• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    whitehill

    Премьер лига: «Ақтөбе» «Қайратты» тоғыз жылдан кейін бір-ақ жеңді

    20 сәуірде бастау алған футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 5-туры өз мәресіне жетті. Қызыққа толы болған бұл турда фаворит командалар өз ара бақ сынады. Sportpress.kz сайты қысқаша шолу жасап шықты. 

    «Қайсар» — «Атырау» 1:1

    5-турдың алғашқы ойыны Қызылордадан басталды. Матчтың фавориті болған «Атырау» бұл жолы басқа ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы гол екінші таймның 53-минутында соғылды.

    Голдың авторы «Атырау» қорғаушысы Педро Эужениу чемпионаттағы үшінші голын соқты. Ал 74-минутта «Қайсар» командасының жартылай қорғаушысы Валерий Громыко чемпионаттағы алғашқы голын салып, есепті теңестірді. Матчтың 86-минутында «Атыраулық» Игорь Сатасевич қызыл қағазбен жазаланып, ойыннан шеттетілді. Осылайша Кумыков шәкірттері чемпионаттағы алғашқы ұпайларын еншіледі.

    «Жеңіс» — «Тұран» 1:0

    «Жеңістің» күмәнді жеңісі. Қарағанды да өткен бұл ойын да голдар саны аз болса да, тартысқа толы болды. Алғашқы таймның 29-минутында «Тұран» сапындағы Феди Бен Чуг гол салған еді. Бірақ төреші VAR тексере келе ойыншының оффсайдта қалғанын айтып, голды есепке алмай қойды. «Сен соқпасаң, мен соғамын» деп, «Жеңіс» ойыншысы Денис Гречихо матчтың 38-минутында есеп ашып, командасын алға шығарды. Қарағандыдағы тартысты ойын осылайша алаң иелерінің пайдасына шешілді.

    «Ордабасы» — «Қызылжар» 1:1

    Турдың қызықты матчтарының бірі Шымкентте болды. Ойын бастала салысымен фавориттерге қарсы дес бермей ойнайтын «Қызылжар» тізгінді өзіне алып, бірнеше рет Шайзаданың қақпасына қауіп төндірді.

    Ойынның негізгі уақытына үш минут қосылған сәтте команда капитаны Евгений Березкин гол салып, команданы алға сүйреді.

    Екінші тайм бастала салысымен 52-минутта бұрыштамадан Асхат Тағыбергеннің асырған пасын Сергей Малый бойшаңдығын пайдаланып гол соқты. Ал 65-минутта «Қызылжардың» португалдық ойыншысы Рубен Брижиду бұрыштамадан допты торға тоғытып еді, төреші есепке алмады. Бір қызығы ойындағы барлық гол бұрыштамадан соғылды.

    Алиев шәкірттері осылайша таңғалдыруды жалғастыруда.

    «Қайрат» — «Ақтөбе» 1:3

    Қызыққа толы әрі осы турдың орталық ойыны Алматыда болды. Матчтың алдында «Қайрат» футбол клубы 70 жылдықтарын атап өтті. Сонымен қатар көрермен жинау бойынша осы маусымдағы рекордты жаңартты. Бұл ойынды тамашалауға 23 804 жанкүйер жиналған.

    Ал ойынға келер болсақ, «Ақтөбе» командасы матч бастау алысымен «Қайрат» қорғаушыларын біраз әбігерге салды. 40-минутта «Қайрат» қорғаушыларының бірі қолмен ойнап, қақпаға пенальти белгіленді. Он бір метрлік айып допты «Ақтөбе» сапынан Әлібек Қасым теуіп, есеп ашты.

    Айта кетейік, Әлібек Қасым «Жетісумен» (1:0) болған ойыннан кейін, «барлық голдарды «Қайратқа» қалдырдық» деп сұхбат берген болатын. Ал 68-минутта ақтөбелік Максим Самородов гол салып, есепті еселеді. Осы сәттен кейін алматылық ұжым құрамға өзгеріс енгізіп, ойыншыларды алмастырды.

    92-минутта Дмитрий Бессмертный асырған пасты Максим Самородов тағы да сәтті пайдаланып, дубль авторы атанды. Ойынның соңғы минутында «Қайрат»шабуылшысы Вячеслав Швырев гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Осылайша «Ақтөбе» сырт алаңда «Қайратты» 9-жылдан кейін бір-ақ жеңді.

    «Астана» — «Тобыл» 2:2

    Турдың тағы бір маңызды матчы Алматы да болды. Қос команда тарапынан бірнеше қауіпті шабуылдар болып, сұрапыл ойын көрсетті. Матч бастала салысымен 13-минутта «Тобыл» қорғаушысы Пап-Альюн Ндиайе қақпаны дәл көздеп, есеп ашты.

    Матчтың 27-минутында Марин Томасов «Астана» сапындағы жүзінші голын соғып, есепті теңестірді.

    Екінші таймның соңына қарай командалардың шабуылы одан әрі күшейе түсті. 78-минутта Қостанайлық команданың шабуылшысы Давид Енен есепті 1:2-ге жеткізді. Ал 93-минутта «Астана» клубының шабуылшысы Станислав Басманов есепті теңестірді. Сонымен қатар, соңғы минутта «Тобыл» ойыншысы Руслан Валиуллиннің голын төреші есепке алмады. Қос команда бір-бір ұпайдан еншілеп, жеңімпазды анықтай алмады.

    «Жетісу» — «Шахтер» 1:0

    Талдықорғанда «Жетіу» Қарағанды командасына қарағанда жақсы ойнады. Мачтың бірінші таймының 48-минутында Серікжан Мұжықов пенальтиден есеп ашты.

    Қос команда тарапынан өзге голдарды көре алмадық. Жалпы, «Шахтер» командасын Андрей Финонченко өз тізгініне алғалы бері, ойын жағынан үлкен өзгерістер бар. Қарағандылықтар бұл ойында жеңілсе де, тамаша ойын өрнегін көрсетті.

    5-тур ойындарынан кейін турнирлік кесте мынадай:

    1.  « Ақтөбе» — 10 ұпай
    2.  «Қызылжар» — 8
    3.  «Ордабасы» — 8
    4.  «Тобыл» — 8
    5.  «Қайрат» — 8
    6.  «Астана» — 7
    7.  «Елімай» -7
    8. «Жетісу» — 7
    9.  «Жеңіс» — 6
    10.  «Атырау» — 4
    11.  «Тұран» — 4
    12.  «Шахтер» — 3
    13.  «Қайсар» — 1

    (Ұ-ұпай)

     

    Айнат ҚАБИДУЛЛАЕВ,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *