• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Асық ату федерациясы

    Мажарлар да қазақтың асық ойынына қызығып жатыр (ФОТО)

    Мажарстанда соңғы уақытта асық ату спортын дамыту қолға алына бастапты. Бұл жөнінде Мажар-Қазақ мәдени ұйымының басшысы Жанаргүл Көпжасарова Асық ату федерациясының баспасөз қызметіне баяндап берді.

    Мен Ақтөбе облысының тумасымын. Ойыл ауданында туып-өстім. Анам Атырау қаласында тұрады. Біздер Мажарстанда 50-ге жуық қазақ тұрамыз – дейді Жанаргүл Бақтыгерейқызы. – Оның көбі осы жақта білім алып жатқан студенттер. Өзім құрылтайшы болып Мажар-Қазақ мәдени ұйымын ашқанбыз. Ұлттық ойындарымыз тоғызқұмалақты былтырдан бері, асық ату мен бес асықты екі-үш ай көлемінде дамытып жүрген жайым бар. Жалпы, мажарларда бұрын біздің асық ойынына өте ұқсас Капузаш және Биказаш деген ойындар болыпты. Бір қызығы асықпен емес таспен ойналады екен.  Бірақ үлкендер жағы болмаса қазіргі мажар жастары ол ойындарды білмейді. Біздің асығымызды көріп, ұмытылған ойындары естеріне енді түсіп жатыр.

    Мажарстанда асық ойынын дамытуға маған көмектесіп, асық атудан Көшпенділер ойындарына дайындалып жүрген Балаж деген жігіт өз елінің туын бейнелеп асық жасап шығарды. Қазір сол асықтармен ойнап жүрміз. Жақында Қазақстаннан Жомарт Сабыржанұлы асық жиынтығын беріп жіберген екен. Қуанып қалдық. Жалпы, мажарлардың асық ойынына деген қызығушылықтары өте жақсы. Тимеа деген мажар қызы бес асықтан шәкірттер тәрбиелеп жүр. Бұдан бөлек Тимеа мажардың ситера деген ұлттық аспабымен қазақтың әндерін айтып, күй тартады.

    Жанаргүл бізге осындай жағымды жаңалықты қуана жеткізді. Енді ол 8-14 қыркүйек күндері Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына асық ату спортынан команда алып келгісі, сөйтіп мажарларға асық ойыны қалай ойналатынын көзбе-көз көрсеткісі келеді. Алайда, жарысқа келетін қаржы таба алмай жатыр екен.

    Жанаргүл сөз сонында егер бізге Көшпенділер ойындарына келуімізге демеушілік көмек көрсететін азаматтар табылып жатса деген өтінішін білдірді. Мажарстанда оларға қолдау көрсететін бизнесмен қазақтар жоқ көрінеді. Жанардың ендігі үміті — өзіміздің қалталы азаматтар мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығында. Мажар елінде қазақтың ұлттық ойындарын дамытып, болашақта федерация ашамын деп жүрген қазақ қызына көмек қолын созатын азаматтар міндетті түрде табылады деген сенімдеміз.

     

    Асық ату федерациясының баспасөз қызметі

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *