• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Мұсағали Тасқалиев ердің жасы елу жасқа келді

    Қазақ спорт журналистикасында табанды еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген қаламгерлердің арасында шоқтығы биік бір жанды ерекше атағым келеді. Ол – Мұсағали Тасқалиев.

    Осы журналистика саласынан қоныс аудармай, көп жылдар бойы тер төгіп, ел алғысын алып жүрген бұл азаматқа спорт сүйер қауымның ықыласы ерекше. Қоныс аудармай деген сөзімнің түп мәніне келетін болсақ, көптеген жас журналистер айтулы салаға екпендіп келіп, ауыртпалығына шыдамай, еңкейіп кетіп қалып жатады. Заман ағымына қарай жеңіл жолда табыс көзі дұрыстау жаққа бет бұрады. Ал, шындығында журналистика мамандығына  жаныңның қалауымен қандай ауырлық кездессе де төзуге дайын болып келмесе еш нәтиже болмайды. Бұл – аксиома.

    Міне, осы жағынын алғанда, Мұсағали Тасқалиевті көпке үлгі болып жүрген қоғамдағы нағыз белсенді, жазуы өткір, бағыты дұрыс ардақты ардагер қаламгердің қатарына жатқызар едім. Мұсағали өзі ашып алған «Спорт жұлдыздары» мен «Білім нұры» журналдары бүгінгі таңда ақпарат айдынындағы ел іздеп, сұрап оқитын басылымдардың біріне айналды. Өйткені, «Спорт жұлдыздарында» еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан жарыстар мен спорттың шыңына жеткен тұлғалар туралы дүниелер сараптамалық түрде баян етіліп отырады. Ал, спорт тақырыбында мерзімді түрде шығатын журналдар қазір жоқтың қасы. Сол тұрғыдан қарағанда Мұсағалидың журналын көшбасшы деп айтуға болады. Сондықтанда оқырманның сүйікті  журналдарының бірі. «Білім нұры» журналы да қалың оқырманның іздеп оқитын басылымына айналған.

    Мұсағалидың тағы бір ерекшелігі оның ақынжандылығы. Оның қаламынан туған жырларды бүгінгі күні еліміздегі маңдайалды әншілер ел ішінде айтып жүр. Сонымен қатар, жүрегінен жарып шыққан жырлары екі кітап болып басылып шықты. Ұлтжанды арда азаматтың бойынан, өмірге, елге деген сүйіспеншілігі мен қоғамдағы белсенді өмірін көріп, «Бар бол бауырым», деп қуанып қаласың.

    Міне, бүгін осындай ел құрмет еткен асыл азамат елуді еңсеріп отыр. Ердің жасы елуге келген әріптесіміз әрі досымыз Мұсағали Тасқалиевті думанды мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, сарқылмас бақыт, баянды ғұмыр, отбасының амандығын тілеймін!

     

     Менің досым 50-де

     

    Мұсағали досым бар Ақтөбеде тұратын,

    Қабырғалы қаламгер, тұлпар сынды шабатын.

    Шабыттанса ақын ғой, жырлары бар тартымды,

    Оқырманы риза боп, рахаттанып қалатын.

     

    Ақын аз ба қазақта махаббатты жырлаған?

    Бұл тақырып талай түн, ұйқыны да ұрлаған.

    Мұса жазған жырлардан, сезім сырын ұғасын,

    Шумақтары па шіркін, жанынды оттай баураған.

     

    Ел спорты дегенде, Мұса атқа қонады,

    Сапарлатып тынымсыз, болып жүр елдің қонағы.

    Журналымен қазаққа қанша жанды танытты,

    Сауап жинап жан досым, көңілі таудай болады.

     

    Қуаныш пен қайғы да досын іздеп баратын,

    Үлкенге ізет, кішіні құрмет тұтып тұратын.

    Жүрегі ақ жомарт жан, Кіші жүздің батыры,

    Ат мінгізіп досына, жүген ұстап қалатын.

     

    Ер жігітке елу жас жарасады бауырым,

    Бір топ елін артында, еріп жүрген қауымын.

    Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері секілді,

    Серісің ғой сенде бір, басылмай жүрген дауылын.

     

    Кейде досқа жете алмай сағынумен жүреміз,

    Қиыр шетте тұрасын, оны жақсы білеміз.

    Жүрген жерін той-думан, жарасымды әзіл ғой,

    Өткен күнді еске алып, жадыраймыз, күлеміз.

     

    Ердің жасы елуін құтты болсын жан досым,

    Ырыс қонып үйіне, дастарханың мол болсын!

    Сапардасын үнемі, қаламынды қолға ұстап,

    Алдын ашық әрқашан, сайраған ақ жол болсын!

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     Sportpress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтының редакциясы қазақ спорт журналистикасына өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі қаламгер, ақын «Спорт жұлдыздары» және «Білім нұры» журналдарының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевті ердің жасы елу жасқа келуімен құттықтап, әріптесімізге денсаулық, құт-береке, шығармашылық табыс тілейді.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *