Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарысқа қатысып жүрген Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымда чемпионаттан тыс қалды, деп хабарлады Kazinform агенттігі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, допты хоккей олимпиадалық спорт түрлері тізіміне кірмеген. Сол себепті басым бағыттағы спорт түрі болып есептелмейді.
— Дегенмен 2025 жылы облыстық бюджеттен 61 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қосымша іссапар шығындарына 27 млн теңге берілді. Соңғы маусымда команда Ресейдің Кемерово қаласында өткізілген финалдық турнирге қатысып, онда 9-орынға ие болды. Бүкілресейлік жарыстағы соңғы нәтижелерін ескере отырып, қаржы жаңа маусымда тек Қазақстан аумағында өткізілетін чемпионаттарға қатысуға қарастырылады. Сонымен қатар допты хоккейден спортшылар мен бапкерлерді шетелге іссапарға жіберу үшін жеке инвесторларды тарту мақсатында «ҚПО б.в.», «Жайықмұнай» сияқты ірі компанияларға өтінішхат жіберілді, — делінген хабарламада.
«Ақжайық» допты хоккей клубының бас жаттықтырушысы Николай Шавалдин командаға қаржы бөлінбегенін растады.
Іргесі қаланғанына алдағы жылы жарты ғасыр толатын «Ақжайық» допты хоккейден Қазақстандағы жалғыз кәсіби клуб болып есептеледі.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары