Астанада дзюдодан өтетін Grand Slam әлемдік турнирге алыс-жақын 89 елден 475 спортшы келеді. Дзюдо отаны — Жапониядан бір спортшы жарысқа өтінім берген. Сондықтан жарысқа Жапониядан бір-ақ дзюдошы қатысады.
Былтыр елімізде болған Grand Slam турниріне үш жапон қызы келіп, 1 алтын, 1 күміс медаль алған еді.
Айтайын дегенім, туризм және спорт министрі Жапония мен Өзбекстаннан неге үлгі алмайды? Мысалы, Жапонияға оқу-жаттығу жиынына барған дзюдошылар төртінші-бесінші нөмірлі жапон спортшыларымен бірге дайындалады. 1, 2, 3-нөмірлі жапонмен дайындалып жатқан әлем елдерінің спортшыларын сайттардан, әлеуметтік желілерден әлі күнге дейін көрген жоқпын. Жапон билігі сақ жүреді. Жарыстарға спортшыларын жібере бермейді. Біздердікіндей әр жарысқа спортшыларын қатыстырып сағын сындырмайды. Олардың ғылымы мен медицинасы да дамып кеткен.
Өзбек спорты да басқалардан кем емес. Әсіресе, олимпиадалық спорт түрлері де даму үстінде. Бізге белгілі мәлімет бойынша, өзбек билігі 17 спорт түріне ақша бөледі. Мысалы, үш жыл бұрын Токио Олимпиадасында өзбектер 3 алтын және 2 қола медаль алып командалық есепте 32-орынға тұрақтады. Олар бокс, таеквондо және ауыр атлетикадан жүлде алып берді.
Өзбекстанда екі ғана жарыс ұйымдастырылады. Өзбекстан чемпионаты мен халықаралық турнир өткізеледі. Кейде Азия мен әлем чемпионатын да өткізіп, командалық есеп бойынша бірінші орын алатын болса ғана федерациясы рұқсат береді. Одан басқа ешқандай жарыс өткізбейді. Көбіне өзбек спортшылары Қазақстан, Ресей мен басқа да шетелдегі жарыстарға барады. 9-10 жыл бұрын өзбек боксшылары Қазақстаннан шықпайтын. Енді өзбекті қалай жеңеміз деп бас қатырып жүрміз. Өзбектер бізден қалай озды деп федерация зерттеп, талдау жасап жатқан жоқ. Парижде «Кім кінәлі?», деп өзбектерден жеңіліп, бармағымызды тістеп отырмайық,
Өзбекстан Бокс федерациясы жақсы жұмыс істеп жатыр. Парижге жолдама алған Олимпиада чемпионы Хасанбай Дусматов пен Баходир Жалолов әлі-ақ екі дүркін Олимпиада чемпионы болады. Өзбек боксшылары мен дзюдошылары бір-біріне бәсекелес болып отыр. Екі спорт саласында бәсеке бар.
Өзбекстанға 2019 жылы Илиас Илиадис келгелі көршіміздің дзюдосында даму пайда болды. Азия ойындары, Азия мен әлем чемпионаты, Grand Slam, Grand Prix турнирлерінен еліне алтын, күміс пен қола медальдарды алып барады. Ал біздің дзюдошылар өзбектерден қалып қойды. Анық Көкенайұлы айтқандай, «Барғандары бір қора, алғандары бір қола» болып шығады. Әйтпесе, елге келген француз жаттықтырушылары Стефан Трено мен Ксавье Монденкс пен физотерапия маманы Морган Селлес сияқтыларға Қазақстан дзюдо федерациясы миллиондаған ақша төлейді. Олардың қазақ дзюдосына көмегі тиіп жатқаны шамалы. Енді француз мамандарынан қалай құтыламыз? Париж Олимпиадасынан кейін келісімшартты созайық деп жүрмесін.
Кезінде бас бапкер болған Ғалымжан Жылгелдиевке қысым көрсетіліп орнынан алып тасталды. Енді оған да зар болып жүргендей ме? Алдағы Олимпиада Францияда өтетіндіктен Қазақстан дзюдо федерациясы француз жаттықтырушыларына әңгіме айта алмай жүрген шығар. Тоқ етері, миллиондап ақша алатын француздар жеңіп, қазақ дзюдошылары жеңілді. Бәрінен маңыздысы, Париж-2024 Олимпиадасынан еліміздің дзюдошылары екі қола медаль ала ала ма екен?
Франциядан Қазақстанға келген үш маманның ақшасын дзюдодан Өзбекстан құрамасының бас жаттықтырушысы Илиас Илиадис алмауы мүмкін. Біздің елге И.Илиадис келсе бір-екі Олимпиаданың күмісі мен екі-үш қола жүлдегерін шығарады. Егер 2018 жылы Қазақстан дзюдо федерациясы бас бапкерлікке Илиас Илиадисті шақырғанда, Елдос Сметов Токио Олимпиадасында чемпион болар еді. Бірақ өзбектер білікті жаттықтырушы Илиас Илиадисті оңайлықпен жібермейді және біздің елдегі үш француз маманына да ауыстырмайды.
Айбек МҰХАНОВ,
АҚТАУ