Соңғы жылдарда жаппай көкпар ұйымдастыру еліміздің барлық өңірінде белең ала бастады. Жұртшылықты дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, бұқаралық спортты жандандыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында ұлттық спорттың додасы бұған дейінгі уақытта да аз өткізілген жоқ. Сондай дүбірлі бәсекенің бірі елорданың іргесіндегі Талапкер ауылында 3 қараша күні тамашаланбақ. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығы хабарлады.
Бұл жаппай көкпарды Хасеновтер әулеті өмірден озған асқар таудай әкелерін еске алу құрметіне жасаған жылдық асқа орай ұйымдастырып отыр. Белгілі атбегі Хасенұлы Амандық ақсақал кезінде Ақмола өңірінің ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар табысты еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері орденін иеленген елге танымал тұлға. Зоотехника саласының жоғары білімді маманы. Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген абзал әке.
3 қараша күні сағат 11.00-де басталатын Хасеновтер әулетінің көкпары туралы жарнаманың жасалғанына айдың жүзі өтті. Жаппай көкпардың жүлде қоры аса қомақты. Ақшалай салым – 1 миллион теңге. Сонымен қатар салымға 2 тана, 2 жабағы, 2 тай, 2 ат, 2 түйе, бірнеше қой-ешкі аталған. Көкпардың «Өгіз өлді» салымы екі түйе, яғни, баруы бір түйе, қайтуы бір түйе. Сондай-ақ, көкпар додасының думаны қызған кезде ағайын-туыстың тігетін атаулы салымдары болмақ. Көкпар тамашалауға жиылған көпшілікке арнайы ас беріледі.
Қазіргі кезде Арқа төріндегі биылғы жылдың айтулы додасы саналған жаппай көкпарға алыстан ат терлетіп келген атақты балуандар қатары мол екені мәлім болды. Бұл жаппай көкпарда Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарының атақты көкпаршылары бақ сынамақ. Ұйымдастырушылар болжамына қарағанда осы жолы Талапкер ауылында екіжүзден астам көкпаршы додаға түседі.
Елорданың іргесінде осындай дүбірлі той ұйымдастырылуда. Еліміздің әр өңіріндегі атақты балуандар бақ сынайтын жаппай көкпардың додасын тамашалауға асығыңыз, ағайын!