• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ өнерінің ұлттық қазынасына айналған «Наз» би театры

    Би театры — хореографиядағы ерекше құбылыс, өйткені ол театр мен бидің барлық белгілерін біріктіреді. Заманауи мәдениетті әлемдік деңгейде дамытудың инновациялық тәсілдерін белсенді түрде ұсынатын сахналық бидің жаңа түрі. Қазіргі таңда хореографиялық өнердің жаңа формалары жасалуда, олардың арасында би театры хореографияны дамытудың ең жоғары шыңы екені баршаға белгілі.

    Осы орайда театр формасы мен қазақ хореографиясының ерекше үйлесімі табылған, керемет жарқын, кәсіби, қызықты әдемі, әсерлі Астана қаласындағы мемлекеттік «Наз» би театры құрылды. «Наз» — еліміздегі алғашқы кәсіби би театры. Басқа би театрларынан айырмашылығы  — театр репертуары қазақ тарихын, фольклорын, музыкасын, этнографиясын көрсетіп,  қазақ сахналық билерін белес шыңдарына көтеру еді. Театр бишілері ұлттық билер мен бірге әлем халықтарының билерін,  заманауи хореографияны кәсіби деңгейде орындап жүр. Бүгінде театр күннен-күнге ізденістер арқасында жаңалану, өрлеу үстінде. Театр репертуарында 100-ден астам ұлттық билер мен оннан астам хореографиялық спектаклдер бар.

    2005 жылы 15 ақпанда сахналанған театрдың атын шығарып, өнер сүйер қауымды таң қалдырған 5 картинадан тұратын «Тұйғындар» хореографиялық тарихи спектаклі еді. Қойылым қазақтың көне тарихынан сыр шертеді. Яғни, Қазақ хандығы құрылмай тұрып, VI-XI ғасырлар аралығында қазақ жерін мекендеген Cақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, одан әрі Түрік қағанатының құрылуы кезеңдерін бейнелейді. Ертеде «Тұйғын» деген құс болған. Тұйғын — қаршыға тұқымдастарына жататын жыртқыш құстардын ішіндегі ең ұшқыр, қырағы, шалымды құс.  Әскердің ең алдында жүретін барлаушы топты да осы құсқа теңеп «Тұйғындар» деп атаған екен. Бұл жауынгерлер тұтқынға берілмеген және ешқашан кейін шегінбеген.

    Қойылымның басты мақсаты — тасқа жазылған тарихымызды сахнада көркем дүниеге айналдырып, көрерменнің рухын ояту. Спектакль барысында Орхон-Енисей ескерткіштері, балбал тастар сахна төріне шығып,  құпиясын ішіне бүккен тарих парақтары ашылады. Спектакльде халқымыздың төл мәдениеті, тарихы, этнографиясы, ұлттық киімдері де толығымен сапалы қамтылған. Келіншектер, апалар, жауынгердің сахналық костюмдері және абыздың киім үлгісі, қолындағы аса таяғы спектакльдің тақырыбына сай дайындалып, костюм дизайнерінің шеберлігін көрсетіп тұрды.

    2008 жылы «Наз» мемлекеттік би театрының үздік қойылымдарының бірі – «Ақ пен Қара» хореографиялық спектаклі қойылды. Спектакль жасөспірімдерге арналған жақсы мен жаманның айырмашылығын көрсететін, балаларға арналған спектакль. Қазіргі кезде заманға сай балалар драматургиясының тапшылығына байланысты, қойылым режиссерының бұл алғашқы туындысы. Қойылым барысында жасөспірім балалардың кездейсоқ қателіктерден жаман жолға түспеуіне, тәрбие ісіне әр ата-ананың көңіл бөлу керектігін, қоғамдағы қандай да бір іс-шараның және айналадағы адамдардың іс-әрекетінің игілік бағытында екендігіне көз жеткізе қарау керектігін, сахнада бір баланың тағдырымен көрсеткен. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халқымыз. Өскелең ұрпақ санасын өмірдің ақ пен қарадан тұратынын бейнелейді.

    2009 жылы «Болеро» хореографиялық спектаклі театрдың 10 жылдығында Астана қаласында Конгресс-Холлда және 2010 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында сахналанған.                  Балет қойылымы ретінде сахналанған би спектаклінің желісі ХХ ғасырдағы  Испаниядағы қарапайым зауыт жұмысшыларының қым-қуыт тірлігі. Зауыттағы түтінге дейін би спектаклінде көрініс табады. Жұмыстан шаршап, шалдығып келген испандықтар кешке тавернда бас қосады. Осы кезде ортаға испан қызы шығып билей бастайды. Көңілді сергітіп, денені шымырлататын музыка ырғағына зауыт жұмысшылары да қосылады. Міне, оқиға желісі бойынша сол замандағы адами қатынастар, мейірімділік пен жауыздық, қызғаныш пен алауыздық, махаббат пен өшпенділік сезімдері би тілімен «Болеро» спектаклінде көрініс табады. Спектакльде басты нысанаға алынған – жігіт пен қыз арасындағы ғашықтық. Махаббат үшін күрес. Бір-бірін көре алмайтын көрсеқызарлармен сүйгеніне сүрініп болса да қол жеткізген жігіт бейнесі.

    2011 жылы «Наз» би театрында тағы да бір құнды, әрі ауқымды би шығармасы дүниеге келді. Ол біртуар өнер тұлғасы, композитор, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығын би тілімен негіздеген «Нұрғиса» спектаклі еді.  Спектакльдің мақсаты — жаңа буынды Нұрғиса Тілендиев шығармашылығымен таныстыру, жастар арасында халық музыкасын насихаттау, тыңдармандарды ұлттың рухын құрметтеуге, би өнерін дәріптеуге үндеу – спектакльдің танымдық тұжырымдамасы болды.

    «Мың бір түннің бір түні» хореографиялық спектаклі 2013 жылы қойылған. Оқиға араб елдерінің ең ірі шаһарының бірінде өтеді. Хореографиялық спектакль етікші Маруф пен Эсмигюль ханшайымның арасындағы махаббат жайлы болады. Спектакльдегі басты оқиға қымбат таспен әшекейленген інжу көзді жүзікке қатысты өрбиді. Қатыгездік пен зұлымдықты, қызғаныш пен ашуды, бақыт пен махаббатты, актерлік шеберлікпен, сиқырлы шығыстың музыкасы арқылы би тілінде сөйлететін хореографиялық спектакль шығыстың «Мың бір түн» ертегісінің желісі бойынша құрылған.

    2018 жылы жастарға арналған қойылымдарды іске асыру бағытында пайда болған тағы бір спектакль – «U — sana». Хореографиялық спектаклі бүгінгі күнгі әр отбасындағы жағдайға көңіл аудару мақсатында дүниеге келген бұл спектакль көрерменге уақытында ұсынылған дүние екені сөзсіз. Жастарды тәрбиелеуде театрдың атқарар рөлі әр кез жоғары болғаны белгілі. Сондықтан да уақытында ұсынылып отырған қойылым деп білдік. Әрі осы спектакльдің хореографиялық мәтінін жастар қойып шыққан. Өнер магистрі, балетмейстер Арман Баймағамбаев, театр бишілері Ұлан Изенев пен Сағит Дүзбаев өздерінің бірнеше қойылымдарын сахналаған тәжірибелі биші, балетмейстерлер.

    2018 жылы «Әлемді бірге құтқарайық» хореографиялық спектаклі қойылды. Қойылымның қысқаша мазмұны: Басты кейіпкер Айзере де барлық балалар сияқты жаңа жылды күтеді. Бірақ белгісіз себептермен Жаңа жыл келмейді және уақыт тоқтайды. Айзереге Ақтөс атты ит пен сиқыршы көмекке келеді. Олар бірге барлық елдерді аралап, мұқтаж адамдарға көмектеседі. Жұмбақтың шешімі – ғаламдық экология. Қойылымның мақсаты – балаларды жаһандық экологияның салдарымен таныстыру және оны шешу жолдарын көрсету, табиғатты қорғау және оған дұрыс қарау қаншалықты маңызды екенін түсіндіру. Өз елінің экологиясы туралы тақырыпты көтеру, оның салдарын болдырмауға үйрету және балаларды қоршаған ортаны құрметтеуге шақыру.

    2019 жылы «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклі қойылды. Бұл қойылым Азиядағы тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері Шыңғысханның (Темүжін) өмірі мен ерен еңбегіне арналады. Қойылымда аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, Шыңғыс ханның бала кезінен бастап, ер жетіп, ел билеген  кезеңдері қамтылады.  Өзінің  әскери талантының арқасында кең-байтақ территорияны басып алып, жарты әлемге билік жүргізгені хореография тілінде көркем бейнеленеді. Қойылым кәсіби мамандардың орындауында арнайы жазылған музыкамен, көркем декорациямен, сол дәуірдің ғажайып костюмдерімен көрерменді баурап алары сөзсіз. Жастайынан қайғы-қасіреттің, жетімдіктің зардабын шеккен, есейгенде жары Бөртеден айырылып, абайсызда бауырын жазым қылуы оның өміріне үлкен әсер етті. Сонымен қатар, халықтың ауыр халі, ыдырап ауызбіршіліктің болмауы, болашақ билеушінің өміріндегі үлкен қадамдар жасауына зор ықпалын тигізді. Шыңғыс ханның билігі сол замандағы  өмір сүрген барша  халыққа үлкен әсерін тигізді. Империяның жаңа астанасы Қарақұмда барлық үлкен Азия әлеміне бұйрықтар мен өкімдер шығарылады. Әскер ісінде дала көшпенділерінің ежелгі дәстүрлерін қолданды. Ол – қандықол, соғысқұмар жан емес еді. Әрдайым әділдікті жақтап қара қылды қақ жарған қаған еді.

    2020 жылы «Уақыт-Өмір» хореографиялық спектаклі қойылды. Жаңа маусымда көрерменге жол тартқалы отырған бұл қойылым театр репертуарындағы алғашқы мюзикл жанрындағы туынды.  Бұл қойылымда ән де, би де шырқалады. Бұл театр артистері үшін зор мүмкіндік. Қойылым философиялық бағыттағы бүгінгі күннің тынысын бейнелейтін заманауи спектакль.

    2021 жылы «Әзім әңгімесі» хореографиялық спектаклі қойылды. Белгілі ғалым Қажым Жұмалиев: «Мың бір түнде» мұндай ғажайып оқиғалар сан рет кездесе береді ғой. Әйтсе де, «Әзімнің» олардан бір айырмасы –  алхимия мәселесінің сөз болуы деп жазады. Бұл қойылым А.Құнанбайұлының аяқталмай қалған шығармасы «Әзім әңгімесі» ертегісінің желісі негізінде сахналанып отыр. Хәкім Абай «Мың бір түн» әңгімесінің бір тарауын өлеңге айналдырады. Әзімге кездескен жәдігөй шал тәрізді сұм-сұрқиялар ғалымдардың ашқан ғылыми жаңалықтарын өздерінің баю мүддесіне пайдалануы, ол үшін неше түрлі зымияндыққа барулары мүмкін. Жәдігөйшал – солардың бірі. Өмірінің ең қызығы, ең негізгі мақсаты тек баю ғана деп ұғынушылар қандай да болмасын зұлымдық, іс-әрекеттерден де тайынбайды. Ездік те, қаныпезер қаражүректік те оларға бұйым емес. Поэмадағы алхимик жәдігөй шал өзінің зымияндық мақсатын орындау үшін Әзімді қолына алдап түсіреді де, тау басына, ысылдаған апжылан, айдаһарлардың ішінде қалдырады. Бірақ, бидің соңында олар кенеттен екі жаққа айрылысып  кетеді.

    Жоғарыда аталған спектакльдер «Наз» би театрының көркемдік ізденісін, шығармашылық мүмкіншілігін толық танытқан туындылар  болды. Олар мазмұнды, әсерлі қойылған. Жеңіл қабылданып, үлкен шеберлік деңгейге көтерілген. Қойылымдардың идеялық бағыттары айқын болды. Спекткльдерде жақсы көркемдік нышан, әртістік өнер, ойлы балетмейстерлік ой-тұжырымдар байқалды. Сахнада өтетін әрбір оқиға би түрімен ашылған. Авторлар әр кейіпкерлердің өзіне тән характер даралықтарын ашқан. Хореографиялық драматургия элементтерін дұрыс шеше білген. Үлкен де күрделі көпшілік сахнасын, жеке вариациялар мен монологтарды, әртүрлі дуэттарды, санқилы қимылдардағы жеке бишілердің әрекеттерін көруге болады.

    «Наз» театрының алғаш репертуарында би қойылымдары болды. Атап айтсақ, «Махамбет», «Шернияз», «Серпін», «Гопак», «Көш керуен», «Сарбаздар», «Көктем», «Шашу», «Киіз басу», Испан биі «Коррида любви», өзбек биі «Қаракөз», Аджар биі «Хоруми», «Балбырауын», «Көңіл ашар», «Желдірме», «Жайлауда», «Елес» т.б. Мұнда халықтық той-думан, дәстүрлі ойын-сауық сахналары, әр түрлі халық билерінің орындалу мәнері, шеберлігі «Наз» би театрының  құндылығы мен сапасын арттыруға көп септігін тигізгендігін атап өткен жөн.

    Сондай-ақ, «Наз» би театрының ұлттық хореографияның шеңберін кеңейткен, әрі қазіргі ұлттық-сахналық бидің нәрін көрсеткен «Қазақ жәдігерлері» атты композициясы еді. Бұл күнделікті қазақ халқының тіршілік-қарекеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының  сипаты  мықты сақталған тың туынды. Бидегі қазақ-сахналық биінің қимылдары жоғары кәсібилікпен, виртуоздық техникалық орындаушылықпен көзге түсіп, көрермендер көңілінен шықты.

    «Наз» би театрының пайда болуы, оның шығармашылығы, жетістіктері, әлемге танымал болуы кәсіби хореографтар Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Республикалық Ш.Жиенқұлова атындағы қазақ биі байқауының лауреаты, ІV Халықаралық Шабыт жастар шағармашылығы фестивалінің бас жүлдегері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ағымбаев Еркебұлан Мүлікұлы мен Казақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биі байқауының лауреаты, ІV Халықаралық Шабыт жастар шағармашылығы фестивалінің бас жүлдегері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ағымбаева Қадиша Ермекбайқызың есімдерімен тығыз байланысты. Ерлі-зайыпты Еркебұлан, Хадиша Ағымбаевтар А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінде оқып,  кәсіби би мектебімен сусындап, әрі қарай Алматы филармониясы жанынан ашылған «Алтынай» фольклорлық би ансамблінде жалғастырады.

    1999 жылдан бастап  хореографтар еліміздің хореография саласын дамытуға ұшан-теңіз еңбек етіп, тыңнан түрен салып, жаңа бағыт, үлкен ізденістерге барды. Олар бүкіл әлемдегі көрермендерді таңғалдырып, қуантып, шабыттандыратын би театрын құра алды. Қазіргі таңда Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтар 2007 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының іргетасын қалаған жетекшілері, Еркебұлан Мүлікұлы директоры, ал Қадиша Ермекбайқызы көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер. Екеуі де қазақ би өнерінің тарихын зерттеп және насихаттап жүрген еліміздегі бірден-бір кәсіби балетмейстер-хореографтар. Олар еліміздің және көрші елдерден хореографиялық білімі бар жас мамандарды іздестіріп, театрға қабылдады, ұжымды біріктірді, жемісті шығармашылық қызметке бағыттады, биші-актерлерді тәрбиеледі.

    Осы жылдар ішінде шығармашылық ұжым, ансамбльдің жеке солистері бірнеше рет жеңімпаз атанып, беделді марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. «Наз» театрының бишілері – ұлттық кейіпкерді көркем образға айналдыра алатын, бидің барлық түрлерін еркін меңгерген, білімді, талантты, жан-жақты әртістер. Әрбір биші «Наз» би театрында билеуді армандайды. Бірақ бұл театрға биші болып орналасу үшін қатаң талаптардан өтетіні белгілі. Қазіргі таңда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті хореография білім беру бағдарламасының түлектері Айтмағанбетова Мейрамгүл, Умашева Аяжан, Рысқалиев Акон, Байбулова Мира, Бегманова Жұлдыз т.б. алған білімдерін, шеберліктерін осы «Наз» мемлекеттік би театрында жоғары деңгейде көрсетіп жүрген өнер майталмандар екенін үлкен мақтанышпен айтуға болады. Солардың ішінде, Айтмағанбетова Мейрамгүл ансамбль бишісі ретінде көп жыл еңбегінің арқасында балетмейстер деңгейіне дейін өсіп, бірнеше би қойып, театр репертуарына енгізіп жүр. Сонымен қатар, театр құрамында А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін, эстрада-цирк колледжісін, Шымкент, Қызылорда қалалары оқу орындарының хореография кафедраларын бітірген түлектер қызмет атқаруда.

    «Наз» би театрының жетістіктері де айтарлықтай Шара Жиенқұлова атындағы республикалық қазақ би байқауының лауреаты,  «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің бас жүлдесінің иегері, Қытайда болған халықаралық фестивальде алтын мүсін иегері, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты атанғаны, сондай-ақ, театр гастрольддік сапарлармен Қазақстанның көптеген облыстарында, Алматы және Астана қалаларында, шетелдерде – Ресейде, Қытайда, Түркияда, Бельгияда Голландияда, Францияда т.б. болды.

    Отандық «Наз» би театры әлемдік мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі десек те қателеспейміз. Театрдың бірегейлігі сол, бұнда халықтық-сахналық бимен драматургия, режиссура, актерлік шеберлік үйлескен халық фольклорын біріктірген қайталанбас өнер ордасы. Өз қойылымдарында қазақ халқының керемет дәстүрлерін, тұрмыс салтын, түрлі ырымдарын би арқылы көрсетіп, қазақ халық биінің өзіндік ерекшеліктерін сақтап, бұл бағытты дамудың жаңа деңгейіне шығарды, хореографиялық және композициялық шешімнің жаңа түрлерін ұсынды және халықтық-сахналық хореографиялық өнердің дамуының жаңа тенденцияларын шығармашылықпен әр кез ізденіс үстінде жүретін ерекше ұжым.

     

    Қарлығаш АЙТҚАЛИЕВА,

    М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, өнертану кандидаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі

     

    Әдебиеттер:

    1.Ізім Т. Өркені өскен би өнері. Оқу құралы. Астана, Фолиант, 2009.

    2.Ағымбаев Е. Тұйғындар бағдарламасы. Астана, 2005.

    3.Әуезбекова Г. Өнерге жүзген өнерпаздар//Астана хабары, №192-194, 29 қараша 2007.

    4.Бердашева Н. «Наз» халыққа берген сертінен шықты//Айқын, №184(1121). 1 қазан, 2008.

    5.Күлімбаева Б. «Тұйғындар» – мастер «изящной пластики»//Неделя в Астане, 26 сәуір, 2008.

    6.Ағымбаевтар мұрасы – «Наз» тарихы. astana-akshamy.kz›

    7.Әлемдік би айдынында – «Наз» театры. egemen.kz›

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *