• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тауға қалай қауіпсіз шығуға болады?

    «Шымбұлақ» тау курортының Shymbulak Outdoor бөлімі журналистерге, туристерге, таулы гидтерге және белсенді демалысты ұнататын жандарға арналған «Тау қауіпсіздігі: ЖАЗ» атты әлеуметтік-ағартушылық іс-шара өткізді. Жазғы маусым басталар алдында құтқарушылар, таулы гидтер мен инструкторлар туристерді тауда қандай қауіптер күтіп тұрғанын және олардан қалай сақтануға болатынын айтып берді.

    Іс-шараны Төтенше жағдайлар министрлігі РЖҚЖ (РОСО) Алматы қаласы бойынша құтқару бөлімшесінің басшысы Вадим Пак ашты. Ол Алматы мен Алматы облысы тауларында болған төтенше жағдайларға қатысты көңіл көншітпейтін статистиканы жария етті. РОСО деректеріне сәйкес, 2020 жылдың басынан 2025 жылғы 15 сәуірге дейін бұл жерде іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген 438 оқиға тіркелген. Құтқару жұмыстары көбіне Үлкен Алматы шатқалы, Аюсай шатқалы, Ассы үстірті, Кіші Алматы шатқалы, Бутаковка шатқалы, Сол Талғар шатқалы сияқты танымал туристік бағыттарда өтеді.

    Тау жағдайындағы төтенше оқиғалардың ең көбі жаз мезгілінде тіркеледі. Мысалы, 2020–2024 жылдары жазда – 206, көктемде – 75, күзде – 74, ал қыста – 58 жағдай болған. Оқиғалар саны жылдан жылға артып келеді. Атап айтқанда, 2020 жылы 61 жағдай тіркелсе, 2024 жылы – 112. Құтқарылған адамдар саны да артуда. 2020 жылы – 81 адам, 2024 жылы – 194 турист. 2025 жылдың басынан бері 25 оқиға тіркеліп, 19 адам құтқарылған.

    2020 жылдан 2025 жылдың 15 сәуіріне дейінгі аралықта тауларымызда 619 адам құтқарылған. Оның ішінде 2023 жылдан бастап 2025 жылғы 15 сәуірге дейін құтқарылған 392 адамның 100-і – балалар. Өкінішке қарай, кейде объективті себептерге байланысты адамдарды құтқару мүмкін болмайды. 2020–2024 жылдары тауда 16 адам қаза тапты.

    «Шымбұлақ» тау курортының құтқарушысы, Shymbulak Outdoor резиденті, Алматы қалалық Құтқару қызметінің (109) кезекші ауысымының жетекшісі Юрий Сергеев туристерді құтқару кезінде жинаған тәжірибесімен айтып берді. Ол құтқару қажеттілігі, көбіне, туристердің уақытты дұрыс есептемей, түнде жолдан адасуы немесе жарақат алуы салдарынан туындайтынын айтты. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін маршрутты алдын ала жоспарлап, соқпақтан шықпай, міндетті түрде жақындарыңызға қайда бара жатқаныңызды ескертіңіз. Көп жағдайда туристер маршрут туралы ешкімге айтпайды, сол себепті құтқарушылар бүкіл тау массивін қарап шығуға мәжбүр болады. Ал бұл уақыт жоғалтуға және кешіккен көмекке алып келуі мүмкін.

    Сергеев сонымен қатар, туристерге тікұшақпен жедел құтқаруға тым сеніп қалмауға кеңес берді. Тікұшақ түнде немесе қолайсыз ауа райында ұшпайды, ал жазатайым оқиғалар көбіне кешкі уақытқа қарай болады. Ол адамдарды өміріне жауапкершілікпен қарауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Кейде адамға нақты қауіп төнбесе де жалған шақыртулар тіркеледі – мұндай жағдайда жағдайды салмақты бағалаған жөн.

    Қауіпті табиғат пен ауа райы

    Алматы қаласы Альпинизм федерациясының президенті Артем Скопин жаз мезгіліндегі таулы табиғаттың қауіптері туралы айтып берді. Олардың қатарына: тас құлауы, көшкін, тасқынды тау өзендері, тайғақ шөпті беткейлер жатады. Егер адам тауға тым биік көтерілсе, тіпті қар көшкіні мен қарлы карниздер де жазда қауіп төндіруі мүмкін.

    Биіктік – тағы бір қауіп факторы: ауаның сиректігі мен парциалды қысымның төмендеуі салдарынан биіктік ауруы басталуы мүмкін, бұл ауыр зардаптарға әкеледі. Сондықтан Скопин акклиматизациясы жоқ адамдарға тауға тым биік көтерілмеуге кеңес береді. Тауда қараңғылық та қауіп туғызады: түн тез түседі, бағдар жоғалады, қозғалыс баяулайды, адам тез шаршайды және тоңады.

    Біз үшін күнделікті ауа райы жағдайларының өзі тауда қауіпті болуы мүмкін. Найзағай кезінде найзағай соғу ықтималдығы жоғарылайды. Нөсер сел жүруіне және өзендер деңгейінің көтерілуіне себеп болады. Жаңбыр мен жел – үсік шалу мен тоңу қаупін арттырады. Жоғары ультракүлгін сәуле – күн өтудің және күнге күйіп қалудың себебі болуы мүмкін. Алайда бұл тауға мүлде бармау керек дегенді білдірмейді – ең бастысы, ауа райы болжамын бірнеше дереккөзден тексеріп, дұрыс жабдықталып, қосымша жылы киім алу қажет.

    Shymbulak Outdoor басшысының орынбасары, альпинист және тау гиді Махамбет Абдуллаев тауда қауіпсіздік сақтау үшін 5 негізгі ережені атап өтті.

    Егер сіз тәжірибесіз турист болсаңыз, тауға гидпен шыққан дұрыс. Бірақ оны қалай таңдау керек? Shymbulak Outdoor резиденті, альпинизмнің үшінші санаттағы нұсқаушысы, жоғары санатты треккинг гиді Александр Голованов кәсіби гидті анықтаудың басты белгісі – онымен өзіңізді қауіпсіз сезінуіңіз керек дейді.

    Shymbulak Outdoor резиденті, сертификатталған треккинг-гид, экоактивист Светлана Харитонова туристерді табиғатты аялауға шақырды және Leave No Trace тұжырымдамасы туралы айтты. Бұл – адамның табиғатқа әсерін азайтуға бағытталған 7 негізгі экологиялық этикалық қағидалардан тұратын американдық тұжырымдамадан тұрады.

    «Тау қауіпсіздігі: маусымаралық кезең» іс-шарасы дәстүрге айналып келеді – өткен жылдың қазанында Shymbulak Outdoor қысқы маусым қарсаңында осындай кездесу өткізген. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – адамдарға қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын жеткізу. Себебі, таулар қателікті кешірмейді және жауапсыздықты көтермейді.

     

    Салтанат ­­ҚАЖЫКЕН,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *