• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Олимпиада чемпионы Бекарыс Сәдуақас туралы бір үзік сыр

    Биыл Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында жасөспірімдер арасындағы Жазғы Оимпиада ойындары өткізілді. Ол алдымен 2010 жылы Сингапурде, сосын 2014 жылы Нанкинде жалауы желбіреп, үшінші мәрте ұйымдастырылды. Бұл жарыста дзюдо күресінен алтын жүлдені Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің  оқушысы Бекарыс Сәдуақас жеңіп алып, Қазақстанның атын атойлап шығарды.

    6-18 қазан аралығында өткен аламан сайысқа 206 мемлекеттен 3998 саңлақ спорттың 32 түрінен сынға түсті. Жасөспірімдердің Жазғы Олимпиадасында тұңғыш рет ұлдармен қатар қыздар да  теңдей  санда өнер көрсетуі жарыстың басты жаңалығының бірі болып тарих қойнауына енді. Сонымен Аргентинананың астанасы Буэнос-Айресте  жасөспірімдер арасында аяқталған  Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша  командалық есепте  Ресей 29 алтын, 18 күміс, 12 қола медальмен бірінші орынға көтерілсе, Қытай 18 алтын, 9 күміс,  9 қола медальмен екінші орынды, Жапония 15 алтын, 12 күміс, 12 қола жүлдемен  үшінші орынды иеленді.

    Қазақстан спортшылары 2014 жылы елге Нанкиннен 8 медаль әкелсе, Буэнос-Айресте  10 жүлдені жеңіп алды. Оның 4 алтын, 4 күміс, 2 қола медальмен  жасөспірімдер Олимпадасының тарихында болмаған рекордты жаңартып, үлкен нәтижеге жетті.

    Айтулы бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшылардың арасында Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің  дарынды жастары да жетерлік екенін қуана айтуға болады. Спорттың әр түрінен сын алаңдарына шығып, ел намысын қорғаған  жалынды жастардың ішінде мектеп-интернатта дәріс алып жатқан, сонымен бірге, киелі мектеп қабырғасынан  қанаттары бекіген талантты жас түлектер де баршылық еді. Мысалы, байдарка мен каноэда ескек есуден Ольга Сурмина, жүзуден Анастасия Резванцева, жағажай волейболынан 11 сынып оқушылары Алина Раченко, Елизавета Еропкина, Абдулмажид Мохамадтер, дзюдодан Бекарыс Сәдуақас, баскетболдан 11 сынып оқушылары Василий Белозер, Нил Фомичев, Ануар Шакиров пен суға секіруден Елизавета Боровалар бар. Бұл аттары аталған спортшылардың барлығы дерлік, Аргентинада өткен  жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада  ел намысы үшін аянбай өнерлерін көрсетті. Дегенмен де,  ең басты сүйіншілеп айтар жаңалығымыз Қазақстан құрамысының қоржынына дзюдо жекпе-жектеріндегі сында  түскен алтын медальді Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің  оқушысы Бекарыс Сәдуақас жеңіп алып берді. Бекарыс 100кг салмақта  дес бермей, жеңістің бас тұғырына көтеріліп, еліміздің әнұранын Аргентина төрінде ойнатты.

    Дарынды жас балуан осылайша өзі күнделікті жаттығып жүрген айтулы мектеп-интернаттың ғана емес, бүкіл қазақ елінің абройын асқақтап оралды. Бабаларымыз «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», деп жатады. Бұл сөз Бекарыстай анадан дара туған балаға арналған шығар. Өйткені, тумысынан күреске  бейім жас өсе келе қанатының қатаюына бірден-бір себепкер болатын оқу-жаттығу ұясын дәл тапқан деп айта аламыз. Оқуда да спортта да алда жүретін Бекарыстың Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде білімі мен бірге дзюдо күресіндегі асқар биіктерге жетуіне айтулы алтын ұя мектеп-интернатындағы бапкерлері мен басшылардың қамқорлықтары да шексіз болғаны  сөзсіз. Ал, Қазақстан жерінде де бұл спорт түрі дамып қана қоймай, Олимпиада мен  басқа да жарыстарда балуандарымыз жемісті өнер көрсетіп, еліміздің атын әлемге танытты. Айталық, Асхат Житкеев, Елдос Сметов сынды саңылақтарымыз Олимпиада ойындарында күміс жүлделерді иеленіп, көк байрағымызды көктен желбіретті. Ал, осы аттары аталған қос дарабоз балуанымыз да  Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің  түлектері. Бүгінгі таңда айтулы мектеп-интернат колледжінің директоры Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов мырзаның белсенді жұмысының нәтижесінде  бой көтерген зәулім дзюдо академиясында білкті маман бапкерлердің жаттықтыруында жасөспірім балуандар шеберліктерін  шыңдауда. Тағы  бір айта кетер қуанышты жаңалық, жасөспірімдерді Жапониядан арнайы келген танымал бапкер жаттықтырады. Мұндай практика алғаш рет Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің  түлектеріне қолданып отыр. Білгір маманның келуі балуандарға әсерін беріп, жетістіктерге жетуде.  Бұл дзюдо академиясы еліміздегі дзюдо күресіне арналған көшбасшы спорт сарайының бірі бірегейі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, табалдырықтан басып кірген ынталы жасқа, дзюдо күресінде үлкен жетістікке жету үшін барлық жағдай жан-жақты жасалған. «Ағаға қарап іні өсер», демекші, аттары әйгілі ағаларының ізін басар жас балуандар қалайда Олимпиада биігін бағындыруды мақсат еткен. Сондықтан да дзюдо күресіне ерекше қолдау жасап,  көңіл бөліп отырған Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің алар асуы әлі алда деп білеміз.

    Ендеше, алтын жүлделі  Бекарыс алда ерлер арасындағы аламан жекпе-жектерде де еліміздің намысын дәл осындай үлкен табыспен қуанта берер деген сенімде болайық.

    Келесі Олимпиада ойындары Сенегалдың астанасы Дакарда өтеді. Сол жарыста да  қазақ спортшылар бұдан да жоғары сатыға көтерілу үшін аянбай тер төгетін болады.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

     АЛМАТЫ

     

     

       

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *