Азия ойындары қазақ күресін құшағына алды

Осыдан 10-20  жыл бұрын қазақ күресінің Азия ойындарына кіргелі жатыр десе ешкім сенбеген болар еді. Міне, Аллаға шүкір қазағымның ұлттық күресі Азиада бағдарламасынан ойып тұрып орын алып, Алаш жұртының сан жылдар бойы арман еткен тілеуі орындалып отыр. «Қазақ күресінің Азия ойындарында не бар? Одан не ұтады?», – дейтұғын жандар да ел ішінен табылып жатты. Жалпы айтқанда, қазақ күресі өз тарихында қаншама қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізіп, халқымыздың басқа да ұлттық өнерлерімен иық тіресе жасасып келген ғажайып төл өнеріміз екенін айырықша айтқымыз келеді. Міне, уақыт өте келе ұлттық күресіміз  еңсесін қайта түзеп, Алаштың арда спорт түріне айналып келеді. Енді, қазақ күресінің алғашқы бағындырған алып белесі Азия ойындарынан әңгімемізді бастасақ.

Кеңес Одағы кезінде «Осы қазақ күресінің керегі не?» – дегендер де болғанынын білеміз. Соңғы жылдары   «Қазақ күресі Азияның қолтығында кетіп қалады ғой» – деп білгірсінгендер де бой көрсетті. Десек те, барша қазақтың арманы төл күресіміздің жапонның дзюдосы, корейдің таеквондосы секілді әлем аренасына шығуы еді. Сонау бір жылдары өзге спорт арасында өгейсіп қалған қазақ күресі теріс көзқарастың тепкісіне түсіп сүрінсе де құламады, таланса да жараланбады деуге болады.

Түрікмен ағайындар Ашғабадта өткен жабық кешендегі  V  Азия ойындарын аламан деңгейде ұйымдастырған екен. Бұл жарысқа 62 мемлекеттен келген 4500 спортшы жарыстың 21 түрінен  347 медальдер жиынтығы сарапқа салды. Көппен көрген ұлы той демекші, Қазақстан  құрамасы да айтулы додаға маңдайалды спортшыларын сайлап апарған болатын. Иә, алдымен V Азия аламанының әсерлі өткен  ашылу салтанатын  айтпай кету мүмкін емес.  Заман талабына  сай салынған Олимпиада қалашығындағы орын алған орталық стадионның көрінісі көз жауын алады. Өзге мемлекет басшыларымен бірге бұл салтанатты шараны еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев та құрметті меймандардың ортасында тұрып  тамашалады. Түрікмен халқының түп тарихынан бастау алған шоу бағдарламалар тоқтаусыз бір-бірін жалғастырып алып кетіп, көрерменге үлкен әсер қалдырды деуге болады. Негізі өз ұлтын, тілін, дінін, ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін айырықша құрметтейтін түрікмендей елі бар, оның халқының қамын ойлап, ел экономикасын  дамытуға бар күш жігерін салып келе жатқан, тұрғылықты жұрттың екінің-бірі  жақсы көріп әспеттейтін Құрбанғұлы Бердымұхамедовтей президенті бар бұл халық өздерін бақытты санайтынына көзіміз жетті.  Түрікмен басшысы ашылу салтанатында жарты сағаттай өзінің ана тілінде ел жетістігін баяндап берді. Түсінгені түсінді, түсінбегені түсінгеннен сұрап аларсыңды білдіргендей болды. Құптарлық, қоштарлық жай. Содан кейін, сөз алған Азия олимпиадалық кеңесінің президенті, аса мәртебелі  Шейх Ахмад әл Фахад әл Сабах жарыстың мәні мен маңызын айтып,  түрікмен елінің қонақжайлығына  ерекше алғысын білдірді. Түрікмен халқының ұлттық құндылықтарының бірі ол ахалтеке сәйгүлектері мен алабай иттің тұқымы екені белгілі. Ойындардың ашылу салтанатында елдің есінде қалғаны да сол сұлулықтың символы іспеттес ахалтеке аттарынының  өнері еді. Түрікмендер аты мен итін әдемі паш ете отырып, көрермен  қошеметіне бөленді. Кім білсін, түрікмендердің  жеті қазынаның екеуін осылай көрсетуі де орнымен шығар деген ойда қалдық. Азия ойындарының алауы да сол ахалтеке атын мінген шабандоз жігіттің шауып барып, жануардың бас кескінінен жасалған ғаламат биіктегі мүсін арқылы тұталуы да айырықша бір көрініс болғаны анық.

Хош, сонымен Қазақстан құрамасы спортшыларының арасында қазақ күресінің палуандары да салтанатты командалық шеруге қатысып  жүріп өтті. Қаншама жылдар арман болған бұл сәтте Алланың қалауымен келіп жетті. Кезінде Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы президентінің бірінші орынбасары, профессор, Қазақстан Респубикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Серік Түкеев мырза «Қазақ күресін қалайда Олимпиада ойындарына қосуымыз керек. Өйткені, біздің күрес  әлемге кең таралған күрес түрлерінен еш кем емес. Қазақ күресі  ең әдемі  бекзат күрес түрінің бірі. Сондықтан қазақ күресін Олимпиада бағдарламасынан көрсек барша қазақ халқының арманы орындалар еді. Иә, алдымен ол үшін қазақ күресін әлемге дамыту жолында бізді қыруар жұмыстар күтіп тұр. Солардың ең маңыздысы ол қазақ күресін Азия ойындарына кіргізу», деген болатын. Міне, араға қаншама жыл салып, қазақ күресі алғаш рет Азия ойындарына кіріп қуантып отыр. «Жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады»,  деген қанатты сөз бар. Көп болып қазақ күресіне сүйспеншілікпен қолдау жасап кіріссе  шығар биігі әлі алда деп ойлаймыз. Ендігі асу ол – Олимпиада асуы. Соны бағындыру жолында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы аянып қалмайтыны анық.

Қазіргі таңда аталған федерацияның жүйелі  түрде жасаған жұмыстары міне, жемісін беріп келеді. Бітер істің басына, жақсы келер қасына демекші, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясына президент болып келген Ислам Әбішевтің де ұлттық күреске деген ерекше көзқарасын жемісті істерінен көріп келеміз. Өз ісіне жауапты, іскер, білгір басшының осындай ұлттық күресіміздің тізгінін ұстап келуі ұлттық күресіміздің өсіп-өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз.

Жалпы, қазақ күресінің  дамуы үшін күресті жақсы көріп, жан тәнімен белсене араласқанда ғана үлкен бір нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетіп жүрген тағы бір азаматтың бірі ол – Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Бәделқан Камалқанұлы. «Жақсы келді дегенше жарық келді» десеңші, дегендей, бұл арқалы азамат өзінің туған өлкесі Ақсуат ауданында  айды аспанға шығарып, Ырғызбай Досқанұлы атында қазақ күресінен жыл сайын  өткізіп келген, дәстүрлі халықаралық гран-при турнирінің кезекті  жарысын тұңғыш рет Әлем кубогына арнап ұйымдастырған жан. Әлем кубогының ауыл-аймақта өтуіне таң-тамаша болған  Халықаралық Біріккен күрес  түрлері федерациясының, Бүкіләлемдік белбеулі күрес комитетінің президенті Гинтаутас Вилейта мырза бұрын-соңды әлемдік күрес тәжірбиесінде мұндай жағдайдың  болмағандығын сөз етіп, асқан ризашылықпен жоғары баға берген екен. Міне, әркетіне қарай берекеті болып отыр. Дүниежүзілік қазақ күресін он екі қанат үлкен бір ақ үй деп алып, сол үйді бекітіп ұстап тұрған әрбір уықтарын ұлттық күрестің жанашыр азматтарына теңесек, үйдің іргесі ешқашан шайқалмайтынына сеніммен қарауға болады.

Сонымен Ашғабадтағы Азия ойындарына оралып, үзілген сөзді әрі қарай сабақтасақ. Қазақ күресінен тұңғыш өткен аламан жекпе-жектер көрмендерге үлкен әсер қалдырды деп ойлаймыз. Өйткені, біздің күрестің сән салтанатын тамаша көрсете білген балуандарымызға  ерекше алғыс айтсақ болады. Айтулы жарысқа  тұңғыш рет қатысып отырған  қазақ күресінің палуандары  3 салмақ дәрежелері бойынша жекпе-жектерін өткізді. Аламан Азия бәсекесінде  70 кг салмақта Қасымқан Төленбаев, 90 килода Әділжан Ыстыбев, 90килодан жоғары салмақта атан жілікті апайтөс палуанымыз Айбек Нұғмаровтар еліміздің намысын абыроймен қорғаған еді. Қарсыластарын алып та шалыпта жеңген жерлестеріміздің үшеуі де финалға шықты. Жеңіл салмақта күрескен Қасымқан қарсылас шақ келтірмей, қоғадай жапырып ақтық белдесуде түрікмен палуаны Б.Атаевты айқын басымдылықпен жеңіп, алтын жүлдені алды. Бұл салмақта қола медаль қырғыз М.Ералиев пен түрікмен палуаны Ү.Момуновке  бұйырды. Әділжан  самбодан екі дүркін  әлем чемпионы түрікмен спортшысы Т.Теленовке жартылай финалда  ұтылып қалды. Финалда сол Т.Теленов тәжік Е.Каримзоданы таза жеңіп, алтын жүлдегер атанды. Ал, үшінші орын үшін таласта үнді палуаны К.Сумуды алып ұрған жерлесіміз  Әділжан Ыстыбаев қола жүлдені қанағат етті. Ауыр салмақта финалда белдескен Айбек қарсыласы қырғыз палуаны Т.Куваловты еш қиындықсыз жеңіп, алтын медальмен марапатталды. Алып салмақтағы палуандар арасында қола медальдарды  моңғол Р. Гонгор мен түрікмен палуаны К. Нуриевтер иленді.  Осылайша, қазақ күресі өзінің тұңғыш рет қатысып отырған Азия ойындарында 2 алтын, 1 қола медальді иеленді. Бұл қазақ күресінің тарихи табысы деп айтуға  болады.

Төл күресіміздің түрікмен топырағында төбеге шығып, туымызды тіккенінің өзін бас бармақпен бағалауға болатын шығар. Палуандарымызды Азиададан баптап, алып барған  қазақ күресінен әлем чемпиондары Ерлан Естек, Бауыржан Тәліп секілді  қазақ күресінің қазанында бірге қайнасып жүрген мамандарға да алғыстан басқа айтар жоқ. Халқымызға сүйіншілеп айтар қуанышты хабарлар сарқылмасын. Алаш жұрты үшін ақ түйені қарны жарылған қуанышты хабарды Ашхабадттан  осылай баян еттік. Алдағы 2018 жылы Индонезияның Жакарта қаласында өтетін Океания ойындарында  да қазақ күресі көрсету бағдарламасына кіріп қалуы әбден мүмкін екенін қуана айтамыз. Ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың үздік спортшылары енді ұлттық күресімізден 5-8 қазанда Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында өтетін 7 әлем чемпионатына дайындықтарын бастайды.

 

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

Ашғабад (Түрікменстан)

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*