• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Еңбегі ерен Жақсылық немесе осыдан үш ай бұрын жазылған мақала

    Биыл күзде боз кілем мен бизнесте абыройға бөленген Жақсылық Үшкемпіровты көп болып жұмылып, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ұсынсақ, деген ыңғайда мақала дайындап, Жақсылық ағаның өзіне хабарласқан едім. Аға болса: «қоя тұрайық, бір бұйырғаны болар», деп тоқтатқан еді. Кеше Еңбек Ерінің алтын жұлдызын өңіріне қадаған Үшкемпіровке қатысты сол жазбаны фейсбукке жариялағанды жөн көрдім.

    «Мемлекеттің туы екі жағдайда ғана арнайы көтеріледі. Ел басшысы бір елге ресми сапармен барғанда және спортшы жеңіс тұғырына көтерілген сәтте». Осы бір ауыз сөз спорттың қоғамдағы орнына өлшем бола ала ма?

    Енді мына тіркеске назар аударайық: «Спорт — ел намысы, дене шынықтыру — денсаулық кепілі». Cпорттың ел намысы екені дау туғызбайтын заманда ғұмыр кешіп жатырмыз.

    Иә, саңлақтарымыздың ұлт рухын көтерудегі еңбегін таразыға тартып немесе метрлеп өлшей алмайсың. Бұл дегеніңіз тұтас бір ұлттың жүрегіне ұялаған қуанышпен, ел мәртебесінің асқақтауымен және тарихқа тіркелген жеңіспен өлшенетін аса бір құнды дүние.

    Осы тұрғыдан алғанда Жақсылық Үшкемпіровтың қазақтың спорт тарихындағы орны бөлек. Әлі есімде, 1980 жылы Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанған сәтте ұланғайыр қазақ даласы шаттықтан тербеліп тұрғандай сезімде болдық. Мыңдаған жанның жанарына мөлдіреген жас тұнды. Сол тұстағы алты жарым миллион алаш жұрты Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Серік Қонақбаевтардың Олимпиада ойындарындағы ғажап жеңісіне балаша қуанды. Өзінің туған жұртын, қаны бір бауырларын арқа-жарқа шаттыққа бөлеген ерлерде не арман бар екен, шіркін!

    Жиырма тоғыз жасында Олимп шыңында ат ойнатқан Жақсылық Үшкемпіров 1981 жылы әлем чемпионатын ұтып алды. 1982 жылы Әлем кубогы майданында жеке-дара шықты. Міне, қараңыз, КСРО құрамасының 7-8 жыл аяғына шідер салған Үшкемпіров өзіне берілген үш мүмкіндікті шәулі қырандай іліп түсті. Қажыдым, шалдықтым, жасым ұлғайды деген жоқ. Жолын кескен, тұсаған адамдарға қабағын да шытпастан Алла Тағала берген мүмкіндікті қапысыз пайдаланды.

    Сексенінші жылға дейін спорт әуесқойлары болмаса, жалпақ жұрт жақсы тани қоймаған Үшкемпіровтың даңқы бір-ақ сәтте аспандап сала берді. Түтінін үзбей жалғасқан үш жеңісінің арқасында ол тек қазақтар арасында ғана емес, бүкіл Кеңес одағына танымал болды.

    Өткен ғасырдың соңғы жылдарында Жақсылық Үшкемпіров жеке кәсіпке бет бұрды. Қазір мыңғыртып мал айдаған отырған белді кәсіпкер. Алматының іргесіндегі Мыңбаев ауылында чемпион тұрғызған спорт кешенінде 200-дей бала күрес пен боксқа ден қойса, Жақсылық ашқан балабақшада 100-ге тарта бүлдіршін тәрбие алып жатыр. Спорт кешені мен балабақшаның бар шығыны Жақаңның мойнында. Жақсылық ағамыз ауылдағы спортшы балаларды өз қаржысына жарыстарға жіберіп тұрады. Осы ауылдағы мал қорасы мен гараж Жақаңның тікелей кірісуімен салынды.

    Үшкемпіров Мыңбаев ауылындағы мешітті жақсылап жөндетіп, талай адамның батасын алған азамат. Сонымен қатар, реті келгенде жоқ-жітік жандарға қол ұшын созып тұрады. Бір ғана Мыңбаев ауылында жетпістей адамға жалақы төлеп отыр. Үшкемпіровтың Алматы облысының Жамбыл және Балқаш аудандарындағы шаруашылықтарында 8000-дай сиыр, 3000 жылқы бар.

    Жақсылық Үшкемпіров мал шаруашылығына ден қойғаннан бері қазақтың ақбас сиыры мен «Әулиекөл» тұқымдарын көбейтуге баса назар аударып келеді. Негізгі бағыты мал бордақылау болғандықтан, шетелден ірі қара тұқымын әкеп, ішкі және сыртқы нарыққа ет сата бастағанына да біраз уақыт болды.

    Қазіргі таңда Жақаң Алматы облысындағы шетелдерге ет экспорттайтын ірі кәсіпкерлердің бірі.

    Жақаң республиканың ұлттық құрамасындағы бауырларына ат басын бұрып тұрады. Жігіттер ірі жарыстарға аттанарда Үшкемпіров бір малын сойып, дастархан жаяды. Ал, дүрмекті сыннан олжалы қайтқан палуандарға атын мінгізіп, сый-сияпатын жасайды. Бұл дегеніңіз, ата-баба жолына адал, өнегелі азаматтардың ғана қолынан келетін тірлік.

    Міне, қадірлі ағайын, Жақсылық Үшкемпіровтың боз кілемдегі және жеке кәсіптегі табыстары мен игі істерін қысқаша шолып өттік. Енді әңгіменің түйініне келейік.

    Мәдениет пен өнердегі, өндіріс пен ауылшаруашылығы саласындағы талай тұлғаларымыз «Халық Қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Маңдайалды азаматтардың еңбегі бағаланғанына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бізді мазалайтыны: спорт саласындағы майталмандарымыздан неге «Халық Қаһарманы» немесе «Қазақстанның Еңбек Ері» шықпай жүр? Мысалы, Жақсылық Үшкемпіров күрес залында қара терге малшынып 15 жыл тер төкті. Жақаңның он бес жылда қанша тонна салмақ «қуғаны» бір Аллаға ғана аян. Қанша рет аяқ-қолын ауыртып, дәрігерге жүгінгені, неше рет қабырғасын қайыстырып, төсекке таңылғаны қазір көрген түс тәрізді. Ал КСРО құрамасының жаттығу жиынына 1973 жылдан бастап 1984 жылдың көктеміне дейін қажымай-талмай қатысқан еңбегінің өзі неге тұрады?! 1973-1978 жылдарда КСРО классикалық күрес құрамасындағы жалғыз қазақ палуаны осы Жақсылық Үшкемпіров екенін де ұмытпауымыз керек. Жер шарының алтыдан бір бөлігін бауырына басқан Кеңес одағының 2 дүркін чемпионы, 3 мәрте күміс жүлдегері! Грек-рим күресінен КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы әрі чемпионы атанған бірінші қазақ балуаны! Спорттың бүкіл жекпе-жек түрлерінен Олимпиаданың алтын тұғырына табан тіреген тұңғыш қазақ! Осы ақжолтай жеңістеріне қазіргі кәсіпкер ретіндегі табыстарын қоссаңыз, Жақсылық Үшкемпіровтың Қазақ елінің ең жоғары наградаларының біріне лайық екені дау туғызбаса керек.

    Кешегі Кеңес одағы кезінде қиырдағы совхоздардың іскер механизаторлары Социалистік Еңбек Ері атанып жатты. Таяу жылдары атақты скрипкашы, белгілі өнер қайраткері Айман Мұсақожаева «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Айман осы мәртебеге жеткенде өнер тілеулестері бір желпініп қалды. Шынтуайтына келгенде, Айманға көрсетілген құрмет — тұтас қазақ өнерінің мерейі болатын.
    Ал өнер саласындағы әріптестеріне қарағанда әлемдік деңгейдегі додаларға жиі баратын, ай сайын, апта аралатып Қазақ елінің халықаралық аренадағы беделін көтеріп жатқан спорт саласына да бір Еңбек Ері қажет-ау. Олимпиада ойындары мен КСРО чемпионатында алаш жұртына алғашқы алтын медальді тарту еткен ақжолтай Жақсылық осындай мәртебеге лайық дер едік!

    Қадірлі ағайын, сіздер не айтасыздар?!

    Қыдырбек РЫСБЕК,

    журналист, публицист

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *