Негізі салауатты өмір салтын ұстауды сонау Мұхаммед пайғамбардың дәуірінен бастау алған десек орынды болар. Мұхаммед пайғамдар хадисте салауаттылық жайлы «найза лақтырып, атқа шап, суға жүзіп, садақ атуды үйреніңдер», деген екен. Сол бүгінгі заманымызды да маңыздылғын жоғалтқан жоқ. Айтылған дуалы сөз бүгінгі тілмен айтқанда спортпен айналысуға әкеліп тірейді. Спорт ол денсаулық кепілі.
Ендеше, бүгінгі Алматы облысы имамдарының бас қосып волейболдан өткізген дүбірлі жарысы сол айтылған сөзімізге нақты дәлел шығар. Бұл жарыс Іле ауданы Өтеген кентіндегі Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің шаңырағында жалауын көтерді.
Жарыстың салтанатты ашылуына ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов пен Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қапар Рауанов қатысып, қатысушыларға жарақатсыз жеңіс тіледі.
Бұл жарысты ҚМДБ Алматы облысы өкілдігінің ұйымдастырғандағы негізгі мақсаты, имамдардың салауатты өмір салтын берік ұстап, халыққа үлгі көрсету. Мешіттерде жамағатқа ізгілік, мейрімділік, қайырымдылық секілді адам бойындағы жақсы қасиеттер туралы уағыз айтып жүретін имамдарымыз спортта да құр жаяу емес екендіктер ойын алаңында барынша көрсетті. Таңазаннан басталған жарыс күн ұясына батқанда барып бір аяқталып, жүлдегерлер мен жеңімпаздар ұйымдастырушылардың дайындаған марапаттарына ие болды. Бұл турнир осымен екі жыл қатарынан өтіп отыр екен. Сондықтанда имамдардың шеберліктері толыса түсіп, бейнебір кәсіби ойыншылар секілді жанкештілікпен көрсеткен ойын өрнектеріне жанкүйрелер ерекше қолдау көрсетіп отырды.
Негізі, Алматы облысы имамдар мұхтияты жаз айында шағын футболдан үлкен жарыс ұйымдастырса, енді міне, волейболдан дүбірлі турнирдің томағасын түріп отырса керек.
Жарысқа Алматы облысының Қарасайдан өзге барлық аудандарынан командалар келіп қатысты. Әрине қазірге кезде жарыс өткізетін спорт залдарды табудың өзі бір мәселе. Қай жерге барса да алдымен жалға беретін залдың ақшасын сұрайды. Оны кейбір жарыс ұйымдастырушыларының қалталары көтермейтіні анық. Өйткені, жалға беретін бағаны аспандатып қойған. Кезінде «Халық арена», «Алматы арена» секілді зәулім спорт сарайларын салған кезде, «Қарапайым халық үшін бәрі тегін болады», деп жар салып жария етіп бір қуантып қойған есімізде. Кейінірек белгілі болғандай айтылған сөз жәй сөз болып қала берді. Қаладағы спорт құмар балалар кең сарайлардың есігіне барып тосылып, аспандаған ақшадан кейін қайтып жатты. Дұрыс, иә су мен жарығы бар дегендей коммуналдық қызметіне қаржы төлеуде қажет етеді. Десе де қарапайым қала тұрғындарына қолжетімді қылса да дау тумас еді ғой. Бірақ әзірге олай болмай тұрғанын білеміз. Сондықтан жарыс ұйымдастырушылардың жағдайына байланысты қарайлап қайырымын көрсетенін жандар ілуде бір десе болады. Солардың бірі де бірегейі, жүрегінде иманы бар, көптің тек алғысын ғана алып, спортқа зор қамқорлық жасап жүрген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қапар Рауанов ты айтса болар сірә.
Спорт мектебінің басшысы имамдарға спорт залды тегін беріп қана қоймай, күн ұзақ жарыстың басында жүгіріп жүріп қолынан келген қызмет көрсетіп қатысушылардың зор алғыстарын алды. Сондықтанда ынтымағы ұйыған спорт мектебінің ұжымы мен басшылығының бұл қайырлы істеріне береке тіледік.
Сонымен турнирдің ауыспалы бас кубогы Талғар ауданының командасына табыс етілді. Екінші күміс жүлде Іле ауданының командасы жеңіп алса, қола медаль Кеген ауданынан келген командаға бұйырды. Осылайша салауатты өмір салтын спорт алаңдарында тартысты ойындарымен көрсеткен имамдардың бұл қадамдары жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге деп білеміз. Хош, сонымен күні бойы сын алаңында жеңіс үшін, бір жағынан денсаулықтарын шыңдаған имамдар айналаға жақсы лебіз қалдырып, жанкүйерлерерімен жылы қоштасып жоғары көңіл күймен тарқасты.
Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелікке суретке түсіп жатты. Алматы облысы бойынша имамдар арасында өтетін беделді турнирдің қатарына көтерілген бұл бәсеке алдағы жылы географиялық көлемінде ұлғайтпақ ойда бар екен. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген имамдарға Алла разы болсын дейміз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ
Торғын НҰРҒАБЫЛҚЫЗЫ