• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бензема «Реалмен» қоштасады

    Испанияның «Реал» (Мадрид) клубының шабуылшысы Карим Бенземаның командамен қоштасатыны хабарланды. Бұған дейін ол «Реалда» тағы бір маусымға қалатынын айтқан еді. Бірақ клубтан кететіні туралы соңғы шешім шықты.

    Ол «Реал» сапындағы соңғы матчын Ла Лиганың 38-турында Бильбаоның «Атлетик» командасына қарсы өткізді. Осы ойында шабуылшы пенальтиден гол салып, есепті теңестірді. Осыдан кейін клубтың басшылығы ойыншымен ресми түрде қоштасу рәсімі 6 маусымға жоспарланғанын хабарлады.

    Карим Бензема Мадридтің «Реалында» 14 жыл ойнап, 25 түрлі турнирлер мен жарыстардың жүлдесін жеңіп алды. Мәліметке сүйенсек, енді ол Сауд Арабиясының чемпионатында ойнауы мүмкін. Оған Араб түбегінің «Әл-Иттихад» клубы 2 жылға келісімшарт ұсынып, 200 млн еуро санап береміз деп отыр. Бұл ұсынысқа Бензема әлі жауап берген жоқ.

    Еске сала кетсек, Бензема былтыр желтоқсан айында Франция ұлттық құрама командасымен қоштасқан болатын. Былтыр ол әлемнің үздік ойыншысына берілетін «Алтын доптың» иегері атанды. Шабуылшы Катардағы әлем чемпионатына жарақаты салдарынан бара алмай қалған еді. Алайда жарасы жазылғаннан кейін ол мундиальдің шешуші ойындарына шақырту алмады. Осы үшін Бензема құраманың бас жаттықтырушысы Дидье Дешамға ренжіген деген пікір бар.

    Бензема ұлттық құрама сапында 97 матч өткізіп, 37 голдың авторы атанды. Ал «Реалда» ол 648 матч ойнап, 354 гол салып, 165 нәтижелі пас берді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

     

    View this post on Instagram

     

    A post shared by Real Madrid C.F. (@realmadrid)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *