• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тарландарға тағзым

    Бүгін Алматы қаласындағы «Тұлпар» ипподромының спорт залында футзалдан қаламгерлер арасында қазақ журналистикасында көрнекті із қалдырып, елге танылған Нұртілеу Иманғалиұлы, Амангелді Сейітхан мен Бейсен Құранбекті еске алуға арналған республикалық жарыс өтті.

    Бұл жарысты айтулы  атшабардың директоры, ауыр атлетикадан әлем чемпионы, Алашқа аты мәлім ұлтжанды азамат Жасұлан Қыдырбаев ұйымдастырды. «Өлі разы болмай тірі байымайды»,  демекші  аттары аталған ел құрметтеп ардақтаған асыл азаматтарды еске алуға арналған шараға ұйытқы болған Жасұландай иманжүзді бауырымызға қонақтардың алғысы шексіз болды. Сонымен қатар осы жарыстың өтуіне Арыстанбек Мұхамедиұлы да мұрындық болған екен. Кезінде ел спортын басқарған азаматтың өткенді ұмытпай, бақилық дүниеге сапар шеккен белгілі журналистерге деген құрметіне жиылған көпшілік ризашылғын білдіріп жатты.

    Жарыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Несіп Жүнісбай, Мұрат Адамбеков, Серік Әбікен мен Нұртілеу Иманғалиұлының жұбайы, Амангелді Сейітхановтың туған баласы жарысты ұйымдстырушыларға зор алғыстарын жеткізіп, ойыншыларға жеңіс тіледі. Содан кейін, кескілескен жанкешті ойындар басталып кетті. Күн еңкейе бере турнирде топжарғандардың есімдері де белгілі болды. Бұл жарысқа менде «Намыс» атты командамен сынға түскен едім. Алғашқы кездесуде командамымыз Шығыстан келген жастарға тамаша ойын көрсетіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан едік. Дегенмен екінші ойында жолымыз болмады. Спорт өзі жеңіс пен жеңілістен тұрады десек, еліміздің әр өңірінен жасақталып келген жалыны өрт жас ойыншыларды қоғадай жапырып өту бұл күні бізге бұйырмаса керек.

    Хош, сонымен финалда Талдықорғаннан келген «Қаракет» командасы «КТК» телеарнасын 4:1есебімен жеңіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Жүлделі үшінші орын Жамбыл облысынан келген «Тараз» клубын 4:2 есебімен ұтқан ШҚО «Шығыс»  жасағына бұйырды. Жарыста бас кубокты жеңіп алған «Қаракет» командасы  Жасұлан Қыдырбаевтың қолынан 80 000 теңге алса, екінші орынға ие болған  «КТК» командасы 50 000, үшінші орынды иеленген «Шығыс»  30 000 теңгені қалтасына басты. Сонымен қатар турнирдің үздік ойыншысы, үздік қақпашысы, үздік қорғаушысы, үздік шабуылшысы деген номинациялары бойынша оза шапқандар салтанатпен марапатталды.

    Жарыс ұйымдастырушысы Жасұлан Қыдырбаев ойыншыларға алғысын білдіре отырып, бұйыртса айтулы дода дәстүрлі болуы әбден мүмкін екенін баса айта кетті. Расыменде жақсы бір адам бұл пәниден өтіп кетсе, артынан тек құран бағыштап, дұға оқумен бірге осындай игілігі зор шараларды ұйымдастырудың сауабы шексіз екені белгілі. Сондықтан осындай сауапты шаралар арқылы біз дүниеден озған жақсы жандарымыздың жарқын бейнелерін жиі еске алып отырамыз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *