«Отбасы банк» АҚ еліміздің 20 миллионыншы тұрғын атанған балалардың ата-анасы 2 млн теңгенің сертификатын беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты.
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғын атанған балалардың ата-анасы болашағына да өз үлесін қосқысы келеді. Сондықтан біз («Отбасы банк» АҚ, — ред.) олардың әрқайсысына «Отбасы банкінің» 2 млн теңге номиналды құны бар сыйлық сертификаттарын сыйлаймыз. Сертификат жай ғана сыйлық емес, ол жарқын болашаққа жолдама болады деп ойлаймыз. Бұл қаражат жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болады. Сертификатты қолдану үшін балалардың ата-аналары видеобанкинг қызметін пайдаланып, өз қаласындағы біздің банкке келіп, сертификатты, жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігін көрсету керек. Бұл үшін ата-аналарға үш ай уақыт беріледі. Біз 20 миллионыншы тұрғын атанған сәбидің отбасыларына барып, сертификатты табыс етіп жатырмыз. Біздің банк ақшалай сыйлықты алу үшін кеңес береді, — деді банктің басшысы Ләззат Ибрагимова.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала бірдей еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды.
Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың үшеуі – ұл, екеуі – қыз.
Бүгін сүйінші хабарды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты.
Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, — деді президент әлеуметтік желіде.
Бүгінде қазақстандықтардың орташа жасы салыстырмалы түрде жас болып келеді. Яғни, ол елімізде бала туу көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді деген сөз. Мысалы, 2009 жылмен салыстырғанда 2021 жылғы санақ нәтижесінде орташа жас 31-ден 32 жасқа дейін өскен.
Санақ аралығындағы кезеңде 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны айтарлықтай өсті. Егер олардың үлесі 2009 жылы сол кездегі халықтың жалпы санының 24,1% (3,9 млн адам) құраса, соңғы санақ қорытындысы бойынша олардың үлесі 29,4% (5,6 млн адам) болды.
65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі де өсті. 2009-бен салыстырғанда 2021 жылы олардың үлесі 7,1%-дан 8,2% дейін өсті (1,6 млн адам).
Сонымен қатар, санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 101 жастан асқан 200-ден астам қарт адам тұрған.
Бүгінгі қуанышты жаңалықты Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали да жеткізді.
Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары, қадірменді жерлестер!
Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жайындағы ақжолтай хабар баршамыздың төбемізді көкке жеткізді. Ал жиырма миллионыншы тұрғынның жиырмасыншы өңірде, яғни Ұлытау облысында өмірге келуі біз үшін зор мақтаныш.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел тұрғындарын мерейлі күнмен құттықтап, бақытты отбасы — бақуатты елдің негізі екенін жеткізді.
Құрметті ұлытаулықтар!
Бұл — ұлттың қуанышы. Ұлытау облысы, Қоскөл ауылындағы Сейітжановтар әулетінде келген кішкентай Томирис ханшайым атына сай тұлға, елдің азаматы болсын! Әкесі Сұңғат Сейітжан мен анасы Әйгерім Молдашеваның тұңғыш перзенті дені сау ұрпақ боп өсуіне тілектеспін!, — деді ол.
Анықтама: 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адам болған. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті.
Бүгінде 20 миллионыншы азаматтың туған күні Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны бойынша барлық демографиялық деректерді ескере отырып айқындалып отыр.
Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен, қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.
Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы қамтыған еді.
Табиғи өсімнің артуы нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді: 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы туылған 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін.
Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті тәуелсіздік жылдарында 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды.
Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі саналатын туудың жиынтық коэффициенті 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейін оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 баланы қамтыды.
Орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті. Бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде 6 жылға артып отыр.
Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды қамтыды. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады.