28 ақпан мен 2 наурыз аралығында Шымбұлақ тау курортында фристайлдан FIS Әлем кубогының кезеңі өтеді.
Жарыс могул / параллель могул және шаңғы акробатикасы бойынша болады. Атап айтқанда, 28 ақпанда – жеке могулдан, 1 наурызда – параллель могулдан, 2 наурызда – шаңғы акробатикасынан жарыс өтеді деп жоспарлануда.
Фристайл әлеміндегі, әсіресе могул мен шаңғы акробатикасындағы жанкүйерлер мәдениеті-адреналин, жылдамдық және таң қалыстың миксі. Мұнда алып стадиондар жоқ, бірақ тік беткей, трассалардың етегіндегі шулы трибуналар және салқыннан қорықпайтын, сүйікті спортшыларының өнерін сағаттап күтуге дайын жанкүйерлер бар.
Фристайл жанкүйерлері — жәй көрермен емес, нағыз экстремалды спорттың бағалаушылары. Олар әр трюкті көреді, әр секірістің алдында тына қалады да, спортшылар ғажап трюк жасағанда айқай-шуға басады. Мұнда секундтар мен баллдар ғана емес, спортшының батылы жетіп орындаған спорттық элементі де маңызды.
Жарыс атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елестетіңізші: аязды күн, әсем табиғат, түрлі тау-шаңғы киімін киген адамдар, біреу ыстық шәй ұсынады, біреу қоңырау сыңғырлатады, біреу жалау желбіретеді,ал біреу сүйікті спортшысының атын айқайлайды. Әсіресе «параллель могул» бойынша қатысатын спортшылардың өнері қызық, онда атлеттер бір-бірімен белгілі бір ретпен жарысады, ал турнир кестесінің алдыңғы қатарына ұтқан адам шығады.
Фристайл фанаттары үлкен пенопласт қолдар, неонды плакаттар, тіпті ұлттық тудың түсіндей шаңғы маскалары сияқты ерекше атрибуттарды жақсы көреді. Кей елдерде жеңімпаздарды тек қошеметпен ғана емес, қардан шашу шашып қарсы алады — фанаттар қарды уыстап аспанға лақтырып, кішігірім боран әсерін тудырады.
Көптеген жанкүйерлердің өздері шаңғымен немесе сноубордпен сырғанайды. Олар тек тамашалап қана қоймай, спортты өздері де сезінеді, секіргеннен кейін тепе-теңдікті ұстау немесе тегіс емес рельефте жылдамдықты ұстап қалу қандай қиын екенін біледі. Жанкүйерлік мәдениетте спортшыларға деген сыйластық бағалы, себебі олардың әрқасысы секіру мен түсудің жылдамдығы үшін қанша күш жұмсалғанын түсінеді.
Могул мен шаңғы акробатикасындағы жанкүйерлер мәдениеті — еркіндік, драйв және шын жүректен қолдау. Мұнда жәй айқайлай бермейді, мұнда адамдар спорт деп өмір сүреді.
Спортшылар секірер алдында бір-біріне қолдау береді, спорттық мансабында олар үлкен қиындықтарды бірге еңсеріп, жеңісті күндерде де бірге болады.
Жарысты ұйымдастырудың артында жарысты жоғары халықаралық деңгейде өткізу үшін күні-түні жұмыс істейтін үлкен команда тұр.
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
АЛМАТЫ