• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ауыл шекарасын қалай жабуға болады?

    …Сәлем, ДОСТАР! Менің кешегі АУЫЛ жайлы толғанып жазғаным шын жүректен еді. Жасыратыны жоқ, біздің Үкімет Президентіміздің пәрменімен мына беті аулақ індеттің алдын алу шараларын әлемдегі маңдай алды мемлекеттердің бірі ретінде орындап,елімізді бұл пәленің еркін жайлауынан сақтап қалды! Сырттан келген күмәнді адамдарды оқшаулау жұмысы да уақытылы,тасқан жауапкершілікпен жүргізілді. Бірақ әлемдік мысалды қарап отырсақ,бұл пәле есікті жапсаң босағадан желмен кіріп кететін жындай ешкімге жалын сипатпай тұр ғой. Оған мысал – оның әлемнің бар мемлекетіне таралуы! …АУЫЛ жайлы айтқанда біз бәрі келіп тұр, бәрі тіреліп тұр деп жатқан жоқпыз. Ондай күннің беті аулақ! Тек Жаратқанның өзі «Сақтансаң – сақтаймын!» дегеніне сүйеніп, алдын ала қорғанып жатқанымыз.

    Ауылдардың шекарасын қалай жабуға болады? Бүгінде ауыл біткеннен қалаға келетін жолдарға темір-бетон немесе тас дуалдан бөгет қоюдың қажеті жоқ. Ондай күн тумай-ақ қойсын! Тек әр облыстағы ауыл-ауылдан қалаларға,аудан орталықтарына келетін күре тамырдай жолдарға полиция, ОМОН, әскерилер, еріктілер қатарынан бір адамнан күзет қойса болғаны. Уақытша ала сырық (шлагбаум) керіп қойса тіпті жақсы. Сол күзет жөнсіз жөңкілген ауыл көліктерін кері қайтарып тұруы керек! Әрі олардың мемлекеттік нөмірлерін жазып алып,орталық базаға жіберсін. Жүргізушіге егер осы көлік не аудан,не облыс орталығынан көзге түссе айыппұл төлейтіні ескертілсін. Әрине, себеппен келген көлік,жүргізуші жіберіледі. Қалада да сол тәртіп қой. Ауылдардан жүз жол шыққанымен қалаға кіретін күре жолдар көп емес. Мысалы,менің ауданымның орталығы Үштөбе қаласы. Ауыл мен қала ортасы 200 шақырымдай. Ешкім бұл қалаға жаяу келмейді ғой. Үштөбеге жан-жағынан көп болса 5-7 жол кіреді. Бар өңірде солай. Ел ертеңі үшін оларды күзете тұрғаннан кем болмаймыз! Тек ауыл-ауылға азық-түлік пен ауыз су жеткізу мәселелерін үнемі назарда ұстаған жөн. Жасырмаймыз,ауыл-ауылдан қалаға келіп,бала-шағасына нәпақа табатындар да көп бұл күнде. Амал жоқ,шыдай тұруға тура келеді. Әлемдегі қалалардағы айына миллион доллар табатын мекемелердің жұмысшы-қызметшілері де үйде отыр емес пе бүгін! Бұл шаралар әсіресе жұмыссыз іштері пысып,қала көрмесе тұра алмайтын ақылсыз жастардың елге зияны тиер пәлелерге ұшырап қалуынан сақтайды. …Сонымен қатар, облыс әкімшіліктері бас болып,ауыл-ауылға медициналық құрал-жабдық,дәрі-дәрмектер жібере беруге пәрмен бергені жөн. Қамсыз отырмасын. Ол дүниелер ауылдағы елге жәй күнде де керек. Мына пәле індеттің де алдын алды ғой мемлекетіміз. Сол үлгі болсын жер-жердегі әкімдерге!!! …Дұрыс десеңіздер осы ойды ары қарай көпшілікке,әкім-қараларға жеткізуге қол ұшын беріңіздер!

     Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, журналист-жазушы, спорт қайраткері,

    Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *