«Алматы туры – 2017» веложарысында «Astana Pro Team» командасының екі капитаны болады. Олар Алексей Луценко мен Якоб Фульсанг. Бұл туралы қазақстандық команданың бас менеджері Александр Винокуров айтты, деп хабарлады vesti.kz. Мұнымен қатар, Олимпиада чемпионы лидерлердің дайындық күйін және мәресі Медеуде орналасқан кезеңнің кімге сай келетінін айтып берді.
– Александр, биыл «Алматы туры» алғаш рет екі күн бойы өтеді. Бұл жайлы талай айтылды. Осы екі кезеңнің бағытына берер бағаңыз қандай? Екінші кезеңнің мәресі Медеуде орналасуын есепке алсақ, бұл жарыста таулықтар ғана емес, өзге жолдарда жарысуға машықтанған велошабандоздардың өзін көрсетуіне мүмкіндік бола ма?
– Жарыс осымен бесінші рет өтеді. Алғаш рет екі күн бойы өтетіні қуантады. Бұрыннан осылай болса деп едік. Енді «Алматы туры» көпкүндік жарыстардың қатарына қосылды. Екі күннің де маршруты түрлі жолдарда жарысуға маманданған спортшылардың барлығына да мүмкіндік береді деп есептеймін. Бірінші кезеңде жазық жерде жарысатын спринтерлерге алға шығуға мүмкіндігі бар, ал екінші кезеңнің Медеуге баратын жолы бірінші кезекте көрікті жерлерімізді көрсетеді. Таулықтар суырылып алға шыға алады. Негізінде өткен жылғы маршрут та оңай болды деп айта алмаймын.
– «Алматы турында» «Астана» командасының атынан екі бірдей мықты таулық шығады. Болашағынан үміт күттіретін Алексей Луценко мен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Якоб Фульсанг елордалық команданың намысын қорғайды. Капитан қалай таңдалады? Луценко жарыстың төрт дүркін чемпионы болуы мүмкін, сондықтан дәл осы спортшыға ерекше көңіл аударыла ма?
– Алексей қазіргі уақытта жақсы күйде. Меніңше, Якобқа оған жету қиынға соғады. Қандай жағдай болса да, олар екі капитан ретінде қатысады. Өз басым Алексей жеңеді деп ойлаймын. Ол Медеуді біледі, әрбір бұрылысын жаттап алған. Жеңіске жету оңайырақ болады. Өзге командадан спортшылар да бірінші келіп, жеңісті жұлып әкетуі мүмкін. Болжау қиын. Алексейдің басымдығы – тауға шығу жолын білуі, қайда демалып, қай тұста алға ұмтылуды біледі.
– Луценконың әлем чемпионатындағы нәтижесін қалай бағалайсыз? «Алматы туры» қарсаңында ол өз деңгейінде деп ойлайсыз ба?
– Алексейдің дайындық күйі жақсы. Бұл оның осы маусымдағы соңғы старты. Жеңіске жетуге бекініп отыр деп ойлаймын. Әлем чемпионатында Алексей өзіне берілген тапсырманы 100 пайызға орындап шықты, командасы оған көмектесті. Ол шабуылдап, жеңіс үшін соңына дейін күресті. Жарыс кезінде алдағы позицияларға таласумен болды. «Вуэлта» кезеңіндегі жеңісі оған мотивация берді. Осындай спортшының күн санап дамып жатқаны қуантады. Келесі жылы Алексей көктемгі классикаларда сол Петер Саганмен (әлем чемпионатының жеңімпазы) жарыса алады. Әлем біріншілігіндегі жарысына жоғары баға беремін. Одан атақты шабандоздар ғана озды. Тоғызыншы орын – абыройлы нәтиже.
– Ал Фульсангтың қазіргі дайындық күйі қандай, тамызда құлағаннан кейін қалпына қалай келді?
– Меніңше, Фульсанг әлі өз формасында емес, оны Канададағы жарыста көрдік. Жүлделі орындарға таласпайды деп айта алмаймын. Якоб маусымның соңына дайындалып отыр. Сосын ол «Ломбардия турына» қатысады. Алексей екеуі мінберге шығуға таласады деген ойдамын. Ал Якобтың қолынан келмесе, ол Алексейге көмектеседі.
– «Алматы турының» кезеңдері болашақта көбейе түсуі мүмкін бе?
– Неге көбеймеске? Ірі жарыс ұйымдастыруға талпыну қажет, екі күн емес, төрт-бес, «Дубай туры» жарысындағыдай. Меніңше, UCI кестесіне кірсе, мүмкіндік бар, бірақ бұл оңай шаруа емес. Десе де бұл – біздің арманымыз, оған жету жолында еңбек ету керек. Бұған қоса тур аясында біркүндік екі жарыс ұйымдастыру да ойда бар. Осы уақытқа UCI кестесіне кірсе, әлем чемпионаты мен «Ломбардия туры» қарсаңындағы кезең, әлем велоспортының барлық жұлдызын көрер едік. Әлем чемпионатының өтетін күндері өзгереді, мәселен, велошабандоздар қазақстандық жарыстарға әлем біріншілігіне дайындық ретінде қатыса алады. Тіпті «Джиро д’Италия» да Астанада немесе Алматыда басталуы мүмкін. Келесі жылы бұл жарыс Иерусалимде өтеді. Әлем чемпионатында «Джиро» ұйымастырушыларымен кездескенім бар. «Бұл Қазақстанда да өткізуге болады деген сөз» дедім. Олар бұған ешқандай да кедергі көріп тұрмағанын айтты. Күлдік. Бұл талқыланып жатқан мәселе. «Джиро д’Италия» мамырда Аматыда басталса, жаман емес.
Айта кетейік, биыл «Алматы туры – 2017» тұңғыш рет екі күн, яғни 30 қыркүйек пен 1 қазанда өтеді.