• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Легионерлердің мәселесі майшаммен қаралды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы Асқар Жұмағалидің басшылығымен спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде ведомствоаралық мәжіліс өтті, деп хабарлады ведомство.

    Оған агенттік басшысынан басқа туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, қаржы және цифрландыру вице-министрлері, «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы, қоғам қайраткерлері, орталық және өңірлік мемлекеттік органдар қатысты.

    Мәжілісте спортты дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражат мәселесі талқыланды. Онда қаражаттың ұтымсыз және тиімсіз жұмсалып жатқанын айтылып, биыл жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмыстың тіркелгені атап көрсетілді.

    Агенттік төрағасының айтуынша, тек соңғы 6 жылда осы саладағы бюджет екі есеге өсіп, 1,4 трлн теңге болды. Алайда, Қазақстанның әлемдік спорттағы рейтингі түсіп келеді.

    Осы сала бюджетінің 90%-ы жұмсалатын «жоғары жетістіктер» және «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасында теңгерімсіздік байқалады. Ал дамыған елдерде пропорциялар мүлдем өзгеше және бұқаралық спортқа қаражат бөлу басым.

    Қаржыландырудағы диспропорция жемқорлық схемаларына негіз болды.

    Егер бұқаралық спортта қазір цифрландырылған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса, онда жоғары жетістіктер спортында ашық емес және субъективті төлемдер, аз бақылау, аффилирленген қатысушылар, жалған оқу-жаттығулар және қосарланған қаржыландыруға жағдай жасалған, – деді агенттік төрағасы.

    Оның айтуынша, спортта цифрландырудың болмауы құқық бұзушылықтар мен қаражаттардың жымқырылуына қолайлы жағдай туғызып отыр.

    Екі жыл бұрын жоспарланған Е-sport ақпараттық жүйесі осы уақытқа дейін іске қосылған жоқ. «Спорт шеберлері» жалған атақтарын беру фактілері анықталды.

    Мәжілісте спортшыларды натурализациялау, кәсіпқой клубтардың бюджеттерін қалыптастыру мен легионерлерге төленетін қаражат мәселелері талқыланды.

    Ел президентінің бюджет пен жалақы мөлшерін шектеу жөніндегі тапсырмасына қарамастан, еліміздің футбол кәсіподақ клубтары соңғы үш жылда 30 млрд теңгеден астам үстеме ақы төледі.Сонымен қатар, өзінің спорттық инфрақұрылымын дамытудың орнына бюджет қаражаты легионерлерге төлем жасауға және спорт нысандарын жалға алуға жұмсалды.

    Талдау қорытындысы бойынша агенттік салалық министрліктің атына жемқорлықпен күреске мәселесі өз ұсыныстарын жіберді.

    Жиында ведомстволық бақылауды күшейту және дискрециялық өкілеттіктерді қысқарту, қаражатты бөлу процестерін нақты нормативтік және құқықтық регламенттеуді белгілеу және бұзушылықтар үшін жауапкершілікті дербестендіру, сондай-ақ бірыңғай цифрлық платформа құру туралы да мәселе қаралды.

    Өз сөзінде туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мемлекеттік органның қазіргі уақытта ұйымдық-құқықтық шаралар кешенін қабылдағаны туралы хабардар етіп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша барлық ұсынымдардың міндетті түрде орындалатындығын айтты.

    Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин де сыбайлас жемқорлыққа қатысты өө пікірін білдірді.

    Менің ұстанымым біржақты. Жемқорлықпен күресте қатаң шаралар қолдану қажет, — деді ол.

    Кеңес қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы уәкілетті органдарды елдегі спортты дамыту жөніндегі тікелей міндеттерді мүлтіксіз орындауға шақырды және жемқорлық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеу туралы ескертті.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *