• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    instagram.com/janibek_alimkhanuly

    Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды

    Боксшы  Жәнібек Әлімханұлы суперорта салмаққа ауысқаннан кейін осы салмақтағы әлем чемпионы (2021—2024, 2024—2025) мексикалық былғары қолғап шебері  Сауль«Канело» Альваресті жекпе-жекке шақырды.

    Қазақ боксшысы суперорта салмаққа (76,2 келі) ауысқан соң бірден дәрежесі де өсіп, Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) жаңартылған рейтингінде (17-0, 12 КО) екінші орынға шықты.

    Бұл салмақта оның алдында тек аңызға айналған мексикалық  Сауль «Канело» Альварес тұр.

    Бұған дейін кәсіпқой бокстың маңайында жүрген тіс қаққан мамандар Жәнібек Әлімханұлының жаңа салмаққа ауысуынан бір жаңалықтың болатынын айтқан еді.  Бір ауыз сөзбен айтсақ, 31 қазанда Сауль «Канело» Альварес пен WBC чемпионы Кристиан Мбили арасында жекпе-жеке болады. Осы жекпе-жекте жеңген боксшы алдағы уақытта Жәнібек Әлімханұлымен қолғап түйістіруі әбден мүмкін. Сондықтан қазақ боксшысы мексикалық әлем чемпионын жекпе-жекке шақырып отырғаны бекер емес секілді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында да айтты.

    «Кей жанкүйерлердің көкейінде «Жәнібек «Канелоны» жеңе ала ма екен?», деген сұрақ бар сияқты. Егер «Канело» менімен шығуға батылы жетсе, жалпақ тілмен айтқанда оны шайнамай жұтамын! Құдай тәкаппарлықтан сақтасын, сенімді түрде айтайын, мен өз деңгейім мен оның деңгейін жақсы білемін!

    Қазақтар осал емес! Кәсіпқой бокста өз орны бар ұлтпыз! Тілеулес жанкүйердің бәріне мың алғыс! Біз енді басқаша болып ораламыз! Суперорта салмақтың ағысын өзгерту үшін келдік!», — деді ол instagram-дағы парақшасында.

    Сонымен бірге ол «Канело» ма, Шираз ба? Қайсысы батыл екен, көрейік!, деп те ойын айтыпты.

    Бұған дейін де ол «Канело» болсын, басқасы болсын, суперорта салмақта әлем чемпмионы атанғысы келетінін жасырмай келген еді. Ол осы туралы instagram-дағы парақшасында да жазды.

    «Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей әлем чемпионы титулын иелендік! Qazaq style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Орта салмақ боксшыларының түнгі қорқынышы атандық. Талай қызықтар мен қиындықтарды, қуаныштар мен сәтсіздіктерді де осы салмақта бастан өткердік! Осы салмақта әнұран шырқатып, көк ту желбіреттік! Жанкүйерлерге естен кетпес өнер көрсетіп, жарқын нокауттар сыйладық!

    Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз! Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атануда. Соларды біраз қинайық. Бұл шешімді америкадағы командамызбен, промоутер және менеджермен ақылдаса отырып, мақсат қоя қабылдадық!

    Бұрыннан айтып жүретініміздей, біз 3-4 салмақтың чемпионы боламыз, бұйыртса!

    Ал, жанкүйерлер! Суперорта салмаққа қош келдік!», деді ол.

    Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста орта салмақта (72,574 кг) өнер көрсеткен боксшы. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әуесқой бокста 2016 жылы Олимпиада қатысқан. 2013 жылы әлем чемпионы, 2013-2014 жылдары Азия чемпионы атанған. Ххалықаралық дәрежедегі спорт шебері. Кәсіпқой бокста орта салмақтағы WBO Global (2012-2020 жж.), WBC Continental Americas (2019) чемпионы, WBO (2022) және IBF (2023) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *