Алматы қаласында қарашаның 10-11 күндері киокушинкайдан балалар, жасөспірімдер және қыздар арасында Республика күніне арналған ашық турнир болды. Бұл туралы Алматы қаласы барлық стильдік каратэ федерациясы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Қазақ спорт және туризм академиясының спорт залында жалау көтерген жарысты Алматы қаласы барлық стильдік каратэ федерациясының президенті Талғар Ахмадиев сөз сөйлеп, ашып берді.
Жарыстың ашылу салтанаты кезінде қазақстандық бір топ каратэшіге бірінші және екінші дан дәрежесіндегі қара белбеу тапсырылды. Оны Жапонияның халықаралық ұйымы тағайындайды. Жапон елі жауынгерлік өнерінің көпшілігі сияқты каратэнің де шәкірттік (кю) және шеберлік (дан) дәрежелері болады.
Турнирге 5-17 жас аралығындағы 217 спортшы қатысып, өзара бақ сынасты.
Сайыс барысы бәсекеге түскен жас атлеттердің барлығы да өздерінің турнирге үлкен дайындықпен келгендерін байқатты. Сондықтан татами үстіндегі кез келген дерлік жекпе-жек айтарлықтай тартыс үстінде өтті. Олардың арасында Меруерт Кәкімқызы мен Айдана Рысбекованың шәкірттерін бөліп айтуға болады. Атап айтқанда, 12-13 жас аралығындағылар арасында 50 келіге дейінгі салмақтағы Сырым Асқар көрерменнің көзайымына айналып, жеңіске деген жігерімен ерекше көзге түсті. Бұдан басқа, Ернұр Жемісхан, Еркежан Әділқожа, Айзере Ерікқызы, Ерсін Жақсыбай, Арафат Усманов, Сұлтан Тасқын, Асылназ Ахмет сынды секілді балғын спортшылар да өздерінің шеберлік деңгейлерінің жоғарылығымен турнирдің бәсін көтеріп әкетті. Сол сияқты 5 жастағы қыздар арасында чемпион атанған Зейнеп Шайзанда айрықша талпынысымен өзінің болашағы зор екенін танытты.
Жарыс жеңімпаздарына арнайы кубоктар мен медальдар тапсырылды.
Турнирге «Экра Қазақстан» компаниясы (басшысы Әмірбек Еламанов) демеушілік көрсетті.
Сайыс соңында Алматы қалалық федерация президенті Талғар Мұхтарұлы бұған дейін де өзі басқаратын ұйымның жетекшілігімен өткен бір турнирге бас демеушілік жасаған аталмыш компания басшысы Әмірбек Нұртасұлына алғыс хат табыс етті.