Қытайдың Ханчжоу қаласында каратэден премьер-лига санатындағы биылғы жылдың екінші жарысы аяқталды, деп хабарлады Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметі.
Karate 1-Premier League — осы спорттағы ең беделді турнир. Оған рейтингтегі TOP-32 спортшы ғана жолдама алады.
Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасының үш спортшысы кумите бағдарламасында жүлдеге ие болды. Топта барлық қарсыласын ұтқан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг) финалда Алжир спортшысы Силия Уикенмен тең түсіп (8-8), SENSHU (бірінші ұпай алған спортшы жеңісі) бойынша есе жіберді.
Мөлдір Жаңбырбай қаңтар айында Парижде өткен жылдың алғашқы премьер-лига турнирінде қола жүлдегер атанған.
Осыдан кейін жартылай финалда сүрінген Әсел Қанай (61 кг) мен Софья Берульцева (+68 кг) кіші финалда қарсыласын ұтып, қола медаль иеленді. Еске сала кетейік, Әсел мен Софья қыста Парижде күміс жүлде жеңіп алған.
Барлығы бұл жарысқа 68 елден 400 спортшы қатысты. Қазақстан командасы сапында 13 каратэші күш сынасты.
Ханчжоуға ең көп спортшыны Жапония құрамасы алып барды (30 спортшы). Одан кейін турнирге Италиядан 29, Франция мен Түркиядан 21 адамнан қатысты.
Осыдан соң премьер-лиганың (Karate 1-Premier League) келесі кезеңі Каир (18-20 сәуір) мен Рабат (30 мамыр — 1 маусым) қаласында болады.
Қазақстан каратэшілері Париждегі жарыста 2 күміс, 3 қола медаль алған.