Жомарттық адам бойына туа бітетін қасиет секілді. Кейбір жомарт жандар өзі емес өзгенің жағдайын ойлап тұрады. Өйткені, оған Алла нәсіп етіп, туа біткен қанмен келген қасиет оны ешқандай өзгерте алмайсың.
Қазақта атымтай жомарттар есепсіз көп болған. Сондықтан да болар қазақтың даласындай дархан мінезді, кеңпейілді жомарттығының арқасында еліміз аман, жұртымыз тыныш өмір сүріп жатқанымыз. Қонағына жалғыз атын мінгізіп жіберіп, жүгінен ұстап қалатын қазақтай халық жер бетінде жоқ шығар, сірә. Адамның жомарттығы жайлы сөз қозғағанда қалтасындағы соңғы тиынын мұқтаж жанға қағып беріп өзі көңілі тоқ қала берітін бір жан туралы айтқымыз келеді. Ол біз көріп білген Нұрбол Рысқұлұлы Ілиясов еді.
Нұрбол Рысқұлұлы Ілиясов Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ақбейіт ауылында 1958 жылы дүниеге келген. Әкесі Рысқұл мен анасы Бақтыхан 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген ауыл-аймаққа құрметті жандар болған.
Аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл Нұрбол «Менде жоқ, білмеймін», деген сөз тіркестерін өмірі айтпайтын жанның бірі еді. Және де қашан көрсең бір жанды жанына ертіп алып, қамқорлық қолдауын жасап жүретін. «Сонда өзінің өмірі, шаруасы, бала-шағасын ойламай ма?», – деген заңды сұрақ туатыны рас. «Иә, ол отбасында балаларына үлгілі әке, қазан-ошағының қамқоршысы пейілі кең, жаны дархан жан болатын», — деп еске алады бірге жүрген құрбы-құрдастары.
«Жақсының қолы ұзын, жақсылықтың жолы ұзын», деген бабаларымыз. Айналасына тек жақсылық нұрын шашып жүретін азамат осындай болған. Сонымен қатар Нұрболдың тағы бір ерекше қыры спортқа өте жақын болғаны. Спортшы болып тау қопарып тас жармаса да өзінің құмарлығы мен жанашырлығының арқасында білдей бір ауданның футболын көтеруге зор үлесін қосқан азамат.
Айталық, өзі тұрған Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген кентінде кезінде «Отан» деген футбол команданың құрылуына ықпал болып, республикалық деңгейге дейін жеткізген команданың әрі басшысы, демеушісі, әрі жанашыр жанкүйері болғанын жергілікті спорт сүйер халық ұмытпайды. «Отан» командасының асығы алшысынан түсіп тұрған жылдары «Отан» командасы 7 мәрте Іле ауданының чемпионы, 3 рет аудан чемпионатының жеңімпазы, 9 дүркін аудан кубогының иегелері. 6 мәрте Алматы облысының чемпиондары және 1 рет Алматы қаласының чемпиондары атанған екен.
Иә, өмір бар жерде өлім бар. «Қаза қас пен көздің арасында», демекші, ардақты азамат, жаны жомарт жан, спорт жанашыры Нұрбол Ілиясовтың ортамыздан бақилық дүниеге кеткеніне де міне, бір жыл өте шығыпты. Қаншама адамға шарапаты тиген асыл азаматты өмірдегі жарқын жолын ұмытпау мақстында өзінің дос-жарандары мен туған-туыстары жиылып ардагерлер арасында футболдан Алматы облысының жарысын ұйымдастырған екен. Бұл жарыстың ерекшелігі де сол ойын алаңында тіпті жетпістің жотасынан асқан ардагер спортшылар да келіп бақтарын сынады. Кезінде теңбіл допты ұршықша иірген аға буын өкілдері, шеберліктері әлі де бойларында бар екенін тартысты ойын өрнектерімен көрсетіп көпшілік көремендерін тәнті етті.
Дүбірлі жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болған Нарынқол өңірінің спортын дамытуға үлесін қосқан спорт ардагері, құрметті жан Жантелі Мұқи, белгілі спорт журналисі Әлім Анапиянов пен Нұрбол Ілиясовтың өзі құрған «Отан» командасының Болатхан Ақшолақов бастаған ардагерлері барынша атсалысып, турнирдің жақсы өтуіне зор үлестерін қосыпты. Сонымен бірге Өтеген кентіндегі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Қапар Рауанов турнир иесі марқұм Нұрбол Ілиясов пен аға-іні болып, түйенің екі өркешіндей Іле ауданының спортының аяғынан тік тұруына бірігіп, табанды жұмыс жасаған жандар. Сондықтан да айтулы жарыстың Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жалауын көтеруі соның бір айғағы болса керек. Нұрбол Рысқұлұлына деген құрмет, қолдау осындай игілікті іс-шаралармен жалғасқанына бауырлары, зайыбы Нұрғайша мен көзінің ағы мен қарасы Алмат пен Меруерт дән риза. Сонымен күн ұзақ жеңіс үшін жан алысып жан беріскен ойындардың нәтижесі бойынша ардагер командалардың арасынан озып алға шыққандары да белгілі болды. Тартысқа тола өткен кездесулердің бәрінде жеңіске жеткен «Сұлтан қорған» командасы турнир жеңімпазы атанды.
Екінші орынды «Сарыжаз» командасы жеңіп алса, жүлделі үшінші орынды қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Бауыржан Тәліп бастап келген «Кеген» ардагерлер командасы иеленді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегер командалар ұйымдастырушылардың қолдарынан салтанатты түрде марапаттарын алып ерекше қуанышқа бөленді. Жарысты ұйымдастырушылар алдағы жылы қолдау көмек болып жатса турнирді дәстүрлі етіп, ауқымын кеңейту туралы сөз айта кетті.
Хадисте «адамның жақсысы, айналасына пайдасы тигені», деген сөз бар. Бескүндік қысқа ғұмырында артына жақсы сөз, ізгілікті із қалдыра білген жаны жомарт жан, спорт жанашыры Нұрбол Рысқұлұлы Ілиясовтың атындағы аламан жарыс келер жылы да жалғасын тауып жатса, Өтеген ауылының спорт құмар қауымына әсіресе, ардагерлер спортының жаңғыруына үлес қосатын ізгілікті шара болар еді.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Алматы облысы








SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары