• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қауымдастық төрағасы Көшпенділер ойындарына қорытынды жасады

    Бүгін Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан 2-8 қыркүйек күндері Қырғызстанда өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

    Жиында ол әуелі түбі бір түркі елдерін табыстырып, түркі әлемінің ортақ спорт мерекесіне айналған Көшпенділер ойындарының мәні мен маңызы туралы айтты.

    –Көшпенділер ойындарының шын мәнінде бірталай ел көз тіккен, дүмпуі біраз жерге жеткен өте жақсы ұйымдастырылған жарыс болғанына ешқайсымыздың күмәніміз жоқ. Тіпті, Түркі тектес мемлекеттер президенттерінің осы жарыстың салтанатты ашылуына қатысуының өзі бұл шараның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

    Біздің спортшыларымыз Көшпенділер ойындарында жақсы өнер көрсетті. Жалпы, қандай спорт түрінен болсын, Қазақстанның бүкіл әлемге спорт державасы ретінде таныла бастағаны рас қой. Енді мына ұлттық спортта да қазақ спортшылары озық шықты. Командалық есепте екінші орынды жеңіп алды.  Қоржынымызды алтын, күміс, қола медальмен толтырып қайтқан барлық спортшыларға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп бастады өз сөзін Б.Тілеухан.

    Сондай-ақ, ұлттық спорттың басшысы Көшпенділер ойындары барысында жұрт назарын ең көп аударған көкпар ойыны туралы журналистер қойған сұрақтарға толық жауап берді. Ол бұған дейін қазақ көкпаршыларының түрлі жарыстардағы финалда қырғыз көкпаршыларын айқын басымдықпен ұтқанын, Астанада өткен нағыз екі ірі халықаралық жарыста қазақ көкпаршыларының ешқайсысы қырғыз командасынан жеңілмегенін атап өтті. Одан кейін Б.Тілеухан «осы жолы Қазақстан командасы өзбектерден қалай жеңілді?» деген сауалға былай деді:

    –Біз көкпардың білікті бапкерлері мен мамандарының кеңесімен жас көкпаршыларымызды халықаралық жарыста бір сынап көруді ұйғардық. Сол себепті,   Қырғызстанда ойнаған Қазақстанның жастар командасы. Бұл үлкен спортта бұрыннан бар тәжірибе. Біз Көшпенділер ойындарына көкпардан жастар командасын жіберіп, олар да пісе берсін, олар да  тәжірибесін жетілдіре берсін деп едік. Осы бір мақсатымыз орындалды. Барды. Ойнады.

    Жалпы, әр жарыста тек алтын медаль иелене беру шарт емес қой. Қола медаль да осал жүлде емес. Оған шамданатын не бар? «Азияда масқара болдық, анау болды, мынау болды» дегендермен мен еш келіспеймін.  Жас көкпаршыларымыз өте жақсы деңгейде ойнады. 12 команда арасынан үшінші орынды иеленді. Біздің жастарымыз қарсыластарын тас-талқанын шығарып жеңді ғой. Өзбектің жасы отыздан асқан ойыншыларымен иық тіресіп ойнады. Қайта бұған бөркіңді аспанға атып қуану керек емес пе? Біздің 19-20 жастағы жас жігіттеріміз басқа мемлекеттердің тісқаққан көкпаршыларынан басым түсіп тұрған жоқ па?

    Мен «Көкпар командамыз ұтылды, қола медаль алып қалды» деп шулайтындарды түсінбеймін. Спорттың тарихына қараңыз, жеңілмеген кім бар? Жеңіліп, есеңгіреп тұрған боксшыға жеңісті беріп кеп жібергенде, кезіндегі атақты боксшы Левиттің сол сәтте қалың жанкүйерге қаратып «Т-с-сс!» деп ескерту жасағаны жер жаһанға тарап кеткен. Сол сияқты бізге де бұл тұста бір-бірімізге «Т-с-сс!» деп, сабыр қылғаннан басқа амал жоқ. Бұл – спорт қой. Спортта бәрі де болады, – деді Б.Тілеухан ағынан жарылып.

    Сонымен қатар, Бекболат Тілеухан Көшпенділер ойындарында халықаралық көкпар ережесінің сақталмауы, қырғыз тарапы көкпарды ережеге сәйкес шеңберге ойнамай, алаңға қазандық орнатып, басқа ел ойыншыларына қолайсыздық жасағаны туралы, қазақ көкпарының отымен кіріп, күлімен шыққан  азаматтардың  еңбектері жайлы сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Соның бірі «Халық сізден Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенттігінен кетуді талап етсе, орныңызды босатуға дайынсыз ба?» деген сұраққа Бекболат Тілеухан еш ойланбай кететінін айтты.

    –Мына адам сенің орныңа қызмет атқарады десе, қазір босатып беруге дайынмын. Міне, халықтың алдында отырмын ғой. Осы жаңалықтарды 18 млн адам көріп отыр. Қазір-ақ орнымды босатуға дайынмын. Мен өз міндетімді атқардым деп ойлаймын, – деді ол.

    Осы орайда ол өзіне дейін ұлттық спортқа қызмет еткен жігіттердің көбіне ризашылығын білдіріп, қазір жасалып жатқан жұмыстардың көбі солардың еңбегінің жемісі екенін айтты.

    –Сондықтан бұл жерде мен атақ үшін, болмаса басқа үшін отырған жоқпын. Кез келген уақытта, орныңа басқа адам отырады деп алып тастаса да ренжімеймін. Бірақ, көкпар мен аударыспақтың, жалпы ұлттық спорт дегеннің не екенін түсінбейтін біреулердің аяқ астынан ұлттық спорттың жанашыры бола қалғаны таңқалдырады, – деді Мәжіліс депутаты.

    Осыдан кейін ол дәстүрлі «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің өтетін уақыты туралы сұраққа жауап беріп, оның биыл болмайтынын, жарыстың келесі жылы болатынын айтты. Сол үшін атбегілерден кешірім сұрады.

    –Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне қатысты айтар болсам, «Ақ жол» партиясы үлкен жарыс өткізетін болып, оған ақша бөлініп, соған қарай ойысамыз деп отырғанда, түрлі себептерге байланысты ол өтпейтін болып қалды. Оған бөлінген қаржыны «Алтын тұлпарға» бейімдейміз дегенде, мемлекеттік сатып алулардан кедергі болып, сонымен, қаражаттың орынды жоспарланбауының кесірінен «Алтын тұлпар» биылғы жылы болмайтын болды, – деді Бекболат Тілеухан.

    Оның айтуынша, «Алтын тұлпар» аламаны екі жылда бір рет болады. «Кейбір атбегілеріміздің тарапынан екі жылда бір рет өтіп тұрса деген ұсыныстар да болды. Сондықтан келесі жылы амандық болса, өтетіні анық. Ал биылға жағдай осындай болды», – деді ол. Осыған байланысты залда отырған тілшілердің бірі «Жыл бойы «Алтын тұлпарға» арнап ат баптап, онысын басқа бәйгелерге салмай, аламанды күткен атбегілердің еңбегі, аттың обалы не болады»? деген сұрақ қойды. Оған да Б.Тілеухан атбегілерден кешірім сұрап, қолдан келмей қалған дүниеге кешіріммен қарауды өтінді.

    Кездесуде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қазақстан командасының аударыспақтан екінші орын алғанын да жан-жақты түсіндірді.

    –Аударыспаққа біздің ең мықты балуандарымыз барды. Бәрі де Азияның чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. Бес салмақ бойынша бесеуі де финалға жетті. Сөйтіп, бесеуінің де финалда қатарынан жеңілгені кім-кімнің де күмәнін туғызбай тұрмайды ғой. Бұған дейін жауырындары жер иіскемеген, жекпе-жекте бірнеше жыл бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Біржан Қосалиевтің, Сырым Ізбасаровтың, биылғы Азия чемпиондары Арман Сағынбаев пен Азамат Серғазиндердің, Ерназар Байғоновтың ұтылғаны елеусіз қалдыра салатын жағдай емес қой. Біржанды қарсыласы атпен қағып құлатқан. Сырым басынан қатты соққы алып, аяғынан да жарқаттанып, сол жерден ауруханаға жөнелтілген. Әрине, «протестік» хат жазылды. Жасыратыны жоқ, төрешілер тарапынан жіберілген бұра тартушылықтың, аздаған әділетсіздіктердің жасалғаны рас. Бірақ, аталарымыздың «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегендей, енді жарыс өтіп кеткен соң оның өзі бір өнбейтін дау сияқты нәрсе ғой. Мұндай әділетсіздіктер басқасы басқа, Олимпиадалық ойындарда да болған, – деді Бекболат Тілеухан.

    Жиын соңында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті көкпар айналысындағы дау туралы айта келіп, отандық спортшыларды сынаған әлеуметтік желі қолданушыларына қатысты пікір білдірді. Ол Фейсбукте әркімнің ойына келгенін айта беруге қақы бар екенін, әр адамның жазбасы, сөзі оның ой-өрісін, дүниетанымын, мінезі мен сана-сезімін білдіретінін айтып, ұлттық спорттың иісі мұрнына бармайтын кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының пікірімен келіспейтінін, ал ұлттық ойындарымызды қарап, соған қызығушылық танытып, оның жетістіктеріне қуанып, кемшіліктеріне сын айтатын адамдардың сөзіне әрқашан құлақ асатынын жеткізді. Осыған байланысты ол соңғы кездері әлеуметтік желіде «Ұлттық спортқа 200 млн АҚШ доллары берілді», «Қазақ көкпаршылары өзбектерден жеңіліп, масқара болды» деген және басқа да ең көп таралған жалған сөздерге жауап қайтарып, мән-жайды түсіндіріп берді. Ол ұлттық спортқа 200 млн АҚШ доллары емес, 200 млн теңгенің берілетінін, соның 40 пайызы жүлде қорына бөлінетінін айтты. «Ұлттық спорт – арзан спорт емес. Ол көп ақшаны қажет ететін спорт. Мысалы, ат спортын алсақ, аттарды баптауға, олардың жем-шөбін дайындаудың өзіне ақша кетеді», деді Б.Тілеухан. Ал «қазақ көкпаршыларының өзбектерден жеңіліп, масқара болды» және соған ұқсас жалаң сөздер мен айыптауларға қатысты Мәжіліс депутаты былай деп жиынды қорытындылады.

    –Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Үнемі жеңіс бола бермейді. Егер Көшпенділер ойындарына көкпардан ересектер құрамасын жібергенде жеңетін едік. Біз жастарды жібердік. Солар барсын, білсін, бақ сынасып көрсін дедік. Мен бұл туралы баспасөз мәслихатының басында айттым. Жалпы, біздің негізгі мақсатымыз — жарыстарды әділ өткізу, төрешілердің әділ болуы. Біздің көкпаршылар Көшпенділер ойындарында осы мақсаттан тайған жоқ. Сондықтан әлеуметтік желіде негізсіз айтылған айыптаулармен еш келіспейтін. Егер басқа елдер Қазақстанға келіп ойнаса,  жамбышыңыз болсын, аударыспағыңыз бен көкпаршыңыз болсын, әділдіктен бір сантиметр, бір миллиметр таймай ойнайды. Ал өзбектерден жеңілсек, одан шу шығарудың қажеті жоқ деймін. Өзбекстан – спорттық держава. Оларда да көкпар дамыған.  Қайта біздің 19-20 жастағы жас жігіттеріміздің өзбектің 30-дағы жігіттерімен иық теңестіріп ойнағанына қуану керек қой. Осыдан біздің жігіттер сабақ алып, келесі жолы жеңсін деп тілейік. Бұл – спорт. Ал спортта бәрі де болады, — деді ол.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *