    Бүтін бір ұлттың ақжарма көңілі мен таңғы шықтай мөп-мөлдір сезімін жеткізген ағалардан кейін Жақсылықтың жан-дүниесі алапат күй кешкен. Тұтас бір халықтың қуаты бойына дарығандай, әй бір, буырқанды дейсің. Көңілде титтей де күмән жоқ. Ғайыптан құйылған әлдебір күш қолтығынан демеп тұрғандай.

    Сол екпінмен Олимпиада кілеміне үш мәрте қадам басты. Үшеуінде де қарсыластарын сең соққандай сансыратқан. Әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы Роман Керпачты, әлем чемпионатында олжа салған, Еуропаның атақты көкжалдары венгр Ференц Шереш пен болгар Павел Христовты Жақсылық күмәнсіз ұтып алды.

    Сөйтіп, қолтоқпақтай ғана жігіт барша қазақ жұртын шат-шадыман қуанышқа бөлеп, ұлтының спорт тарихының төрінен бір-ақ шықты. Финалда төреші ысқырық шалысымен талай жылғы бейнеттің өтеуіндей боп екі көзінен ыстық жас парлады. Буын-буыннан әл кетіп, боз кілемнен тұра алмай қалған Жақсылықты бір кездегі айтулы балуан Қабден Байдосов ағасы алақанына салып, аялай көтеріп әкеткен. Сол сәтте аумағы атшаптырым сарайға жиналған мың сан қазақтан бастап алыстағы алаш жұртының жанарына моншақ-моншақ жас тұнып еді-ау. Сол сәттен бастап Жақсылық туған халқының алақанына қонды. Аллаға шүкір, сол абыройына қылаудай дақ түсірмей әлі еркелеп келеді.

    Ал, 29 жыл бұрын азаттығын алған алаш жұрты Жақсылықтан кейін күрестен бір Олимпиада чемпионы қашан шығады, деп сарғая тосып әлі жүр…

     

    Қыдырбек РЫСБЕК,

    спорт тарихшысы.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *