• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Қайрат» тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық турниріне шықты (ВИДЕО)

    Бүгін ару қала Алматы ғана емес, бүкіл қазақ даласы «Қайрат» футбол клубы үшін бөркін аспанға атып, қуанып жатыр.

    Осыдан сәл ғана уақыт бұрын Алматының теңбіл доп командасы Шотландияның «Селтик» жасағын пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіп, тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық турниріне шықты.

    Бұған дейін осыдан 10 жыл бұрын «Астана» клубы Чемпиондар лигасының топтық турнирінде ойнаған болатын. Енді міне, «Қайрат» дүрмекті доданың негізгі кезеңіне жолдама алған екінші отандық команда болып отыр.

    Бүгінгі матчта «Қайрат» барын салып ойнады. Ойыншылар 120 минут шаршағанына қарамастан аяққа тұрып берді. Ал команданың қақпашысы Темірлан Анарбеков тіптен жарады. Ол пенальти сериясында қарсыластың қақпаға тепкен үш добын қайтарып, «Қайратқа» жеңіс сыйлады. Иә, иә, жеңіс сыйлады десек артық айтқандығымыз емес. Себебі, мұндай сын сағатта команданың жеңісі көбінесе қақпашыға байланысты болады. Кезінде атақты жаттықтырушы Валерий Лобановский: «Есть матчи которые выигрывают вратари», деген еді. Соның сөзі – рас сөз. «Қақпашылар ғана жеңетін ойындар болады», дегені ғой.

    Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, бүгін барлық қазақ жанкүйері «Қайрат» үшін ішкен асын жерге қойып, екі сағаттан астам уақыт бүкіл жан дүниесімен болысып отырды.  Осы ниет, тілек қабыл болып, қазақтың аңыз командасы жеңіске жетті!

    Қуан, қазақ! Енді Алатаудың баурайында жатқан ару қаламыз Алматыға Еуропаның мықты командалары келеді. Алматы футбол тойына айналады.

    Еске салоа кетсек, осыған дейін «Қайрат» Чемпиондар лигасының алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командасын жеңген болатын. Содан кейін Шотландияның «Селтик» клубымен жасыл алаңға шықты. Ал қазір Алматыда той!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *