• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жетісайда қазақ күресінен жарыс жалауын желбіретті

    Көктемнің жаймашуақ сәуір айында еліміздің әр өңірінде спорт сайыстары да дүбірін бастайтыны белгілі. Міне, ел спортында самбо, қазақ күресі секілді жекпе-жектің дамуына зор үлесін қосқан, ардагер палуан, ардақты азамат Бақытжан Жаңбырбаевтың халықаралық жарысы 24 рет жалауын көтерді. Елімізге белгілі көптеген марқасқа палуандардың шоғыры шыққан бұл турнирдің төл күресімізді дамытудағы алар орны ерекше.

    «Сәуір болмай тәуір болмас» демекші, көктемнің екінші айында сулар тасып сайлардан, жер-жаһан көктеп гүлденіп, табиғат тамаша бір күйге енетін ғажап бір кез. Осы бір нұрлы көктем айларында бар тіршілік атаулы көктемнің самал таза ауасымен тыныстап, айнала көк кілемге орана бастаған шақта адамзат та қызу қимылға көше бастайды емес пе. Осындай жайма-шуақ көктемнің көкек айларында әсіресе, спорт сайыстарының дүбірі дүйім жұртқа әр өңірден естіле бастайды. Жыл сайын Оңтүстіктегі Жетісай елді мекенінде өтіп тұратын қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбегі сіңіген жаттықтықтырушы Бақытжан Жаңбырбаевтың дәстүрлі жарысын әсіресе, жас буын ерекше күтеді. Өйткені, жыл сайын жарыстың құрметті қонақтары болатын, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының білікті мамандарының назарына түскен осы белдесулерде топжарған дарабоздар әлемдік жекпе-жектерде ел намысын қорғауға мүмкіндіктер ала алады. Сондықтан қатысушылар айырықша дайындықпен келеді.

    Бұл сынға Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген палуандармен қатар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 130 тарта спортшы қатысып, екі күн бойы жеңіс үшін жан аямай белдесті.

    Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі де тартымды көріністерге толы болды. Турнир әдеттегідей еліміздің әнұранымен басталып, Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев палуандарға ақ жол тіледі. Келесі кезекте аудан басшысы, қазақ күресін әлемдік деңгейге шығарған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушы, профессор Серік Адамболсынұлы Түкеевтің 60 жасқа толу торқалы тойына орай, Мақтарал ауданының атынан, төл күресіміздің дамуына орасан үлес қосқаны үшін, күміс ерлі тұлпар тарту етіп, үстіне жағалы шапан жапты. Сонымен қатар, Бақытжан Жаңбырбаевтың турниріне орасан үлес қосқан демеушілер мен төрешілер де назардан тыс қалмай, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының тағайындаған медаль, диплом, грамоталарымен марапатталды.

    Бір мәселені айтпай кетпеуге болмайтын сияқты. Қаншама мұзбалақ палуандардың тұсауын кескен бұл жарысқа Қазақстан қазақ күресі федерациясы еліміздің үздік спортшыларына қатысуға рұқсат бермепті. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды», – деген ғой бабаларымыз. Қазақ күресі барша қазаққа ортақ күрес түрі емес пе еді. Сонда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ата күресімізді әлемде ғана емес елімізде де дамытуға барынша үлес қосып келген қауымдастық екенін көзі ашық көкіреге ояу халық жақсы біледі. Ендеше, сол Дүниежүзілік қазақ күресі федерерациясының өңірлерде ата күресімізді дамытуға арналған дүбірлі жарыстарды өткізуге үлес қосуға ат салысқаны үшін, неге Қазақстан федерациясы қызғана де қырын қарайтынын түсіну әзірге белгісіз болып тұр. Үлкен күшпен кетіп бара жатқан, шойын арбаны тоқтату дәрменсіздің қадамы болар. Десек те жарыстар өтіп жатыр. Қазақ күресіміз даму үстіне дами бермек.

    Сонымен жарысқа оралсақ, 24 жыл бойы елімізге белгілі марқасқа палуандар күресіп келген бұл белдесулер қалай десек те, қызығын жоғалтпай тартысты жекпе-жектермен көрермендерін тәнті етті. Жетісайдағы орталық футбол алаңында жайылған бозкілемде палуандар 5 салмақ дәрежесі бойынша екі күн бойы күш сынасты. Енді әр салмақтарда топжарғандардың есімдерін алға тарталық. ОҚО палуаны Аманхан Өскенбаев 60 кг салмақта Шымкенттегі Балуан Шолақ клубының өкілі Асылжан Сейдуалыны жеңсе, 70 кг салмақтағы мақтаралдық Даврон Дадаев Алматы облысынан келген қарсыласы Дамир Бокесовтен басым түсті. Ал, 80 кг салмақта, ОҚО палуаны Еркінбек Бөлен Мақтаралдың белді спортшысы Ахмад Бабаевтан айласын асырып жеңіске жетсе, 90 кг ауыр салмақта кездескен Оңтүстіктің мақтаныштары Ерсұлтан Мұзаппаров пен Ақылбек Сағидоллаев арасында өткен тартысты белдесуде Ерсұлтан осы салмақта еліміздегі алдыңғы қатарда тұратын, шебер палуан екенін көрсетіп, жеңімпаз атанды. 90 кг-нан жоғары салмақтағы жігіттер арасында әлем чемпионы Талғат Әміренов қарсыласы ОҚО палуаны Нұрсұлтан Әміреновті алып ұрып құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

    Бура санды, атан жілікті абсолюттік түйе палуандар арасындағы жекпе-жектер көремендерге ұмытылмастай әсер қалдырды. Бозкілемде осы салмақта күресуге үміт білдірген 20 палуанның арасында атқа жеңіл тайға шақ жігіттер мен алып денелі таусоғарлар теңселе басып кілемде бас жүлде үшін жанкешті өнерлерін көрсетті. Финалға сол ел болжап алдын ала пішіп қойғандай дүбірлі жарыстарда топ алдына шығып жүрген ОҚО бплуаны Ерсұлтан Мұзаппаров пен Шығыстың жұмыр денелі, шымыр ұлы қазақ күресінен әлем чемпионы Талғат Әміреновтер кездескен еді. Екеуі де жеңіске сай палуандар. Әттең жүлде біреу, жеңімпаз анықталу керек болғандықтан төрешілер үшін бұл кездесу үлкен сын болғаны да анық. Хош, сонымен негізгі уақытта бір-бір жамбас ұпайларымен тең аяқтаған қос қабыланның мықтысы қосымша берілер белдесуде анықталатын болып шешілді. Қоян-қолтық шешуші сында Талғат Әміреновтің тәжірбиесі мол екеніндігі айқын көрініп, қарсыласының қолын қағып алып кетті. Осылайша бас жүлдеге тігілген БМВ автокөлігінің кілті Шығыс палуаны Әміреновке табыс етілді.

    Жарыс соңында сөз алған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Адамболсынұлы Түкеев мырза, жарыстың әділ өткеніне бас бармағымен баға бере отырып, бүгінгі таңда қазақ күресінің әлемдік деңгейге көтеріліп келе жатқанына осындай еліміздегі әр өңірінен шыққан апайтөс палуандардың қосар үлес зор екендігін айтты. Сонымен қатар, төл күресіміздің өзге күрес түрлерінен ерекшелігін әдемі көрсете білген, өсіп келе жатқан дарынды жастарымыздың алдағы әлем, Еуропа, Азия сайыстарына қатысып, ел намысын қорғауда мүмкіншіліктері зор екендігін бас айта кетті.

    Сонымен 24 рет жалауын көтерген айтулы жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марпатталып, ерекше құрметке бөленді. Ендігі келер көктемге дейін, жас палуандар осы бастан шеберліктер қайта шыңдап, тынымсыз жаттығуларын бастайтын болады.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
    Оңтүстік Қазақстан облысы,
    Мақтарал ауданы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *