• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ұранымыз – салауатты өмір салтын ұстану!

    Бұл дүниеде адам өмірінің мәні мен сәні – салауатты өмір салтын ұстанып, айналасына, елге қызмет етіп, жақсы өмір сүру.

    Қазіргі уақытта бүкіл дүниежүзі, соның ішінде біздің ел де бұрын-соңды болмаған COVID-19 індетімен күресіп жатыр.  COVID-19 адамзатқа қайғы-қасірет әкеліп, әлемдік экономиканы тұрақсыздандырып, миллиардтаған адамның өміріне қауіп төндіріп, өмір сүру қалпын өзгертуде. COVID-19 пандемиясы адамға денсаулықтың қадірін, ауруды алдын алудың маңыздылығын, денсаулыққа деген жауапкершіліктің болу керектігін көрсетті. Сондықтан да қазіргі таңда  COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты денсаулыққа аса көңіл бөліп, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды.

    Адамның басты байлығы – денсаулық. «Дені саудың — жаны сау» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Денсаулық – адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса қайтып орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Сол себепті денсаулығымыз жақсы болу үшін салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор.

    Коронавирустық пандемия кезіндегі салауатты өмір салты дегеніміз не? Бұл дұрыс тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, спортпен шұғылдану, ұйқыны, күнделікті режимді сақтау, жеке гигиенаға жауапкершілікпен қарау, эмоцияға берілмей, жүйкені сақтау, темекі, алкоголь және басқа да зиянды әдеттен арылу. Адам осы ережелерді сақтаса,  ағзасы дұрыс жұмыс істейтін болады.  Салауатты өмір салтын ұстану ағзаның инфекциямен күресін арттырады. Сондықтан кез-келген адамға осы инфекцияны жеңу үшін ағзаны жақсы ұстап, иммундық жүйені нығайту керек.

    Иммундық жүйені нығайтудың әдістерінің бірі – дене шынықтыру, бірақ оны ағзаға шамадан тыс салмақ салмай, біртіндеп жүргізу керек. Қорғаныс функцияларын күшейту процедураларын жүйелеу қажет.

    Салауатты өмір сүру әлеуметтік маңызы бар мәселе. Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болар жас ұрпақтың дені сау болса ғана биік шыңдарға шығып, халқына қызмет ететіні сөзсіз. Кез келген елдің болашағы халықтың денсаулығына байланысты. Ал біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты.

    Бүгінгі таңда  Парламент Сенатының қарауына мәдениет, спорт және дене тәрбиесіне арналған заң жобасының аясында ұлттық спорт ойындарының кейбір түрлерін білім ошақтарында дене тәрбие сабағына енгізу қажеттігі  қарастырылып, оның  инфрақұрылымын дамыту көзделуде. Салауатты өмір салтын ұстануда ұлттық спорт түрлерi мен халық ойындары жеткiншек ұрпақты үйлесiмдi тәрбиелеудiң ажырамас бөлiгi. Қазiргi кезде біздің елге жеткiншек ұрпақты тәрбиелеу үшін халық ойындары мен ұлттық спорт түрлерiнің бай тәжiрибесiн пайдалану қажет. Ойын баланың барлық қабілетінің дамуына, айналасындағы дүние жайлы түсініктерінің кеңейуіне көмектеседі.

    Қазіргі таңда көген тартыс, аламан бәйге, ат жарыстары, асық ойындары мен басқа да көптеген ұлттық ойындар бар. Әсіресе, пандемия кезінде әлеуметтік желілерде қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі ләңгі ойыны кең танымал болуда.

    Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Асық ойыны, ләңгі баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа, төзімділікке, табандылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеттер болашақта адамның ойында да, өмірде де көздеген мақсаттарына жетуге, шыңдалуына септігін тигізеді.

    Бүгінде COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттерінің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, оларды денсаулығын сақтауға, айналадағы ортаны таза ұстауға және жақсы, сапалы білім алып, сол білімді болашақта өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу. Осы орайда  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және Бизнес жоғары мектебінің ұжымы  жастардың денсаулығы, салауатты өмір салтын ұстану, пандемия кезіндегі ережелер сияқты маңызды мәселелерді әлеуметтік-тәрбие жұмыстарында назардан тыс қалдырмайды. «Экономика» мамандығының 2 курс студенттері «Тәні саудың-жаны сау!», «Логистика» мамандығының 3 курс студенттері «Салауатты өмір салты – ғасыр ұраны!» атты  іс-шаралар өткізді. Бұл шаралардың мақсаты – «Тәннің саулығы – жанның саулығы» дегендей жастарды қазірден бастап денсаулықтарына көңіл бөліп, жат қылықтардан аулақ болып, салауатты өмір сүрудің маңыздылығын ұғындыру, денсаулықтың қадірін түсіне, сақтай білуге тәрбиелеу, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімдірек екендігін түсіндіру, дене тәрбиесіне, салауаттылыққа дағдыландыру.

    Адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі салауаттылық. Отанымыздың ертеңі болашақ жастардың қандай азамат болып қалыптасатынына  байланысты.

     

    әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұстазы экономика ғылымдарының кандидаты, профессор З.АХМЕТОВА, аға оқытушысы Ілияс КҮЛИЕВ, магистранты  С. МАҚСҰТОВА

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *