• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Астанада IV қысқы жастар спорт ойындары аяқталды

    Бүгін Астана қаласындағы «Алау» мұзайдынында конькимен жүгіруден IV қысқы жастар спорт ойындары мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күні 1500 метр мен масс-стартта үздіктер анықталды.

    Әйелдер арасында 1500 метрде астаналық Алина Дауранова қарсылас шақ келтірген жоқ. Дарья Гаврилова (Астана) күміс, Алена Лифатова (Павлодар облысы) қола медальге ие болды. Ерлер арасында Вадим Якубовский (Қостанай облысы) чемпион атанса, Роман Биназаров (Қостанай облысы) пен Михаил Глущенко (Алматы) одан кейінгі тұғыр сатысына көтерілді.

    Ұлттық құрама спортшысы Алина Дауранова масс-стартта да мәреге бірінші келіп, осы ойындарда алтыншы алтын медалін алды. Қалған жүлдені Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Кристина және Алина Шумековалар иеленді.

    Алина Дауранованың өзі жарыста жақсы өнер көрсетуге тырысқанын айтты.

    Бұл маусымда барлық жарыста барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Алғаш рет ересектер арасында сынға түстім. Мұнда бізбен бірге жасөспірімдер де жарысты. Олар үшін тәжірибе жинайтын таптырмас алаң болды. Ойындардағы көрсеткіштеріме көңілім толады. Үш күнде 6 алтын медаль алдым. Енді аз-кем демалыстан соң келесі маусымға дайындықты бастаймыз, — деді ол.

    Ерлер арасындағы тартысты сында алматылық Әбдімәлік Асқардың мерейі үстем түсті. Ол командаласы Михаил Глущенко мен астаналық Руслан Жанаділовтен бір табан алда болды.

    Конькимен жүгіруден IV қысқы жастар спорт ойындарында жалпы есепте Астана қаласы жеңіске жетсе, Қостанай облысы екінші, Алматы қаласының командасы үшінші орынға шықты.

    Жарысқа 8 облыс пен 2 қаладан барлығы 120 таңдаулы конькиші қатысты.

     

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    ФОТО: Мәдениет және спорт минимстрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *