• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Сайыпқыран. Тараздық жас балуан – Қазақстан чемпионы

    Бүгін “Сайыпқыран” айдарын одан әрі жалғастырамыз. Оқырман назарына Тараз қаласының тумасы, жас спортшы Бақдәулет Ерболұлы Тұрсынбек туралы материалды ұсынуды жөн көріп отырмыз.

    Бақдәулет Тұрсынбек  грек-рим күресінен жастар арасында үлкен жетістікке жетіп жүрген балуан. 

    Ол 2026 жылдың 24 ақпанында Астана қаласында өткен U-20 Қазақстан чемпионатында 77 келі салмақта алтын медаль жеңіп алып, ел чемпионы атанды.

    Балуан 2006 жылы 23 сәуірде дүниеге келген. Отбасында әке-шешесі, әпкесі және екі інісі бар. Жас талант спортқа 10 жасында қадам басып, күреске ағасының жетелеуімен келген. Алғашқы бапкері – тәжірибелі жаттықтырушы Сағи Исаев. Ол жас спортшының тек техникалық шеберлігін ғана емес, тәртібі мен мінезін де қалыптастыруға үлкен үлес қосқан.

    Спортшы 2019 жылы республикалық спорт колледжіне түсіп, 2023 жылы 11 сыныпты аяқтаған. Қазіргі таңда осы оқу орнында колледждің 3-курс студенті.

    Астана қаласында өткен ел чемпионатында Бақдәулет жақсы өнер көрсетті. Ол турнирде бес рет күресіп, қарсыластарының барлығын сенімді түрде жеңді. Атап айтқанда, Қостанай мен Астана қаласының балуандарын 8:0 есебімен жеңсе, Петропавл спортшысымен болған белдесуде 3:1 есебімен басым түсті. Жартылай финалда Ақтөбе облысының балуанын 10:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Ал шешуші белдесуде Қарағанды облысының спортшысын 7:4 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

    Бұл жеңіс – жас балуанның табандылығы мен бапкерінің жүйелі еңбегінің нәтижесі.

    Алдағы уақытта Бақдәулет Тұрсынбек Азия және әлем чемпионаттарына қатысып, ел намысын қорғауды мақсат етіп отыр. Ол халықаралық ареналарда Қазақстан туын көкке көтеруге бар күш-жігерін жұмсауға дайын.

     «Мақсатым – әлем чемпионы болу»

    – Бақдәулет, әуелі өзіңіз туралы айтып бересіз бе?

    – Мен Тараз қаласында 2006 жылы 23 сәуірде дүниеге келдім. Отбасымда әкем, анам, әпкем және екі інім бар. Қазір республикалық спорт колледжінің 3-курс студентімін.

    – Күреске қалай келдіңіз?

    – Күреске 10 жасымда ағамның арқасында келдім. Алғашқы бапкерім – Сағи Исаев. Ол кісі маған күрестің барлық қыр-сырын үйретіп, тәртібімді қалыптастыруға көп көмектесті.

    – Соңғы жетістігіңіз туралы айтып берсеңіз.

    – 2026 жылы Астана қаласында өткен U-20 Қазақстан чемпионатында 77 келі салмақта чемпион атандым. Бұл жарысқа бапкеріммен ұзақ дайындалдық.

    – Жарыс қалай болды?

    – Жалпы 5 белдесу өткіздім. Қарсыластарым мықты болды. Қостанай және Астана балуандарын 8:0 есебімен жеңдім. Петропавл спортшысымен қиын белдесу болып, 3:1 есебімен жеңіске жеттім. Жартылай финалда Ақтөбе балуанын 10:1 есебімен тізе бүктірдім.. Финалда Қарағанды балуанын 7:4 есебімен жеңіп, чемпион атандым.

    – Алдағы жоспарларыңыз қандай?

    – Алдағы уақытта бапкеріммен бірге тыңғылықты дайындалып, Азия және әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, Қазақстанның туын әлемдік ареналарда көтергім келеді.

    Меңің мақсатым — әлем чемпионы болу.

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Әңгімелескен Нұржан АСАН,

    ТАРАЗ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *