«Астана» футбол клубының бас директоры қызметіне Қайсар Бекенов тағайындалды. Директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Гурман клубтың ұжымына жаңа басшыны таныстырды, деп хабарлады «Астана» футбол клубы.
Қайсар Рауфұлы 2013-2019 жылдары клубта басшылық қызметте болып, елордалық командамен бірге ел ішіндегі барлық трофейлерді жеңіп алды. Сондай-ақ еурокубоктарда тарихи жетістіктерге жетті.
«Астана» – Қазақстан футболы тарихында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан тұңғыш команда болды. Сонымен бірге Еуропа лигасының топтық кезеңінен плей-офф кезеңіне өткен алғашқы ұжым атанды.
Былтыр Қайсар Бекенов клубта маркетинг және қоғамдық байланыстар бағытына жауапты болды.
Бұған дейін «Астананың» бас директоры қызметін атқарған Ғазинұр Әлімов басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Астана» футбол клубының ұжымынан кетті.