• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    ktf.kz

    Рыбакина кезекті турнирін жеңіспен бастады (ВИДЕО)

    Әлемнің төртінші және Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Испанияның Мадрид қаласында басталған WTA 1000 турнирінің үшінші кезеңіне шықты.

    Екінші кезеңде Рыбакина Италияның өкілі Лючия Бронцеттиді екі сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңді. Бронзетти бірінші айналымда Францияның теннисшісі Варвара Грачевадан 6:3, 6:3 есебімен басым түскен еді.

    Енді отандасымыз 1/16 финалда Украинаның спортшысы Лена-Марта Костюк мен мысырлық Маяр Шериф Ахмед Шерифтің арасындағы ойынының жеңімпазымен сынға түседі.

    Еліміздің тағы бір теннисшісі Анна Данилина Португалияның Оэйраш қаласында өтіп жатқан ITF W100 турнирінің жартылай финалына шықты.

    Жарыстың үшінші ракеткалары болып тіркелген Данилина мен нидерландтық Бибиана Схоофс алғашқы айналымда румыниялық Ирина Барэ мен Кристина-Андреа Митуді 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Содан кейін Анна Данилина мен Бибиана Схоофс ширек финалда португалиялық Ана-Филипа Сантос мен испаниялық Люсия Кортез Йорктен 6:3, 6:1 есебімен басым түсті.

    Бұл матч бір сағаттан астам уақытқа созылды.

    Анна Данилина мен Бибиана Схоофстың жартылай финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
    Сонымен бірге Қытайдың Шэньчжэнь қаласында жалауы желбіреген челленджер турнирінде Денис Евсеев ширек финалға шықты.

    Ол екінші айналымда әлемнің 262-ракеткасы, аустралиялық Филип Секуличпен ойнады.

    Матч тартысты болды. Бірінші партияда Евсеев тай-брейкте сәтті ойнап, 7:6 (7:3) есебімен, екінші сет 6:3 есебімен жеңді.

    Енді Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 223-ракеткасы, эстониялық Марк Лаял немесе рейтингіде 253-сатыдағы ұлыбританиялық Артур Феримен кездеседі.

    Дмитрий Попко АҚШ-тың Саванна челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.

    Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 248-орында тұрған америкалық Этан Куинның мысын басты.

    Бірінші партияда Попко 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Куинн қарымта қайтарды. Есеп  – 7:5. Шешуші, үшінші сетте Попко 6:3 есебімен жеңді.

    Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 252-сатыдағы нидерландтық Гийс Брувермен күш сынасады.

    Тимофей Скатов Чехияның Острава қаласында басталған «Челленджер» сериясының турнирінің ¼ финалында жергілікті теннисші Зденек Колардың алаңға шықпауына байланысты жартылай финалға жолдама алды. Ол ½ финалда германиялық Генри Сквайермен ойнайды.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *