• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тынымсыз еңбек – түбегейлі нәтиже

    «Тұрақты еңбек-өнердің де, өмірдің де заңы»

    Оноре де Бальзак

    Өнер көзге көрінбей тұншығып жататын құбылыс емес. Мәселен кей кездерде «…би өнері қазақтың қанында жоқ өнер, кейін заман талабына қарай пайда болған» деген пікір би өнерінің пайда болуының түбегейлі зерттелмеген тақырып екендігінің айқын дәлелі.  Би – өнер ішіндегі ең бір күрделісі болып саналады. Бір қарағанда, нәзік қимылдардан тұратындай болып көрінеді. Әсіресе қазақтың лирикалық билері. Қос бұрымды, жіңішке білекті, мың бұралған бір келкі қыздардың саусақтары үзілердей болып майысып, бейнебір кең даладағы бидайдың сабағындай көрінгенімен, бұл өнер еркелікті көтермейді. Ал көрермен сәл қателігіңді кешірмейді. Аса бір табандылық пен төзімділікті, ізденімпаздықты талап етеді.  Әр қимыл – бір сөз, әр сурет – бір ұғым. Жалпы, би өнері әр халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салты мен дәстүріне негізделген және ұлттық болмысымен көркемделген.

    Би бiздiң бар өмiрiмiздiң қозғалыстарымен өрілген көркем өрнегі, оның маңызы мен мазмұны сияқты болып көрінеді. Сол себептен де ұлттық би қазынамыздың ортаймауын оның жаңа билермен толыға, байи түсуiн ойлайтын жанашыр жандар қаншама?! Олардың алғы шебінде би өнерінің дәстүрін жалғап, жас жеткіншектерді өнер нәрімен сусындатып, тәрбиелеген Ысқақ Быжыбаев, Әубакір Ысмаилов, Шара Жиенқұлова, Дәурен Әбіров, Зауырбек Райбаев, Болат Аюханов және бүгінгі жастармен көп жұмыс жасап жүрген, хореография өнерін дамытуға қомақты үлес қосып жүрген Гүлжан Талпақова, Ғаникамал Бейсенова, Тойған Ізім, Айгүл Тати, Айгүл Күлбекова т.б. би өнерiнiң сұлу болмыстары тұр. Әрине, биде тiл жоқ, онда тек әдемi қимыл ғана бар. Осы әдемі қимылды музыкамен көркемдеп, сахналық киімдермен зерделеп, би қойылымын ойлап-шығаратын тілсіз өнер иелерінің маэстролары – хореограф-ұстаздар, балетмейстерлер.

    Би өнерін көркемөнерпаздық деңгейден нағыз кәсіби биікке жеткізген көптеген шынайы шеберлердің есімдерін бірі білсе бірі біле бермейді. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінегі хореограф-ұстазар. Оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен шығысы мыңдаған шақырымдарға созылған қазақ даласында неше бір дүлділ ақын, жыршы-жыраулар, шайырлар, әнші-күйші, сазгерлер, аспаптың құлағында ойнаған хас шеберлер, он саусағынан өнер тамған мүсіншілер, суретшілер  өмірге келіп, өнердің дара жолын салды, негізін қалады, ұлттық руханиятымыз бен өңірлік ерекшелігімізді айқындады. Мына басы Батыс Қазақстан, Маңғыстау, жер кіндігі – Байқоңыр-Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, оңтүстігінде Түркістан, Жамбыл облыстарын қамтып отырған елорда орталығы Астана қаласында би ұжымдарының кеңінен құрылып жұмыс жасауы – бұл өнердің қажеттілігін дәлелдейді.

    Жылдар салып Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, ұлттық құндылықтарына мән беріп, тілі мен ділін қайта жаңғыртуға бет бұрған тұста би өнерінің атқарған рөлі зор болды. Алайда саяси сергелдең мен экономикалық ахуал өнерге де өзінің кері әсерін тигізгені сөзсіз. Әсіресе би жанры қатты қалғыды. Оған себеп бұл жанрдың ұжымдық тұсы болатын. Дара орындаушылар үшін аса сезілмеуі мүмкін болар, бірақ ансамбльдерге ауыр тигені ақиқат. Әрбір қойылатын биге киім тіктіру, оларды қандай да бір сахнаға шығару үшін жұмсалатын қаржының қомақтылығы сынды көптеген аспектілер бар және де мемлекет болып қалыптасып, өз билігімізді өз қолымызға алғалы бері 30 жыл өтсе де бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ.  Би өнері мемлекеттен зор қамқорлыққа бөленгендігінен емес осы өнерге деген хореография майталмандарының энтузиязмының негізінде бүгінде іргелі өнерге айналып отыр.

    ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі мен Мемлекеттік «Алтынай» халық би ансамблінің iзбасары, жас та болса, атағы алысқа кеткен тағы бiр тамаша өнер ордасы Мемлекеттік «Наз» би театры. Ансамбль ретінде 1999 жылы Астана филармониясы жанынан құрылған.

    Мемлекеттік «Наз» би театрының құрылғанына 25 жыл ішінде, ол өзін керемет сахналық костюмдерімен, бай репертуарымен, орындаушылық шеберлігімен мықты кәсіби ұжым ретінде көрсете білді. Хореографиялық өнерінің негізінің бірі – ұлттық фольклорды насихаттау, қазақ халқының би мәдениетін дамыту және байыту, әлем халқының хореографиялық материалдарына үндеу, хореографияның жаңа бағыттарын батыл игеру, жоғары эстетикалық мәнер – бұл «Наз» би театрының бүгінгі күндерінің даму ұстанымдары.

    «Наздың» сәттілігінің негізі – көркемдік жетекші мен бас балетмейстердің және репетитор-ұстаздар құрамының мықтылығы, ауызбіршілігі, олардың кәсіптік деңгейі, үздіксіз шығармашылық ізденуі, ынталылық және еңбеққорлығы.

    Қазіргі уақытта Мемлекеттік «Наз» би театры репертуарына 10 хореографиялық спектакль және әртүрлі жанрдағы би қойылымдары  кіреді.

    Театр директоры, Мәдениет қайраткері  Еркебұлан Мүлкіұлы Ағымбаев және театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері Қадиша Ермекбайқызы Ағымбаева әрдайым еліміздің түпкір-түпкірінен талантты қыз-жігіттерді би ұжымына шақырып, бишілерді әбден «пісіріп» сахнаға шығаруда.

    2002 жылы Астана қаласында «Шабыт» халықаралық жастар өнер фестивалінде   Мемлекеттік «Наз» би ансамблін алғаш рет кездестірдік, әрине студенттердің арманы «Назда» билеу болды.

    Қорқыт Ата атындағы ҚУ «Хореография» мамандығы түлектерінің маман ретінде қажеттілігі – түлектердің өз мамандығы бойынша тек қана Қызылордада емес, сонымен қатар Қазақстанның басқа қалаларында еңбек етуінде. Жыл сайын Шымкент, Талдықорған, Алматы, Астана қалаларынан біздің түлектерге кәсіби ұжымдарда қызмет етуге ұсыныстар келіп жатады.

    2004 жылдан бастап Е.М Ағымбаеватың шақыртуымен «Наз» мемлекеттік би театрында Абилова (Елегенова) Дәмеш Шерниязқызы Қызылордадан бірінші болып, алғашқы 7 биші қыздардың бірі болды, 2017 жылы балет әртісі орындаушылық өнерін тәмамдап, ұстаздыққа бет бұрды.

    Астана қаласы «Наз» мемлекеттік би театрына балет әртісі ретінде қызмет жолын бастаған жас таланттар Шамшиев Алмат, Витченко Денис, Көкетов Берік, Сембаев Өмірзақ, Ыстықбаева Замира, Джаппасов Данияр, Өмірбекова Назым, Беглова Александра, Юсупова Динаралар еді, «Назда» еңбек етіп жүріп әлем халықтары билерін игеріп, әртістік қаблеттерін шыңдап, Қазақстан және шет мемлекеттерінде Мемлекеттік «Наз» театрының атыныан, еліміздің атынан өнер көрсетті. Қазіргі таңда бұл педагог-хореографтар би өнерімен жақын және алыс шетелдерде, республикамыздың түкпір-түкпіріне орындаушылық өнерлерімен және ұстаздық біліктілігімен қызмет атқарып жүр.

    Мемлекеттік «Наз» би театры еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Республика аумағында ұйымдастырылып өткізілген мәдени-көпшілік шараларға белсене араласып, Мемлекеттік, ұлттық мейрамдарда қойылатын театрландырылған көріністерді дайындап, бишілікпен қатар актерлік шеберліктерін ұштап отырады. Кәсіби деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу мақсатында республикалық, халықаралық байқау,  фестивальдерге де үзбей қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

    Бүгінде Наз – халықаралық өнер кеңістігінде танымал өнер ұжымы. 25 жылда толағай табыстарға жетіп, биік-биік көріністерден көрінуде.

    25 жылдық тарихың бар ауыз толып айтарлық,

    Мерейтойың құтты болсын, тойлайықшы бар халық.

    Би билейтін бишілерің  жылдан-жылға көбейіп,

    Күннен-күнге қанат жайып, өсе берші жайқалып!

    «Наз» ұжымын мерейтойымен құттықтай отырып, шын жүректен «Тек алға!» дегім келеді, жаңа жетістіктер, жоспарлар, креативті идеялар, батыл шешімдер, табыс пен сәттілік және  баршаңызға зор денсаулық тілеймін!

    Осындай тынымсыз еңбекті арқау еткен әріптестеріммен мақтанамын!

     

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    Кәрібозұлы Бағдат  «Дидар» . – Алматы, 2007.– 165 б.

    Т.О.Ізім «Қазақ және шетел хореография өнерінің тарихи даму кезеңдері» Астана, 2018.-  180 б.

     

    Г.И.МУРЗАБАЕВА,

    Мәдениет саласының үздігі

    Қызылорда облыстық филармония

    «Томирис» би ансамблінің бас балетмейстері

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *