• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ауылшаруашылығына қатысты мәселелер талқыланды

     

    Алматыда Орталық Азия елдерінде жасыл ауыл шаруашылығын дамыту үшін ластанған ауылшаруашылық топырағының био және фиторемедиациялық технологиялары бойынша халықаралық конференция өтті.

    Конференцияның мақсаты – ескірген пестицидтермен, тұрақты органикалық ластаушылармен (ТОЛ) байланысты проблемалардың шешімін табу бойынша бірлескен күш-жігерді арттыру, қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, зиянкестермен күресуге (IPM) кешенді және экологиялық таза шешімдерді пайдалану, Қазақстандағы және басқа да Орталық Азия елдеріндегі фермерлердің пестицидтерді пайдалануды азайту. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Жаһандық экологиялық қор (GEF) және Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Орталық Азия елдері мен Түркиядағы ТОЛ пестицидтерді жою және пестицидтердің өмірлік циклін басқару» бірлескен жобасы аясында ұйымдастырған конференцияға әртүрлі елдердің сарапшылары, ФАО халықаралық кеңесшілері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, тиісті мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

    Форум аясында сарапшылар аймақтағы ФАО жобаларының нәтижелерімен, ластанған ауыл шаруашылығы топырақтарын қалпына келтіру және қауіпсіз өндіріске көшудің заманауи тәсілдерімен, сондай-ақ пестицидтердің қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін азайту мақсатында ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану тәжірибесімен танысты.

    Конференцияда күн тәртібінде аймақтағы ауылшаруашылық топырақтарын қалпына келтіру шешімдерін ілгерілететін Орталық Азия елдерінің жұмыс тобын құру, сондай-ақ био-фиторемедиация және басқа да экологиялық таза шешімдерді одан әрі дамыту және кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселесі қарастырылды.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың басында Италияның астанасы Римде ФАО бас директоры Цю Донгюмен кездесуінде Қазақстанда Орталық Азия үшін ФАО-ның субөңірлік кеңсесін құруды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына жәрдем көрсетудің маңыздылығын атап өтіп, Республикамыздың астық пен ұн өндірушілердің алғашқы ондығына кіретіндіктен, бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ниетті екенін атап өтті.

    Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінде көптеген ауылшаруашылық аймақтарының топырағы ТОЛ және пестицидтермен ластанған, бұл экологиялық және экономикалық қауіптерді тудырады, сонымен қатар ЕО нарықтарына азық-түлік экспортын кеңейтуге кедергі келтіруде. ФАО қолдауымен Қырғызстан мен Қазақстанда ТОЛ және ауыр металдармен ластанған топырақтарды биоремедиация және фиторемедиациялау бойынша сынақтар жүргізіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Жиынға қатысушылар ФАО ұсынымдарын қолдану барысында алынған нәтижемен танысу мүмкіндігіне ие болды.

    Конференция делегаттары ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша қосымша іс-шараларға қатысады, пестицидтердің өмірлік циклін басқару бойынша ФАО-ГЭФ жобасының нәтижелерін талқылайды және Қазақстанда ФАО-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан пилоттық нысандарды аралады.

    Алматы облысына қарасты  Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би кентінде «Жеміс» шаруа қожалығының алма бақтарын БАҚ өкілдері мен конференцияға қатысқан спикерлер де аралады. Онда ФАО ұсынған экологиялық таза кешенді өсімдіктерді қорғау әдістемесін қолдану арқылы зиянкестермен күресу шараларының нәтижелері көрсетілді. Былтырғы жылы басталған тәжірибе пестицидтерді минималды қолдануға және балама химиялық емес әдістерге негізделген. Сондай-ақ қонақтарға дрон қолдану арқылы егістіктерге бүрку процесі көрсетілді.

    Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып табылады, ол мүше елдер тап болған ауыл шаруашылығын дамытудың жаһандық мәселелерін шешу, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың жоғары сапалы азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін құрылған. ФАО-ға 194-тен астам ел мүше және ол ұйым әлемнің 130-дан астам елінде жұмыс істейді. Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестік Қазақстан ФАО-ға 1997 жылы қосылғаннан бері дамып келеді.

     

    Нұрлан ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *