Сербияның астанасы Белград қаласында Еуропадағы ең ауқымды спорттық оқиғалардың бірі болды.
Бұл жерде баскетболдан Белградтың «Партизан» мен Афинаның «Панатинаикос» клубтары арасындағы Еуролигасының матчы аясында еліміздің туристік әлеуеті, сондай-ақ, Астана – Белград тікелей әуе рейсінің жуырдағы ашылуы таныстырылды.
Қазақстан Елшілігінің бастамасымен «Белград Аренада» өткен матчта жиналған 18 мың көрерменнің арасында интерактивті акция ұйымдастырылып, кездейсоқ таңдалған жанкүйерлер «Партизан» клубы ұсынған айып добын лақтыру конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Ойын жеңімпазына арналған жүлде – Қтуризм, азақстанға екі адамға арналған туристік сапар сертификатын Қазақстан Республикасының Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов табыс етті. Дипломат жеңімпазды құттықтай отырып, көпмыңдық аудиторияны Қазақстанға саяхаттауға шақырды.
Конкурс атмосферасын аренаның экрандарында көрсетілген «Born Bold Kazakhstan» туристік роликтері, қазақстандық SCAT Airlines әуе компаниясы ашқан Астана – Белград тікелей рейсінің промобейнежазбасы, сондай-ақ баскетбол жанкүйерлеріне «Born Bold Kazakhstan» жазуы бар футболкалар мен бейсболкаларды таратқан қазақтың ұлттық киіміндегі қыздар көзге айшықтай түсті.
Баскетбол Еуролигасы танымалдылығы мен медиа қамтуы бойынша құрлықтағы спорттық жарыстар арасында екінші орында тұр. Еуролиганың тұрақты маусымы әлемнің 199 елінде көрсетіледі. Теледидарды 1 миллиардтан астам көрермен қарайды.
Конкурс жеңімпаздарының әуе билеттерін сатып алуға байланысты барлық шығындар сербиялық туристік ұйымдастырушылар мен кәсіпкер Драгиша Мартинович тарапынан толықтай өтеледі.
Сейілхан ӘУБӘКІРОВ



SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары