• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Стойлов: Негізгі құрамдағы төрт ойыншымыз жарақат алып қалды

    «Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов Еуропа лигасының топтық кезеңінде Чехияның «Славия» командасына қарсы кездесу алдында баспасөз конференциясын өткізді.

    – Біз Еуропа лигасының топтық кезеңінде өз алаңымыздағы алғашқы ойынымызды бастайын деп отырмыз. Бізді ауыр матч күтіп тұрғанын жақсы білеміз. Ұжымдағы жігіттер де бар жауапкершілікті сезініп отыр. «Таразға» қарсы ойын алдыда да, одан кейін де аздаған қиындықтарымыз пайда болды. Қазір бірнеше ойыншымыз жарақат алып қалды. Ласло, Деспотович, Граховац, Шитов бізге көмектесе алмайды. Бірақ біз бір шешімін табуымыз керек. Ертең өз жанкүйерлеріміздің алдында бар өнерімізді салатын боламыз.

    – «Астана» өз алаңында «Легия» мен «Селтикке» қарсы ашық футбол көрсеткен. Ертең командадан осындай ойынды көре аламыз ба?

    – Бұл ойында бірнәрсені өзгертетіндей немесе қарсыласымыздан қорқатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Біз өз ойынымызды көрсетеміз. Шабуылға шыққанда неғұрлым нәтижелі аяқтауды ойлауымыз керек.

    – Өз алаңымызда өткізетін алдағы екі ойын топтық кезеңнен шығуға мүмкіндік береді деген пікірмен келісесіз бе?

    – Бұл ойындардың маңызы зор екенін ерекше атап кеткен жөн. Дегенмен, өз мүмкіндігімізді де білуіміз керек. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ әзірге деңгейіміз топтық кезеңмен ғана шектеліп жатыр. Дегенмен соңғы жылдары «Астана» кіммен болсын иық тірестіріп, тең дәрежеде ойнай алатынын дәлелдеп келеді. Біз әр ұпай үшін соңына дейін күресетін боламыз. Себебі, әр ұпай командаға қаржылық жағынан да пайдасын тигізетінін ұмытпаған жөн. Ал ең бастысы жанкүйерлеріміздің қуанышына кенелеміз.

    – «Вильярреалмен» салыстырғанда «Славия» осал деп санайсыз ба? Қандай ойыншы қауіп тудыруы мүмкін?

    – Егер «Славияны» «Вильярреалмен» салыстырсақ, деңгейі төмендеу екені белгілі. Чехиялық ұжымды қытайлық инвестор өз қолына алғалы бері үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Олар күн санап дамып жатыр. Әр позицияда екі-үш ойыншыдан бар.

    – Мигель Даннидан бөлек қандай ойыншыдан қиындық тудыруы мүмкін?

    – «Славияда» шабуыл шебінде өнер көрсететін бірқатар ойыншылар бар. Томаш Нецидті ерекше атап өткен жөн. Алайда, «Славия» командалық ойынға көбірек мән береді. Әрине, оларда Месси, Роналду секілді жұлдыздары жоқ. Бірақ мықты ойыншылары аз емес екенін ескеру керек.

    – Өткен жылы «Астана» ішкі біріншілікке баса назар аударды. Қазір «Қайрат» іздеріңізден келеді. Бұл жолы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінен шығуға ден қоясыздар ма, әлде Премьер-лига маңыздырақ па?

    – Әрине, топтық кезеңнен шыққымыз келеді. Бірақ басты мақсатымыз – чемпиондық атағымызды қорғап қалу. Екі жаққа да назар аударамыз. «Қайрат» соңғы кездері жақсы ойнап жүр. Бізде төрт легионер бар. Олардың еуропалық тәжірибесі болғандықтан сенім артып отырмыз. Бірақ футболдың аты футбол. Бұл да бір кезекті қиындық болар. Былтыр «Олимпиакосқа» қарсы ойында негізгі командадан 10 ойыншымыз, жастардан үш жігітіміз ғана болатын. Біз одан да өттік.

    – «Астана» кеше ғана стадионның шатырын жапты. Бұл сіздің қалауыңыз ба?

    – Ол басшылықтың қалауы. Ойыншыларға да, бапкерлерге де жылы болатын болды (күлді).

    – Жасанды алаң «Астанаға» басымдық беруі мүмкін бе?

    – Олай деп айта алмаймын. Біз сырт алаңдарда табиғи шөпте ойнасақ, қарсыластарымыз синтетикалық алаңда ойнайды. Жағдай екі жаққа да бірдей. Сондықтан айтарлықтай басымдық береді деп айта алмаймын.

    – «Легияның» деңгейін қалай бағалар едіңіз?

    – Осал команда емес. Ұйымшыл деп айта аламын. Шабуылда өнер көрсететін жігіттер қорғанысқа да жиі араласады.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *