• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Доссорда дәстүрге айналған турнир өтті

    28-29 қазан күндері Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде осы ауданда еркін күрестің негізін қалаушы, Мақат ауданының құрметті азаматы, еркін күрестен КСРО спорт шебері Тілекқабыл Құсайыновты еске алуға арналған 2002-2004 және 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир болып өтті.

    Аталған турнир биыл бесінші рет қатарынан үзілмей өткізіліп отыр. Ол біріншіден, әке есімін өшірмей жас ұрпаққа үлгі етіп жүрген ұлы Ғалымжан мен Мақат ауданының әкімдігінің ерен еңбегі екені даусыз. Болашақта осы турнирден еліміздің атын халықаралық аренада шығаратын палуандар шығып жатса, ұйымдастырушылардың алдына қойған мақсаты орындалғаны деп білеміз.

    Турнирді Доссор кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов құттықтау сөзбен ашып, одан кейін Тілекқабыл ағамыздың әріптесі, Мақат аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Қаленов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ағамыздың жаттықтырушысы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, еркін және грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, ҚР білім беру ісінің үздігі Сулико Козонов Тілекқабыл Базарбайұлы туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
    Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев Тілекқабыл ағамыздың көзін көрген бір топ жолдастары мен әріптестеріне және облыс спортының дамуына үлес қосып жүрген бапкерлер мен осы турнирге демеушілік көрсеткен Ғалымжан Тілекқабылұлының достарына журнал редакциясы атынан естелік төсбелгілер табыс етіп, марапат жасады. Осы жерде Тілекқабыл ағамыздың турниріне жыл сайын көмектесіп, қолдау білдіріп жүретін Ғалымжанның достарының есімдерін айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Олар — Орынғали Тенелбаев (Ақтау), Алмат Шаяхметов (Астана), Қайрат Ысқақ (Павлодар), Бақытжан Бажиков (Алматы), Сайффолла Сәкен (Атырау), Құрманғазы Ізтілеуов, Серік Боранбаев, Нұрғазы Төлебаев (барлығы да Астанадан), Мақсот Лұқпанов (Орал) және Серік Теміртасов (Ақтау).
    Ағамыздың жары Ағилаш апай турнирге қатысушыларға аналық ақ батасын беріп, қолдау білдірген азаматтарға Құсайыновтар отбасы атынан шапан жауып құрмет көрсетті. Олардың арасында Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ағамыздың шәкірті Алпысбай Аралбаев пен Қазақ Спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры Мусағали Тасқалиев және Мақат аудандық спорт мектебінің директоры Нұрберген Төлегеновтер бар.

    Бұл жолғы турнирге Өзбекстан, Қарақалпақстан, Дағыстан жəне Шешенстан мен еліміздің көптеген облыстарынан екі жүзге жуық палуан қатысып, кезінде қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ағамыздың жүлдесін өзара сарапқа салды.

    Турнирде жарыстың мәртебесі жыл сайын артып, қатысушылардың жағрапиясы ұлғайып келе жатқанына көзіміз жетті. Болашағынан мол үміт күттіретін кішкентай палуандардың аяқ алыстары, олардың күреске деген ынта-жігері қуантты. С.Байдаев бастаған төрешілерге шын мықтыларды анықтау оңайға соққан жоқ. Дегенмен, жүзден жүйрік шыққандар жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып танылды.

    Енді сіздердің назарларыңызға әр салмақ бойынша жеңімпаз болған палуандардың тізімін берейік:
    2002-2004 жылдары туған жасөспірімдер арасында Н.Мұхтаров (Атырау, 35 кг), А.Таубай (Маңғыстау, 39 кг), А.Мұхтапаров (Атырау, 42 кг), Н.Базарбаев (Маңғыстау, 46 кг), Қ.Жолдасов (Құлсары, 50 кг), А.Сапиуллаев (Атырау, 54 кг), Ж.Жүгінісов (Өзбекстан, +54 кг) жеңімпаз атанса, 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасында И.Ахмедхан (Дағыстан, 27 кг), И.Исмоилов (Өзбекстан, 30 кг), Н.Ибрагимов (Маңғыстау, 33 кг), Г.Парилаев (Дағыстан, 36 кг), А.Абдукалиев (Өзбекстан, 39 кг), Ж.Палимбетов (Өзбекстан, 42 кг), Е.Сайранов (Мақат, 46 кг) ас жүлдені жеңіп алды.
    Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медальдарға жəне кубоктарға ие болды.

    Тілекқабыл Базарбайұлы Құсайынов – 1943 жылдың 20 мамырында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылында туған. Еңбек жолын Мақат ауданы, Сағыз мұнай-газ өндіру басқармасында қатардағы жөндеуден бастаған ағамыз кейін Жылыой ауданындағы №84 ауылшаруашылық училищесінде және Доссор кентінің Абай атындағы орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болды.

    1969 жылы Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ашып, өзі осы мектепте жаттықтырушы, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарды. Кейін партия ағамызды аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне жібереді. Алайда, спорт десе ішкен асын жерге қоятын Тілекқабыл ағамыз ол қызметтен өз еркімен бас тартып, аудандық спорт комитетінің төрағасы болып, спортқа қайтып оралады. Қай жерде еңбек етсе де өзін жақсы жағынан көрсететін ағаны партия бәрібір қайтадан көптеген басшы қызметтерге, жауапты орындарға қояды. Атап айтар болсақ, Доссор кәсіптік-техникалық училищесі директорының орынбасары, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету бөлімінің директоры, Атырау мемлекеттік аң аулау шаруашылығы Доссор бөлімшесінің бастығы, С.Шәріпов атындағы мектеп-интернаттың директоры қызметтерін адал да абыроймен атқарды.
    Тілекқабыл Базарбайұлы осындай жауапты қызметтер атқара жүріп, шәкірт тәрбиелеп, Мақат ауданында еркін күрестің негізін қалады. Өзі Гурьев ауылшаруашылығы техникумында оқып жүргенде асан Сапаров секілді білікті бапкерден күрестің әліппесін үйреніп, талай дүбірлі додаларда топ жарды. Қазақ күресінің абызы Әбілсейіт Айхановтан бата алған Тілекқабыл ағамыз 1968 жылы 4 қарашада еркін күрестен КСРО спорт шебері атағына қол жеткізді. Кеңес одағы кезінде спорт шебері атану кез-келген спортшының қолынан келе бермейтін еді ғой… Талай жыл шүмектеп ааққан тер сөйтіп өз жемісін берді.
    Спорт жолын аяқтап, әр салада еңбек етсе де ол кісі шәкірт тәрбиелеуін тастаған жоқ. Доссор секілді кішкентай ауылда тұрып, Кеңес одағының батыры Мұса Баймұхановты еске алуға арналғагн бүкілодақтық турнирдің негізін қалады. Қазақ мұмнайының отаны болып табылатын өңірде Тілекқабыл ағамыздың бастамасымен дүниеге келген бұл турнирден талай талантты палуаандар шоғыры өсіп шықты. Аталған турнирге Кеңес одағының түкпір-түкпірінен командалар келіп қатысатын. Ағамыз бастап кеткен бұл турнир соңғы кезде қайтадан өткізіле бастағаны көңіл қуантады.

    Осы турнирден Р.Әлжанов, С.Патрушев, Ж.Өтебалиев, А.Шәкеев, Т.Жалғасов, І.Қосов, С.Тұрышов, Б.Нұржанов, Н.Қалимов, Б.Ақмұрзиев, О.Есенбаев, М.Құсайынов, С.Бәжбенов, Н.Халықбергенов секілді көкптеген мықты палуандар шығып, облысқа, республикаға танымал болды. Олардың көпшілігі бұл күндері басшы қызметтерде жүр.
    Тілекқабыл Базарбайұлының ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, «Мақат ауданының құрметті азаматы» деген мәртебелі атаққа ие болды. Сонымен қатар, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Бірнеше рет Мақат аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, облыстық мәслихаттың, ҚР Туризм және спорт істері жөніндегі агенттіктің,облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, Мақат ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

    Тілекқабыл ағамыз бен Ағилаш апамыз бір ұл мен бір қыз өсірген бақытты ата-ана. Тұңғыштары Ғалымжан Қашаған мұнай-газ кен орында, келіндері Бақытгүл Х.Досмұхамбетов атындағы атырау мемлекеттік университетінде жұмыс жасайды. Ғалымжан мен Бақытгүлден өрбіген немерелері Мерей мен Инабат жоғары білім алып, бұл күнде өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Саятжан С.Аспандияров атындағы ұлттық медициналық университеттің І курсында білім алса, Сатыбалды 5 сыныпта оқып жүр. Қазақ күресінің абызы атанған Әбілсейіт Айханов ағамыз кішкентай Сатыбалдының аузына қазақтың ырымы бойынша түкірген екен. Болашақта атасының спорттық жолын осы немересі жалғастырады деп ойлаймыз. Ағамыз бен апамыздың қыздары Света мен күйеу балалары Сағынтайдан Аңсар атты жиендері бар.

    С.А.Козонов (Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, еркін және грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, ҚР білім беру ісінің үздігі):
    — Тілекқабыл менің ең алғашқы шәкірттерімнің бірі болды. 1965 жылы ол Атырау педагогикалық институтында оқып жүргенде мен жас маман болып келдім. Сол жылы облыстық спорт комитетінің төрағасы Жүрес Исқақовтың шешімімен мен еркін күрес тобын ашып, жаттықтыра бастадым. Тілекқабыл 1968 жылға дейін менің қарамағымда жаттығып, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жетті.
    Кейін ол Доссор спорт мектебінің директоры, мен облыстық спорт мектебінің директоры қызметін атқарған кездерімізде мен оған қолымнан келгенше көмектесіп тұрдым. Ол менімен үнемі хабарласып, ақыл-кеңес сұрап отыратын.
    Тілекқабыл Доссор спорт мектебінің директоры бола жүріп, Кеңес одағының батыры Мұса Баймұханов атындағы бүкілодақтық турнирді ұйымдастырды. Ол кезде спорт мектебінің жағдайы өте нашар, жарыс өткізетін дұрыс жер де жоқ болатын. Соған қарамастан ол турнирге Кеңес одағының 40 қаласынан команда қатысатын үлкен турнирге айналдырды.
    Тілекқабыл Базарбайұлы тек қана еркін күрес емес, Мақат ауданының спортын көтерген азамат. Оның спортқа сіңірген еңбегін мен өз көзіммен көргесін айтып тұрмын. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын ол секілді азаматтар бұл күнде өте аз.
    Сонымен қатар, Тілекқабылдың қонақжайлылығы керемет болатын. Оның үйінде кімдер болмады десеңізші?! Күні-түні оның үйіне 10-15 адам келіп-кетіп жататын. Жұбайы Ағилаш соның бірде-біріне қабақ шытқаның көрген емеспін. Бұл күнде ұлы Ғалымжан да тап әкесінен аумай қалған. Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу – Құсайыновтар әулетінің бұзылмайтын заңдылығы десе де болады. Әкесінің атын өшірмей, жыл сайын осындай турнир өткізіп жүрген Ғалымжан балама және оған қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға Тілекқабылдың әріптестері атынан шын жүректен алғыс айтамын. Мұндай турнирлер жас палуандардың өсуі мен шеберліктерін шыңдау үшін ауадай қажет. Сол себептен алдағы уақытта турнирді тоқтатып алмай, керісінше жылдан-жылға кеңейте беріңіздер дегім келеді.

    Бауыржан Сисенов,
    Доссор кенті
    Мақат ауданы
    Атырау облысы.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *