Халық арасында «Спорт денсаулықтың кепілі», деген тәлсім бар. Спортпен айналысып, денсаулығын жақсарту жолында әрекет жасап жүрген жандарды көріп риза болатынымыз рас. Өйткені олар өз денсаулығын сауықтыру арқылы айналаға үлгі-өнеге болады. Негізі өмірін спортпен өрнектеген жандар үшін күн сайынғы жаттығудан алған шеберліктерін жарыстарда бір сынап тұрудың да маңызы зор.
Өткен аптаның аяғында Алматыдағы К. Ахметов атындағы Олимпиадалық резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледждің шаңырағында осы спорт мекемесіндегі қызметкерлер мен ұстаздар арасында тартысты өткен Спартакиада ойындары болып өтті.
Бұл Спартакиадада ұжым қызметкерлері спорттың дартс, суға жүзу, арқан тарту, волейбол және шағын футбол түрлерінен сынға түсіп, жеңіс үшін аянбай бар шеберліктерін көрсетті. Жасөспірмдерге тәлім-тәрбие беріп жүрген ұжым қызметкерлері спортта қара жаяу емес екендіктерін тартысты өнерлері арқылы паш етті. Күн ұзақ кескілескен, сұрапыл, жойқын ойындардың нәтижесінде топжарып шыққандар қас-қарая анықталды.
Айтулы мектеп-интернат колледждің директоры Жайдар Сайлаубаев бастап шыққан әкімшілік бөлімі волейбол, футбол, суға жүзу сайыстарында жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп, жалпы командалық бас кубокты жеңіп алды. Ал екінші күміс жүлде «Спорт бөлімінің» қызметкерлеріне табыс етілсе, қола жүлде «Оқу бөлімінің» командасына бұйырды. Мекеме қызметкерлері үшін бұл Спартакиада бір сәт бір-бірімен араласып, сырласып, достық жібін жалғай түсуге зор мүмкіндік берген демалыс болды десе болады.
Хадисте: «Жеміт қарын, артық ет арам ет», деген сөз бар болса, денсаулыққа көңіл бөліп, спортты өмірінің серігі етіп, қоғамда белсенді болудың адамзат үшін маңызы айырықша деп білеміз. Сымбатты, сұлу көріну үшін де спорттың берері мол. «Жаны саудың тәні сау» болатыны анық.
Бұл жарысты ұйымдастырудағы да басты мақсат — салауатты өмір салтын жаңғырту. Ендеше, достық қатынаста нығайтып, денсаулығын жақсартып жастарға үлгі болатын осындай аламан жарыстар әр мекемелерде өтіп тұрса абзал болмақ.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ





SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары