• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Конфедерация кубогының жалауы желбіреді

    Елімізде Конфедерация кубогының іріктеу кезеңдері басталды. Дүбірлі додада спортшылар жарыстың 5 түрінен бақ сынады. Атап айтқанда, олар бокс, дзюдо, таэквондо, еркін жəне грек рим күрестерінен өзара мықтыны анықтады.
    Тараз қаласында өткен іріктеу кезеңінде «D» тобының спортшылары жартылай финалдық жолдама үшін барын салды. Жеребе бойынша «D» тобына Ақмола, Жамбыл, Қызылорда облыстары жəне Алматы қаласының құрама командалары түскен болатын.

    Конфедерация кубогының іріктеу кезеңдерінің ресми ашылу салтанатына Спорттық жекпе-жек жəне күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының мүшелері мен Жамбыл облысының басшылары қатысты.

    Дзюдо жəне таэквондо бойынша 2016 жылғы Конфедерация кубогының иегерлері Жамбыл облысы биыл жанкүйерлер үмітін ақтай алмады. Олар жарыстың екі спорт түрінен де Алматы қаласының спортшыларынан жеңіліп қалды. Дзюдодан Жамбыл облысының құрама сапында ұлттық құрама мүшесі, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов пен Әзиз Қалқаманұлы сынды əлемдік жарыстарда ел намысын қорғап жүрген дзюдошылар белдесті. Сондай-ақ, Алматы қаласының намысын халықаралық жарыстарда жүлделі орындармен қазақ жұртын қуантып жүрген Ғұсман Қырғызбаев, Ғұмар Қырғызбаев, Елдос Жұмаханов, Қызылорда облысының құрама сапында «Қазақстан барысы-2017» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев күресті.

    Таэквондо бойынша да Алматы қаласының спортшылары осал еместігін көрсетті. Олар жергілікті спортшыларды, Жамбыл облысының құрамасын 85:90 есебімен жеңіп, 2017 жылғы Конфедерация кубогынан жүлдесіз қалдырды.

    Грек-рим күресінен боз кілемде белдескен Қызылорда облысының балуандары шешуші кездесуде Алматы қаласының спортшыларынан мықты екенін дəлелдеді.

    Еркін күрестен Алматы қаласының палуандары қарсылас шақ келтірмеді. Шешуші жолдама үшін күресте Қызылорда облысының өкілдері мықты болды.

    Елімізде Конфедерация кубогы былтырдан бастап өткізіліп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 125 млн. теңге. Аталған доданың финалдық кезеңі 2-3 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *