• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Елорда іргесінде жаппай көкпар жарысы аяқталды

    Жаппай көкпарды тамашалауға  Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, Парламент  Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан қатысты. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығы хабарлады.

    Елорда іргесіндегі Талапкер ауылында Хасеновтер әулеті ұйымдастырған бұл көкпар – биылғы жылы Арқа төсінде өткен айтулы көкпардың бірі.

    Бұл жаппай көкпарды Хасеновтер әулеті өмірден озған ардақты әкелерін еске алу құрметіне жасаған жылдық асқа орай ұйымдастырды. Белгілі атбегі Хасенұлы Амандық ақсақал кезінде Ақмола өңірінің ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар табысты  еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері орденін иеленген, осы өлкеге танымал тұлға. Зоотехника саласының жоғары білімді маманы. Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген абзал әке.

    Бұл көкпарға еліміздің әр өңірінен келген Бағлан Шырынбаев, Ұлан Байтөреев, Нұрдәулет Момынов, Құрманбек Тұрғанбек, Аслан Қабжанов, Ерлан Қанафин  сынды атақты көкпаршылары қатысып, доданың думанын қыздырды. Тіпті, ұлттық спорт түрлерінің бас бапкері Құрамаев Қуанышбектің өзі көкпардың додасында топ жарып, әйгілі балуандардан айла асырып, салым салды.

    Жаппай көкпарды тамашалауға қатысқан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Қанайұлы өзінің құттықтау сөзінде Хасеновтер әулеті ұйымдастырған көкпарға алыстан ат сабылтып арнайы келген атақты көкпаршылардың ұйымшылдықтарына,  Арқа төсінде, Елорданың іргесінде  осындай жаппай көкпардың өтуіне ұйытқы болған атбегі Аманжол Амандықұлы мен оның ағайын-туыстарына шынайы алғысын жеткізді. «Еліміздің Тәуелсіздігі, халқымыздың бейбітшілдігі арқасында талай асыл дүниеміз жандануда. Соның ішінде ұлттық спортымыз әлемдік деңгейге көтерілді. Міне, Арқаның төсіндегі жаппай көкпарға еліміздің атақты балуандары арнайы қатысып отыр. Соның барлығы ең алдымен дәстүрлі ойынды осылайша  үнемі қолдап, қошаметтей білген қалың жанкүйердің, яғни, Сіздердің арқаларыңызда» деп, жаппай көкпарды көруге жиналған көпшілікке деген өз ризашылығын білдірді.

    Еске сала өтсек, бұл жаппай көкпардың салым жүлдесіне – 1 миллион теңге және  2 тана, 2 жабағы, 2 тай, 2 ат, 2 түйе тігілді. «Өгіз өлді» салымына екі түйе аталды. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Ақмола облыстарынан келген айтулы көкпаршылары арасынан додашыл атына сеніп, өзгелерден айласы мен шеберлігін асырған бірнеше балуандар салым салып, көрермен қошаметіне бөленді. Ал, жаппай көкпардың аяқталғанын білдіретін «Өгіз өлді» салымының бірін көкпардың жас балуаны Құрманбек Тұрғанбек салса, екіншісін әйгілі көкпар балуаны Бағлан Шырынбаев салды.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *